Тұрар Сәттарқызы: Ұлтымыз жұтылып кетпесін десек, өз болмысымыздан ажырамайық!

12015
Adyrna.kz Telegram

Елімізде 2021 жылдан бастап  «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы іске қосылып, бірқатар бағыттар қолға алынған еді. Осы ұлттық жобаны іспен көрсетіп, еңселі елордада жүйелі түрде ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ауқымды іс-шараларды өткізіп, қоғам тарапынан оң бағаға ие болып жүрген  "Қара шаңырақ" ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі - тарихшы, журналист, қоғам қайраткері Тұрар Сәттарқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. 

- Тұрар Сәттарқызы, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында мемлекеттік тілді дамыту қолға алынды. «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі осы бағыт бойынша нақты қандай жұмыстар атқаруда?

- Иә, кейінгі кезде қазақ тілін үйренуге деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Қазіргі кездегі әлемдегі геосаяси ахуал Қазақ еліне де өзінше әсер етіп, туған тілінде сөйлегісі келетіндердің  саны еселеп артып жатыр. Сонымен қатар, түрлі жағдаймен елімізге уақытша немесе тұрақты қоныс аударып жатқан өзге этнос өкілдері де қазақ мемлекетінің негізін қалап тұрған титулды ұлтының тілі мен мәдениетін, дүниетанымын тануға деген зор қызығушылық танытып жатқанын әлеуметтік желілерден аңғаруға болады. Өкінішке қарай, оларға ұсына қоятын, сапалы тіл курстары тіпті елордамыздың өзінде аса көп болмай тұр. Осылардың бәрін ескере келе, қазақ тілін үйрететін қарапайым, қолжетімді, сонымен қатар ерекше әдіс-тәсілдер мен қызықты форматтағы жобалар керектігі өте өзекті.

Осы орайда, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі мемлекеттік идеологияның негізі болатын «Бір ел – бір тіл» идеясын насихаттайтын, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларды қайта жаңғыртып, жас ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат тұтқан «QAZAQ alemi» авторлық жобасын жарыққа шығарды.  

Жобаның мақсаты – қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, дүниетанымын «жұмсақ саясат» арқылы дәріптеу. Мемлекет құраушы ұлттың құндылықтары арқылы еліміздегі этникалық топтардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру, тілдің қолдану аясын халықаралық деңгейге шығару.  Мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу, қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында қазақ қоғамының ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру. Заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, YouTube, Facebook,  Telegram) және БАҚ ақпараттық-танымдық сайттарда қазақ халқының мәдени-тарихи мұрасын түсінікті әрі қызықты тәсілмен дәріптеп, көрсету арқылы «Қазақ тілді контентті» қолға алып, дамыту үстіндеміз.

«QAZAQ alemi» жобасы бүгінде Елордамыздағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының коворкинг орталығы негізінде жүргізіліп келеді. Жаз шыққалы «Сарыжайлау» этноауылымыз негізінде де сабақтарымызды өткіздік. Ұлттық құндылықтар, тарих, этнография, мәдениет салаларын қамтыған «QAZAQ alemi» сабақтары қала тұрғындары арасында үлкен қызығушылық тудырып келеді.

Сонымен қатар, Тілді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасы қаланың бірқатар мектептері мен балабақшаларында ұлттық құндылықты насихаттау жолымен ана тілімізге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатындағы «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» семинары, «Тәуелсіздік – асыл қазынам», «Ана көрген тон пішер» ұлттық қолөнерден шеберлік сыныптарын, «Менің отбасымдағы Наурыз», «Ұрпақ. Мектеп. Қоғам», «Толағай» отбасылық сайысы, «Өнегелі ата-ана – өнегелі ұрпақ» ата-аналармен рухани-танымдық кездесулер (дөңгелек үстел), «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» шеберлік сыныбы «Біз – бақытты отбасы» Спорттық мерекесін, «Жүрек жылуы» ата-аналарға тренинг, Ұлттық құндылық айлығы аясында ұлттық бас киім түрлері, оның құндылығын дәріптеу мақсатында «Тақияның өзге бас киімнен ерекшелігі» тақия тігуден шеберлік сағаттарын, «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен». Жасөспірімдер арасында белең алған электрондық темекі, бейәдеп әрекеттерден аулақ болуға үндейтін дәрістер, ЖаҺандану заманында белең алған жастарды ұлттық құндылық негізі туралы түсінік қалыптастыруға бағытталған «Мағжан сенген жастар» тақырыбында Мағжантанушымен кездесу, «Көргенді келін, есті ене» ене мен келіндер сайысын, Мамандық таңдау,  ҰБТ-ға дайындық (психолог, бірнеше мамандық иесін шақыру) семинарын, «Қазақ тілі – бірлік тілі» «Нағыз ер жігітте қандай қасиеттер болу керек?» тұлғамен кездесуді, «Тіл – ұлтың жаны»  дебатын, «Ертегі – ел ертегі» сахналық көрініс конкурсын және т.б. көптеген іс-шараларды ұйымдастырды, атқарды.

