Ықылас Ишан кім еді?

6104
Adyrna.kz Telegram

1869- жылы Ресей патшасының қазақтарды түпкілікті отарлау туралы шығарған жаңа заңдары қазақ арасында үлкен дүрбелең туғызды."Жаңа низам", немесе "Ел ауа" көтерлістері қазақ даласына түгел жайылды. Әсіресе,батыс өңірінде көтеріліс өте қарқынды болды. Бұл көтерілістердің басы - қасында,елге белгілі старшындар мен қатар би,сұлтандар,дін өкілдері де болды. Солардың бірі - Ықылас Досұлы (Досмұхаммедұлы) ислам дінінің ірі ғұламаларының бірі.

Ақтөбе облысының Алға ауданының аумағында Елек, Тамды өзендерінің аралығын жайлаған. Ы.Досұлы 1869 жылғы "Ел ауа" көтерілісінің негізгі дем берушісі әрі рухани көсемі болған.
Сол жылдың қаңтар айында, Уфа шәріне барып, сол уақыттағы мүфти Сәлімгерей Тевкелев пен жолыққан екен. Осы сапардан соң енгізілгелі жатқан басқарудың жаңа заңына ашық қарсы шығып,елді бағынбауға шақырып,көтеріліске үндейді. Дінімізден де айырылып қалуымыз мүмкін екенін ескерткен. Елге жазалаушы әскер шығып,қым-қиғаш соғыстың салдарынан ел тым-тырақай жан-жаққа ауа бастаған да Ықылас ишан да ауыл - аймағымен әуелі Үстіртке, кейін Хиуа хандығының аумағына қоныс аударған.  1874-75 жылдары Қожейлі шәрінде өмір сүрген.

Ресей патшасының көтеріліс басшыларының кейбіреулеріне берген кешірімі,Ықылас ишан Досұлына жүрмеген. Сондықтан ол өзінің адамдарымен Османлы жұмхриетіне өтіп кеткен дейді. Түрік сұлтаны қазақ мұхажірлеріне Дамаск маңынан жер бөліп береді. Кейінгі тағдырлары белгісіз. (ҚАЗАҚ КӨТЕРІЛІСТЕРІ Энциклопедиясының -587 беті )

Енді, Хамза Есенжановтың " Жүнісовтер Трагедиясы" романының (Алматы "Жазушы"1990 жыл)229 бетінде 20 ғасырдың басында болған атақты юрист, адвокат Бақытжан сұлтан Қаратаев, сол кездегі советдендіру науқанына қарсылық білдіріп,кеңес өкіметінің қас жауына айналған атақты " банды" Құныскерей Қожақметов туралы айтып отырып, оның атасы Кейкіманның "Ел ауа" көтерілісінің батыры екенін де еске салады.

Б. Қаратаев; "... Құныскерей Қожақметов дейтін атақты"жарты басыңыз " ысық Кейкіман батырдың әулетінен. Кейкіман және Қожақметтің туған әкесі 1869 жылғы"Ел ауа "кезінде, кәдімгі Жем бойындағы"Ал келді " дейтін жердегі патша әскерімен шайқаста қаза тапқан. Қожақмет сол кезде 11 жасар бала. Ал Кейкіманның інісі сол уақиғадан кейін Шора батыр,тана Жалмұқамбет молда, Ишан Досов дейтін адамдар соңына ерген қырық үймен "Тескен тау" өтіп кеткен. "Тескен тауы" түрік жеріндегі бір тау ма қалай. Түркия мемлекетінің рұқсатымен сол қырық үй қазақ сол жылжудан жылжып отырып,Шам шаһарының түбінде орын тебеді. Бөлек ел болып Шам халифасының қарамағына кіреді. Мешіт ұстап, медресе ашып, шаруашылығын шаруалап,қазақтың ескі ғұрпын, салтын сақтаумен қатар қолөнері шеберлігіне де бейімделеді. Алтын, күміс бұйымдар жасайтын зергерлер,кілем тоқитын тоқымашылар шығады,тіпті қазақтың өзі өркендеткен бау,басқұр жасау, кесте тігу, текемет, түскиіз,ши тоқудан өзге де өнершілер пайда болған: қанжар, қылыш,найзаға ұңғы,садаққа жебе соғатын шеберлер де бар екен. Өздері қырық жыл ішінде екі есе өсіп,бір тайпа ел болған. Мұны мен хажыға барып келген ілуде бір ғана қазақ әйелі, Мағрипа Шығаева дейтін кісінің 1908 жылы өз аузынан естідім. Мағрипа ханым Бөкейліктегі Шығай төренің,кәдімгі Нұралы ханның әулеттерінен. Сол кісінің айтуынша, хажыға барған дәулетті адамдардың көбі Шам қаласына және сол жердегі қазақтарға соғып кететін көрінеді. Еркіндік көксеген ел зұлым патшаның құрығынан құтылудың осындай ауыр жолдарын да іздеген. Сөйтіп,11 жасар Қожақмет те өсе келе еркін жүруді көксейтін,түн қатып,түсі қашып жортып,Түркіменнен жылқы айдап алатын өз қатарының алды, батырлығы мен батылдығы бір кісіге әлі келетін күшіне сай болып өсіпті. Осы күні жасы мен шамалас. Гурьев жақта тұрады. Соның баласы ғой Құныскерей дегеніңіз..."

Б. Қаратаев айтқан"жарты бас" Құныскерей атамызға былтыр Орал шәріндегі Чкалов көшесін алып берді. Сұлтан Қаратаев айтқан ишан Досов осы Ықылас Досұлы екендігін де шүбә жоқ! Қайран ерлер өздерінің туған жерлерінен бұтаны паналаған торғай құсап пана таба алмай амалсыз сыртқа кетіп, ұрпақтары сол елге құмға сіңген судай сіңіп кеткені әрине, жанымызға батады. Ел сұраған азаматтардың бастары қосылмаса, әлі талай қиын сынақтардың болары анық!

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ

Пікірлер