Талдықорған жоғары политехникалық колледжі NCCER құрылыс саласындағы ұлттық оқыту және зерттеу орталығында аккредиттелген оқу орталығы мәртебесін алу мақсатында халықаралық салалық бағалаудың үшінші кезеңін аяқтады. Сондай-ақ, білім беру мекемесі Германияның Аға сарапшылар қызметімен бірлесіп ынтымақтастық жобасына қатысуды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Политехникалық колледж ІТ-мамандар даярлауда жақсы нәтижелерге қол жеткізген табысты білім беру мекемесі ретінде танылып отыр. Мысалы, статистикалық деректерге сүйенсек, 2020 жылы ІТ бағыты бойынша колледж түлектерінің 92%-ы жұмысқа орналасса, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 96%-ды құрады. Бұл 2019 жылы ІТ-орталық колледжінің базасында STEM-аймақ, коворкинг орталығы, бейне және фотостудия, Бизнес-инкубатор, WorldSkills жаттығу лагері құрылып, жұмыс көрнекті нәтижесін берді. Мұнда сонымен қатар Cisco және steam желілік академиялары жұмыс істейді. Орталықта студенттерге арналған Web-дизайндеу мен әзірлеу, 3D-модельдеу, CAD платформасында жобалау практикалық сабақтары мен оқыту курстары өткізіледі. Сондай-ақ колледжде жаңа ІТ-технологияларды меңгеруге арналған зертхана жұмыс істейді. Жалпы бүгінде облыс бойынша 59 IT-сынып, 12 STEAM-кабинет, IT-мектеп бар.
Сонымен қатар колледж қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарын ескеріп, құрылыс саласында мамандар даярлауға ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі таңда колледжде құрылыс мамандықтары бойынша 141 студент білім алуда.
Колледж директоры Ерқат Мұқажановтың айтуынша, білім ордасы бүгінде NCCER "Project Supervision" бағдарламасы бойынша Ұлттық оқыту және құрылыс саласындағы зерттеу орталығында аккредиттелген оқу орталығы мәртебесін алу үшін халықаралық салалық бағалаудың үшінші кезеңін аяқтады. Аккредитациядан сәтті өткен жағдайда мекеме құрылыс саласындағы жұмыскерлерді сертификаттауға құқық беретін халықаралық үлгідегі тиісті құжатқа ие болады. Бұл сертификат маман құзыретінің кәсіби стандарттарға, оның ішінде халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкестігін тануға және растауға арналған. Халықаралық салалық аттестаттаудың барлық кезеңдерін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
- Ең басты міндетіміздің бірі - түлектерімізді жұмысқа орналастыру деңгейін арттыру, олардың білімінің, іскерлігі мен дағдыларының бәсекеге қабілеттілігін көтеру. Сондықтан біз құрылыс мамандықтары бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден өтуге шындап кірістік. Бұл ретте бізге "Талап" КЕАҚ тиісті қолдау көрсетті. Осы сынақтан сәтті өтсек, бұл бізге құрылыс саласындағы жұмысшылардың біліктіліктері бойынша импорт алмастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірте-бірте отандық ірі компанияларға шетелдік мамандарды жұмысқа шақырудың қажеті де болмай қалады. Бұл ретте біздің түлектеріміз қолдарына халықаралық сертификат алып, өздерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар олардың еңбегіне ақы төлеу деңгейі де едәуір артады, демек жыл өткен сайын біз кеңседе жұмыс істейтіндер ғана жақсы ақша таба алады деген стереотипті жеңеміз. Демек, жастар колледжде оқып, қажетті жұмысшы мамандығын меңгеріп, табысты бола алатынын түсіне бастайды, - деп атап өтті Е.Мұқажанов.
Колледж басшысының айтуынша, осы жобаның шеңберінде мекеменің 5 оқытушысы 1-5 тамыз аралығында бірнеше позиция бойынша қысқа мерзімдік курстан өткен. Енді олар NCCER базасында оқытушы, үлгерімді бақылаушы, оқу бағдарламасының инспекторы ретінде тіркелген.
Германияның Аға сарапшылар қызметіне (SES – Senior Experten Service) қатысты айтар болсақ, жоба «ақпараттық техника», «коммуникация құралдары», «құрылыс ісі» салаларына білікті кадр даярлауға байланысты мәселелерге сараптамалық қолдау көрсетуге арналған. SES сарапшылары өз қызметін Азияда, Латын Америкасында, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропада, яғни халықаралық деңгейде жүзеге асырады. Осы аталған елдердің барлығында қоғамдық негізде және сұранысқа қарай олар өздерінің сараптамалық білімдерін, кәсіби тәжірибелері таратады.
Колледж басшылығы жобаға қатысу жергілікті жерлде мекеменің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыруға ықпал ететінін айтады. Қазіргі кезде жобаның басталатын уақыты келісілуде, бұл алдын ала жоспар бойынша биылғы жылдың қазан-қараша айларында болмақ.
Жалпы биылғы оқу жылында Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде 2564 студент білім алды, 5 тамыздағы жағдай бойынша студенттер саны 1529, тағы 680-ге жуық адамды қабылдау жоспарлануда. Білім беру мекемесінің педагогикалық құрамы колледж студенттері мен түлектерге берілген мүмкіндіктер олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына оң әсер ететініне және өңірді заманауи жас білікті кадрлармен қамтамасыз ететініне сенімді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.