"Мәт аға" атанған Жұмат Шанин туралы айтар болсақ...

4727
Adyrna.kz Telegram

Осы қыркүйек айының жетінші жұлдызында Қазыбек би және Д. Қонаев көшелерінің қиылысында тұрған ғимаратқа қазақтың театрының негізін қалаушы Жұмат Шанинге арналған ескерткіш тақта орнатылды. Бұл жиында белгілі тұлғалар Асанәлі Әшімұлы, Дулат Исабекұлы тағы басқалар сөз сөйледі.Жұмат Шаниннің тікелей ұрпағы Жанат Қасымханқызы Шанина қуанышты жаңалығымен бөліскеніне риза болып ескерткіш тақтаның ашылуына бардым. Сол жерде қазақтың  ұлы тұлғасы туралы ойландым."Мәт аға" атанған қазақтың біртуар ұлы туралы не білемін деген сұраққа жауап іздедім.

Шанин кім болған деген сұраққа бір сөзбен жауап беру өте қиын. Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы, балалық шағымда театрға ертіп барып жүрген кездерінен білетін, осы есім иесі туралы менің де білетінім аз еді. Бір күні жазушы Мұхтар Әуезұлының «Қараш-Қараш оқиғасы» атты шығармасының желісі бойынша қырғыз бауырларымыз түсірген, басты кейіпкерін атақты Сүйменқұл Чоқмор сомдаған фильмді тамашаладық. Сонда әкем тілмашты ойнаған артис туралы: «Халық жауы деп жала жабылып атылған Жұмат Шаниннің інісі» дегені есімде мықты сақталып қалды. Кейін білдім, кинодағы сол артис Қасымхан Шанин Шымкент театрында істеген Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Ақыш Шаниннің ұлы екен. Қ.Шанин де Шымкент театрының режиссері болыпты.

Жұмат Шаниндей бір аяулы азамат туралы әр кезде кейбір басылымдарда үзік-үзік мәлімет кездестіріп жүргенім болмаса мардымды, толыққанды дүниелер кездесе қоймады. Әрине, еліміздің егемендігін жақындатып осындай ұлтжандығы үшін атылып кеткен кесек тұлғалар ұмыт болмас үшін насихат жұмысын үзбей жүргізіп отыруы тікелей міндеті саналатын «ОҚО саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің» директоры ғалым болмаса да өлең, естеліктер жазып жүргендіктен өзі, немесе соның қол астындағы ғылыми қызметкерлері Жұмат Шанин туралы жазса болар еді.

Сонымен Жұмат Шанин туралы не білесіз? «Ол – қазақтың драма, опера артистерінің алғашқы буынының ұстазы, актер, театр сыншысы, музыкант, драматург» деп белгілі ғалым, профессор Рымғали Нұрғали ағам өте дұрыс жазған.

Жұмат Шанин 1822 жылы кіндік қаны тамған жер Желтау деген таудың бауырындағы Қаратал қыстауында атақты Баянауыл өңірінде. Ағасы Толыбай, қарындастары Тоқбала, Жәмилә және Шана әкелері Қожамбердіден қалған малмен күнелтеді. «Дүние көздің құрты» деген ғой, Толыбай мінезі жуас інісі Шананы шеттетіпті. Содан ол ұзақ уақыт жанұя құра алмай малдың соңында жүріпті. Сонымен Толыбай – Шана арасындағы ағайын тартыс біраз жерге барған ұқсайды.

Сақайып барып үйленген Шананың жұбайы көз ашқаннан тұрмыстың ауыртпалығы не екенін білген, аштық-тоқтықтың не екенін көріп өскен Қырмызы ес десе есі бар, көрік десе көркі бар ақылды әйел болыпты. Уақыт келе көпшіліктің көңілінен шығып жасы ұлғайғанда «Үлкен бәйбіше» атанған.

Шана мен Қырмызы тату-тәтті өмір сүріп Мұстафа, Құрманбай, Тұрғынбай. Жүргінбай, Нұршекей деген бес ұл көрген. Өсе келе бұл балалар бірінен-бірі өткен шебер, өнерлі болыпты. Құрманбайы ұзақ-ұзақ халық жырларын жатқа айтып, шешендік дауларды, биліктің көптеген қалтарыстарын ажырата алатын көкірегі ояу, алдына келгенге сөзін тыңдатқан шешен бола біліпті. Жұматтың әкесі Тұрғынбай болса денесі берік сүйекті, қайратты, мінезі тік, әділдікті жақсы көретін адам болған.  Сондықтан да болар, Шананың ұрпақтарының біріншісі болып Шөптікөл деген жерде ашылған шахтаға осы Тұрғынбай түсіпті. Белден саз, су кешіп жүріп бала-шағасын асыраған әкесінің бұл халі бала Жұматтың есінде мықтап сақталып қалады. Қиыншылыққа толы тіршіліктен арылсақ деген бала арманы осылайша пайда болады. Дегенмен бұл өте ұзақ жол екенін бала Жұмат ол кезде білген жоқ.