 - Бүгінгі күні аға буын мен жастар арасындағы үзіліп қалған ұрпақаралық сабақтастықты қайта жалғау - маңызды мәселеге айналып отыр. Балалар жылы аясында өткізілген іс-шараларға тоқталып өтсеңіз, нәтижесі қалай?

- «Ұят болады, жаман болады, обал болады» деп үш-ақ ауыз сөзбен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген, ғылыми дәрежесі жоқ, бірақ тоқыған, дала академиктері болған ұлы халықтың бүгінгі ұрпағы неге рухани дағдарысты басынан кешуде?! Өкініштісі, ұлт құндылығынан ажыраған, ұрпақ сабақтастығын жоғалтуға шақ қалған көпшілігіміз айналамызда, қоғамда болып жатқан мәселенің тереңіне үңілмей, тек салдарымен ғана күресетін болдық. Түрлі проблемалардың, агрессия мен депрессияның, тілден және ділден, ұлттық құндылықтан безудің, рухани азғындықтың, құлдыраудың себебін іздемейміз. Бұл неге солай болды?,-деп тереңіне үңілмейміз.  Мәселенің түп-тамыры қайдан шықты деп ойланбаймыз.

Сан ғасырлар бойы ұлтты ұлт болып қалыптастырған рухани құндылықтан безіп, өзгенікін жақсы деп, өзіміздікін өгей көріп, өзегінен тебеміз. Әр ұлтты өзіне тән өзінің даму ерекшелігі, өз тарихы, өз болмысы бар екенін ұмыттық. Қазақта «телу» деген сөз бар. Енесі өлген төлді басқа малдың бауырына салады. Мал басында бөтен төлді жақындатпайды, көнбеген соң қараңғыға қамап, төлді бауырына салады. Былайша айтқанда, «өгей төлді» зорлап жақсы көргізеді. Жаһандану заманында сырттан қаншама құндылық біздің ұрпағымызға осылай «зорлап» телініп жатыр Бірақ ол басқаның құндылығы болған соң, бізді шын ниетімен қабылдамайды, ол сырттан телінген. Ондай «өгей» нәрсе түптің-түбінде ұрпағымызды адастырады, ұлт тамырына балта шабады. Қаншама жастың өзін-өзі таппай, діннен, ділден, тілден, құндылықтан безіп жүргені осыған куә?!

Осы тұрғыда қолымыздан келгенше өскелең ұрпақтың тәрбиесімен айналысып, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасы аясында қолымыздан келгенше білім, тәрбие беру мекемелерімен, аналармен жұмыс істеп жүрміз. Бірақ «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», - дегендей, бұл теңізге құйған тамшыдай ғана іс. Атқарар шаруа көп.

Салт-дәстүр –  біздің ұлттық болмысымызды айқындап, жаһандану заманында өз бет-бейнеміз бен қадір-қасиетімізді сақтап қалар жалғыз қалқан. Сондықтан ұрпағымыз ұлттық құндылықты құрметтеуі үшін және ұрпақаралық сабақтастықты көрсететін «Ертегі – ел ертеңі» жобасы аясында бірнеше жылдан бері қала балабақшаларын аралап балдырғандарға ертегі оқып, әрқайсысының болашақ кітапханасының негізі болар ертегі кітап сыйлаймын. «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жұмысы аясында ұлттық мерекелерге орай өнегелік мәні бар сайыстар өткіздік. Мәселен, «Менің отбасымдағы Наурыз», «Ертегі – ел ертеңі» сайыстары, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық ойындар көрсетілген, үш буын өкілі қатысқан «Бабалар аманаты – ұрпаққа мұра» мерекелік іс-шарасы, «Ұрпақ жалғастығы: Баланы ашамайға мінгізу» дәстүрін өткіздік.

