Елімізде 125 мың адам колледжге грантқа түсті

2018
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда колледжде білім алушылар саны артқан. Оның себебі, Президенттің тапсырмасы аясында 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтардың үлесіне берілуі. Сондықтанда бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру үрдісіне басымдық берілуде.

 Мәселен, биылғы жылы дәл осы бағытта 183 мыңнан астам адам оқуға түскен, олардың 125 мыңы грант иегері атанған жайы бар. Ресми деректер, бұл рекордтық көрсеткіш екенін көрсетуде. Өйткені, бұл сандар былтырғымен салыстырғанда 45 мыңға артық.

Жас түлектердің жартысынан көбі білім беру, құрылыс, туризм, инженерия және қонақ үй ісі мамандығын меңгеруге құлық танытқан.

Грантқа түсушілердің санының күрт артуы квоталар тізімінің кеңейтілуімен тікелей байланысты.  Тарқатар болсақ, үш жылдан бері көпбалалы отбасылар санатындағы жан ұядан шыққан балалар үшін 5 % сондай-ақ, толық емес отбасы мен ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін 1% квота қосылды.

«Талаптыға нұр жауар», демекші ынталы білімгердің оқуына кедергі жоқ.  Оның айқын дәлелі, биылғы жылғы  құжат тапсырудағы ерекшелік.  Бұл жолы оқуға тапсырушы жан құжаттарын бірден 4 бірдей колледжді таңдауға мүмкіндік алды.

Тегін оқудың санының артуының тағы бір себебі, мемлекеттік тапсырыстың талапкердің таңдауына қарай берілуі.  Білім саласындағы жаңаша механизм «ақша студенттің соңынан ереді» қағидаты бойынша 2021 жылы білім берудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында министрліктің тапсырмасының арқасында жүзеге асты.

Осылайша, талапкердің таңдауы мен талабы ескерілді. Сәйкесінше, қазынадағы қаржы қажетті жеріне жұмсалып, түлекті түлетуге бағытталып отыр.

 

 

Пікірлер