Ауыл молдасынан хат таныған Жұмат атақты Қоянды жәрмеңкесіне алғаш рет апарған атасы екен. Содан жыл сайын жаз шығып жәрмеңке ашылысымен бала Жұмат жәрмеңкеге апарыңдар, деп қиғылық салады, немесе басқаларға өзі ілесіп кететін болған. Қай жерде ән, қай жерде батыр, палуан өнері, бәйге – Жұматты сол жерден табуға болады екен.

Әкесі Тұрғынбай еті тірі, көшелі кіс болғанмен ән-күйге, домбыра тартуға қырсыздау болыпты. Есесіне анасы Қалияның төркіні ән-күй десе ішкен асын жерге қоятындардан екен. Кішкене жиеніне домбыра тартып, ән шырқауды нағашысы Алтыбай үйретіпті. Баласының қара жұмыстан көрі өнерге ыңғайы барын байқаған әкесі Жұматты оқытсам деп байлау жасайды. Омбыға апарып ағаш сатып жүргендерінде орыс тілін де үйреніп алған зерек Жұмат 1913 жылы кен іздеу жұмысына орналасады. Содан соң білім іздеп Омбыға келеді. «Омбы көк соққан қала. Ағашы жоқ. Тұттай жалаңаш. Жазда аптап ыстық тынысыңызды тарылтып, құмды дауыл тұрса, қыста ақ түтек боран. Табиғаты құрдым қала» - деп Федор Достоевский суреттеген қала болашақ ұлы тұлғаның тынысын тарылта алған жоқ.

Белгілі әнші Ермек Серкебайдың әкесі Бекмұхамед ағаның естелігі: «Жұматтың менен үш-төрт жас үлкендігі бар еді. Сергек, жинақы, жұмыстан қолы босаса айналдыратыны кітап. Менің таңқалғаным әңгіме кітап емес, оқиғаны көбінесе, пьеса кітаптар болуы еді». Бұл Жұмат Шаниннің өзінің өмірлік жолын іздеуінің бас кезеңі болатын. Иә, арманға қол жеткізер жол ұзақ...

Азды-көпті білім алған Жұмат 1916 жылы қара тізімге ілініп майданға барады: «Осы офицерлер тарапынан мен жемеген таяқ жоқ. Апталар бойы зындандай құлазыған суық карцерде жападан-жалғыз азап шектім. Денсаулығым сонда құрыды». Бұл Ж.Шаниннің 1928 жылы жазған өмірбаянынан үзінді. Ұлы адамдардың басынан небір тірліктер өтеді. Майданнан оралған Жұмат жұмыс іздеп «Сарыарқа» газетіне мынадай хабарландыру беріпті: «Орын іздеймін: счетовод (бухгалтер). Керек қылған сауда конторына барамын. Қазақ тілімен де есеп кітап жүргізе аламын. Жол шығыны алдырушы есебінен. Жалақымды керек қылған кісі, қанша беретінін айтып жазсын». Бұл хабарландыру газеттің

1917 жылғы 5 күнгі санында жарық көреді. Кездейсоқ па, Тәңірдің құдыреті ме кім білсін, осы газетте дәл сол күні қазақтың тағы бір болашақ нартұлғасы Мұхтар Әуезұлының «Адам негізі - әйел» атты мақаласы жарық көріпті.

Содан Ж.Шанин Қарқаралы қаласына келіп қызметке орналасады. Осында кейін қазақ театр өнерінің тұңғыш артистерінің бірі болған, адал жары, небір ауыртпалықты бірге көтеріскен батыр жүректі қосағы – Жанбикені табады. Иә, небір ауыртпалық демекші... Елубай Өмірзақтың мына естелігі кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық: «1927 жылы қысқа қарай бізді Москваға концертке шақырды. Осы сапарда Жанбике мен Жұматтың жасаған азаматтық бір ірілігін айтпай кетуге болмайды. Жанбикенің емшектегі алты айлық баласы жолда науқастанып, Москваға жетпей қайтыс болды. Жұмекеңе бұл қаза қатты батты. Бірақ сыр білдірген жоқ. Купесіне барып бәріміз көңіл айттық. Жанбике еңіреп жылап отыр... Жұмекең ер көңілді адам еді. Жеке басының қайғысына беріліп кетпей, бара жатқан шаруамыздың тағдырына кесел тимеу жағын ойлап отыр.