Оқу жылында қала мектептерінде «Ұрпақ.Қоғам.Мектеп» жобасы аясында мектеп оқушыларына маман спикерлерді шақырып, рухани-танымдық кездесулер ұйымдастырамыз, этнопедагогикалық тақырыптарда дәрістер оқимыз, іс-шаралар ұйымдастырамыз, ата-аналармен «Өнегелі ата-ана – өнегелі» ұрпақ тақырыбында кеңестер өткіздік.

Маусым айында екі күн бойы «Ұлттық тәрбие – ұлттық рухтың негізі» тақырыбында Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы-этнограф, қоғам қайраткері, қазақы дәстүрді, отбасылық құндылықтарды насихаттаушы Зейнеп Ахметовамен республикалық деңгейде екі күндік кездесу өткіздік. Кездесудің басты мақсаты – тілді, ділді құрметтеу, рухани құндылықтарды, салт-дәстүрді сақтау, отбасылық институттың мәртебесін көтеру, қоғамда болып жатқан ұрпақ тәрбиесіне қатысты келеңсіз оқиғалардың алдын алу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Өскелең ұрпақтың бойында рухани-өнегелік тәрбие сіңіру, ата-аналарға  ұрпақ тәрбиелеуге қажетті ұлттық тәрбие негіздерін беру мақсатында қолымыздан келгенше жұмыс істеп жүрміз. Бірақ бұл «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» ғана жұмыс. Күнделікті жастармен, балалармен, бүлдіршіндермен жұмыс істеп жүрген адам ретінде айтарым, атқарар шаруа өте көп! 30 жылда тек экономика, саясат деп, руханиятты, ұрпақ тәрбиесін уыстан шығарып алыппыз. Енді міне, соның зардабын шегіп жатырмыз.

- Елімізде «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағыты аясында жас қабілет иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Жастарға деген көзқарасыңыз қандай? 

- Қай заманда да аға буын іні буыннан кемшілік іздеп жатады. Өкініштісі кейінгі кезде аға буын жастарға үлгі-өнеге көрсете алмай, іні буынның үддесінен шыға алмай  жүр. Екі буын арасы алшақтап құзға айналғалы қашан?!  Салдарынан жастарымыз өздерін толғандырған көп сауалдардың жауабын таппай, оны біреуі әсіре діннен, тағы бірі Батыс мәдениетінен, енді біреуі емін-еркін өмірден іздеп, адасып жүр.

Отыз жыл бойы адал еңбекпен нан тапқан жандарды емес, жарқ-жұрқ еткен өмірі бар, сансыз «жұлдыз-сымақтарды», жалған коучтарды, араммен семірген бай-сымақтарды мадақтаған, өнеге еткен қоғамда «Мен кіммін, қайдан келдім және қайда барамын? Қазақ қандай болған, қазір қандай және болашағы қандай болмақ?»,-деген сансыз сауал мазалаған, рухани азық іздеген жастарымыздың көбі үлгі тұтар тұлғалардың тапшылығынан «жоғалған буынға» айналып бара жатқанына куәміз. Оны қоғамда болып жатқан жайсыз оқиғалар да көрсетіп отыр.

«Қаңтардағы қанды оқиғадан» кейін билік, қоғам қатты ойлана бастады. Енді жақындасып, ұрпақаралық сабақтастықты қайта жалғайын десе, арадағы алтын көпір жоғалған, оны жалғау, жастардың алдындағы бедел-абыройды қайтару, оларға тіл қату, өзімізді сыйлату, үлкен буын үшін оңай шаруа болмай тұр.