  • Мына баланың жолда қайтқанын сезсе, Москваға жібермейді. Дәл жібергеннің

өзінде де қанша уақыт ұстайды. Ал, концертті кейінге қалдыруға тағы болмайды. Бұл концерт жеке басымыздың ғана емес, халқымыздың абыройы үшін керек. Не істейміз? – деп бізбен ақылдасты. «Атқа жеңіл» дегендей Құрманбек (Қ.Жандарбекұлы – Шымкентте Ғани Мұратбайұлының ескерткішіне қаражат жинау үшін 100 ән орындаймын деп концерт берген әнші, артист – Б.О.) екеуміз бармыз.

  • Құрмаш екеуміз баламен бір станцияда қалып қойып, кейін барайық, - дедім

мен.

  • Жоқ болмайды.

Жұмекең Қазақстанның Москвадағы Тұрақты өкіліне телеграмма берген екен, қарсы алды. Тәуекелге бел байлап, дегенмен баланың сүйегін Москваға жеткізгенбіз, жолда көмуге қимай.

Жанбике, Жұмат, Құрманбек, мен бәріміз Қазпредке келдік (Қазақстан өкілдігі – Б.О.). Келгесін, баланы арулап, салқын жерге қойдық. Ертемен өкіл машинасын жіберді. «Осында татар зираты бар, шофер біледі», - деген. Соған барып, күзетшімен сөйлесіп, дайын қабірді жалдап, сәбиді көмдік-ау. Бірақ көп кешіктік. Үлкен болсын, бала болсын, адамның өлуі оңай, жерлеуі қиын ғой...

Жолшыбай соншама ауыр қазаға ұшырап, соншама қасірет шегіп, қабырғамыздың қайысқанына қарамастан концертке жанымызды салдық. Сол жолы әсіресе, Жұмат пен Жанбикеге риза болмаған, ерлігіне сүйсініп көздеріне жас алмаған адам жоқ».

Бұл елім деп өмір сүрген Жұмат Шаниннің өмір кітабының бір ғана беті. Осындай аптал азаматқа замандастары өздерінің бағасын да берген екен. Ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбай «Қазақстанның ұлт театры туралы» мақаласында: «Қазірде ұлт труппасының басында Жұмат сияқты театр жұмысын шын сүйетін, қалам өнеріне де шебер, қажырлы азаматымыз отыр. Бұл да ұлт театрының келешекте түзу жолмен жүріп, тез өркендеуіне сенім болуға жарайды» - деп жазған.

Қаз-қаз басқан қазақ театрының тарихында бүгінгі артистерінің өздері сене қоймайтын жағдайлардың болғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін.

Елубай Өмірзақтың тағы бір естелігі: «Қарагөзді» көрген халық еңіреп жылап отырушы еді. Жүректің терең тамырынан, режиссердің қолынан, соның ұста көрігінен өтіп, соның жүрек отында суарылғаннан соң жұрттың не жанын қалдырсын. Спектакль түн ортасынан ауа аяқталса да көрген халық: «Біз жыладық, Жұмеке, енді сізден өтініш, жылатқан өзіңіз, көңіл көтерейік, Әміре мен Исаны сахнаға шығарыңызшы,» - деп тапжылмай отырып алатыны содан болар. Жұмекең жүгіріп бізге келеді.

  • Ойбай-ай, не қылам? «Қарагөздің» артынан қандай концерт беруге болады? –

деп абыржып жүргені.

  • Қайтесің, жұрттың көңілін қалдырма. Шығар Сарыауызбен Тазшаны! – дейтін

Қаллеки (Қалибек Қуанышбайұлы – Б.О.). Спектакльді көрген халық сөйтіп тағы бір жарым-екі сағат концерт тыңдайтын. Ол кезде осы күнгі кейбір труппалардай: «Шартымызда концерт көрсетілмеген, қосымша төлемесеңдер өлең де айтпаймыз, домбыра да тартпаймыз, жұмыс сағатымыз бітіп қалды», - деп кету жоқ».

Жұмат Шанин шынында да керемет жан болған. Сондықтан да бұл кісіні көпшілік сыйлайтын. Қазақтың тағы бір дарынды ұлы Қапан Бадыр: «Біз оны «Жұмеке» демей «Мәтаға» деп атайтұғынбыз. Өмірі ешкімге көңіл қалдырып сөйлемейтін, сабырлы да салмақты, Шымкеақылы дария ағаны сыйламайтын кісі жоқтай көрінетін».

Жұмат Тұрғынбайұлы өте еңбекқор жан болған. Қазақ тетар өнетін қалыптастырудағы оның еңбегін жоқтан бар жасаған деп бағалауға әбден лайық. Ұйымдастыру жұмысы, дайындық жасау, бәрін былай қойғанның өзінде Жұмат Шанниннің жазушылық өнеріне уақыт таба білгені таңқалдырады. Ол кісі жазған пьесалар: «Айдарбек», «Арқалық батыр», «Жанды сурет», «Қара құлын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Шахта». Драматург Ж. Шаниннің қаламынан шыққан пьесалардың үздігі «Арқалық батыр» қазақ тетарының балаң шағында қойылған ірі спектакльдердің бірі болды. «Арқалық батыр» сол жыдары үш жүзге жуық рет қойылған.

Ал енді ол кісі жазған мақалалар болса да бір төбе: «Алпыс – алтыға тең», «Әнші Әміре қайтыс болды», «Дариға», «Қазақтың мемлекеттік театры», «Қазақ ұлт тетары артистері жол үстінде», «Қазақстан мемлекеттік театрының жұмысы туралы», «Қазақстан ұлт театрының жазғы саяхаты», «Мемлекет театры жұмысшылар арасында», «Театрдың қысқаша тарихы», «Текспен жұмыс істеу керек», «Театр майданында»  Қазіргі театр қызметкерлерінің құлағына алтын сырға, бүгінде бұндай жанкештілік танытатын адамдар жоқ десе де болады.

1938 жылы қаза халқының қаймақтарының барлығын КСРО басшылығы атқанда, бұл қара тізімге Жұмат Шанинде ілікті. Оның көзін көргендер Жұмат Шанин нақақатан-нақақ атылда, деп айтуға батылы жетпеді. Дегенмен ол туралы естеліктер жазып қалдырды. Жұмат Шанин туралы білгісі келгендер, әсіресе осы дара тұлғаның есімін иеленген шымкенттегі облыстық драма театрының артистеріне Жұмат Шаниннің өмірбаянын білу ең бірініші парыз.

«Құрметті дос, келешекте ұрпағыңыз сізді әңгіме етпей қоймайды. Сіз, сеніңіз маған, өзіңіз туралы халқыңыз әңгіме етіп, аузынан тастамайтындай тамаша мұра қалдырдыңыз. Қоғамдық өмірдегі алған бағытында бүтін бір халық үшін пионер (алғашқы – Б.О.) болу әркімнің қолынан келе бермейді. Демек, сізден соңғылардың ондай мүмкіндігі жоқ. Олар тек сіз бастаған істі дамытып алға апарушылардың қатарында қалады». Бұл қазақтың өр тұлғалы өнер иесі Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин туралы театр өнерінің бүкіл әлем мойындаған сахна қайраткері Константин Станиславскийдің пікірі.

«Қалауын тапса қар жанады» деген дана халқымыз, тағдыры Қазақстан театрының тарихымен, Шымкент қаласымен ажырамастай болған Ж.Шаниннің өмір жолын танытып, насихаттау жұмысы  дұрыс жолға қойылып, осы бір аяулы азамат туралы қаншама зерттеу жұмыстары жазылса да аздық етпейді.

Осы жерде тағы бір нәрсе айтқым келеді. 2006 жылы қаңтардың 5 күні актер Асанәлі Әшімұлы өзінің күнделігіде «Шанин Болат үтіп отыр екен. Жұмат Шанинге көше сұрап, Иманғалиға хат жазыпты. Соған қол қойдым» деп жазыпты. Жұмат Шаниндей азаматтың атына көше сұрап әкімге хат жазғызып қойған өмір-ай десеңші...

Жылдар, жылдар.... Міне, енді ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына да қатыстым. Осы бір қазақ зиялысы туралы көпшілік біліп, есінен шығармай жүрсе деген тілек.

 

Бердалы ОСПАН.

"АДЫРНА" ұлттық порталы.

Пікірлер