Енді үлкен буынға жастарға қалайша өнеге көрсете аламыз, олардың үлкенге деген, елінің ертеңіне деген сенімін қалай қайтарамыз?,-деген сауалдың төңірегінде ойланатын кез жетті. Жастармен көп кездесемін. Олардың көбінің тілегі аға буын өкілдері өскелең ұрпақ, жастар алдында қандай маңызды рөл атқаратындығын білсе ғой, шіркін?!,-деген ойға саяды. Екі буын арасындағы алтын көпірді жалғау үшін әр ересек адам Ұлт ағасы, Ұлт анасы болуға тырысуы керек. Ісіміз бен әрекетіміз сай болғанда ғана жастарға өнеге бола алатынымызды ұмытпалық.

Отыз жыл бойы ұрандатып, қанша қаражатты желге шашып, өтірік форумдар, конференциялар ұйымдастырып, жалған «жаңғырып» келдік. Енді болмағанда, «қаңғырып» кететіндей жағдайға жеткенімізді енді түсініп жатырмыз. Ұлттық идеологияны қолға алып, ең алдымен, ел ертеңі болар жас ұрпақтың мәселесіне, олардың рухани-өнегелік тәрбиесіне жіті назар аударатын кез жетті. Көзі ашық, көкірегі ояу, саналы, һәм өрелі, еркін ойлы, рухты жастар баршылық, шүкір.

Бірер ай бұрын Қарағанды жастарынан «АРҚА АРЫСТАРЫ» атты пресс-турға арнайы шақырту алдым. Жалпы еліміздің 30-жылдық тарихында мұндай іс-шараның болғаны жайлы естімеппін. Осы тұрғыда жастардың бізді диалогқа шақыруы қуантарлық әрі мақтанарлық жағдай, әрине. Бірақ, бірақ... Аға буын арасынан шақырылғандар саны шектеулі ғана екен. Неге?,-деген сауалыма ұйымдастырушы журналист: "Апай, бүгінгі аға буынның сөзі басқа, ісі басқа. Ал біз, бұл іс-шараға сөзі мен ісі бірдей жандарды шақырдық" деп жауап берді. Қаршадай журналист қыздың бұл сұрағы жүрегімді ауыртты, қатты ойлантты. Бұл қалай? Жастарға өнеге бола алатын аға буын неге азайып кетті?

Біле білсек, бұл жастардың емес, мына біздердің, яғни ата-аналардың, қоғамның, мемлекеттің қасіреті. Қазақ ұрпағы үшін өмір сүретін ұлт. Өміріміздің мәні, отбасының қызығы – ұрпағымыз. Жастарымызға дұрыс тәлім-тәрбие бере алмасақ, оның келешегіне үміт артпай-ақ қоялық. Өкінішке орай, «балам жақсы болсын, қарны тоқ, көйлегі көк болса» болды деп, өскелең ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесін қолдан шығарып алып жатырмыз. Жастардың көбін интернет, сырт тәрбиелеп жатыр. Ата-ананың, қоғамның ұрпақ тәрбиесіндегі міндеті тек осы ғана ма?

Ұл-қыздарымыз ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейді, тастанды жетім балалар, қиын балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, ажырасу, суицид, айта берсек, толып жатыр. Ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарымыздың ахуалы алаңдатарлық күйде. Неге осындай жамандық атаулы көбейіп кетті деп бір сәт ойланып көрелікші?! Тамыры тереңге кеткен бәйтеректің ғұмыры ұзақ па, әлде тамырсыз ағаштың ғұмыры ұзақ па? Сол тәрізді, рухани байлығымызға негізделген, отбасылық құндылықтарымыз, ұлттық тәлім-тәрбиеміздің де тамыры терең, сан ғасырлық тарихы бар.

Балаға біліммен қатар, тәрбие де керек. Жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, қайырымды, өнегелі етіп тәрбиелеу- отбасының, қоғамның, мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті болу керек. Өскен ұясында отбасылық дәстүрден рухани нәр алған, ұлтжандылыққа тәрбиеленген, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін ұрпақ ешқашан жаман нәрсенің жетегінде кетпейді. Әрине, дамыған елдерге ұқсағымыз келеді, бірақ «жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренетін» тұстарын да ұмытпауымыз керек. Ұлтымыз жаһандану заманында жұтылып кетпеу үшін, ұлт болып қалуы үшін қазақ өз болмысынан ажырамауы керек.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер