Қарттар мен мүгедектер үйіне депутаттар да барады

1503

«Ақ жол» партиясының депутаттары, халықпен кездесулерін жалғастыруда. 

2022 жылдың 8 шілдесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық «Қарттар мен мүгедектер үйі» мекемесіне барды.

Бұл мекеме 1965 жылы ашылған. Мекемеде 170 адам паналайды. Мекемеде тұрып жатқандарға 4 мезгіл ыстық тамақ беріледі, арнаулы үйірмелер жұмыс істейді, кітапханасы бар, психологтар қариялармен тығыз жұмыс жасауда. Осы мекемеде «Ақ жол» демократиялық партиясының ең белсенді мүшесі, ең жасы үлкен блогер Мәмбет Құрманбаев өмір сүреді. Бір неше жылдар бойы «Қарттар үйі» Мәмбет ағамыз үшін қара шаңыраққа айналған.

«Қарттар мен мүгедектер үйі» мекемесі Шымкент қаласында орналасқанымен Түркістан облысына қарасты. Бұл мекемеде осы күнге дейін газ мәселесі шешілмеген, қыста көмір жағылады. Осы мәселе бойынша «Қарттар үйінің» әкімшілігі өз тарапынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға хат жолдап, газ мәселесін шешіп беру туралы өтініш жасаған. Өз тарапынан халық қалаулысы ҚР Энергетика министрлігіне және Шымкент қаласының Әкіміне хат жолдаған. Көп ұзамай мәселе оң шешімін тауып «Қарттар үйі» қыста газбен жылытылатын болды. «Қарттар мен мүгедектер үйінің» директоры Шарбат Шырынбекова: “15 жылдан бері газ қосамыз деп, қолымыз жетпей жүр еді. Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның ықпалымен бұл мәселе шешілетін болатын болды. Қазір 3 миллион теңге тұратын техникалық құжаттар тегін жасалынып берілді, тамыз айында газ құбырларын да тегін орнатып беретін болды. Күзге қарай газ да келіп қалады деп жоспарлаудамыз. Парламентте халық сөзін сөйлеп отырған Азат Перуашев бастаған

Ақжолдық депутаттарға Ақ жол тілейміз!” деп шын ризалығын, ақжарма тілегін білдірді.

-“Ақ жол” фракциясы хатын жерде қалдырмаған, әлеуметтік жауапкершілік көрсетіп отырған Энергетика министрлігіне, “Qazaqgaz” бен “ҚазТрансГаз” басшылығына көп рахмет айтамыз. Онда сіздерге құдай қаласа, күзде енді көмірдің емес… газдың шайын ішуге тағы келетін болдық”-деп депутат елді бір күлдірді. Құрбан айт мерекесі қарсаңында қартттардың жағдайын сұрап, құттықтап, мәселенің мәнісін, орындалуын өз көзімен көру үшін келгенін жеткізді. Мекеме директоры Шарбат Шырынбекованы «Ақ жол» ҚДП төрағасы А. Перуашевтың атынан арнайы «Дипломмен», ал Мәмбет Құрманбаевты «Алғыс хатымен» марапаттады.

Кездесу барысында қариялар мен мүгедектер өздерін мазалайтын сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.

Ең бірінші сөйлеген мекеме тұрғыны, ұлты орыс Руслан Романов қазақ тілінде сөйлеген депутат Қазыбек Исаның Мемлекетттік тіл мәселесін көтеріп жүргеніне рахмет айтып, қолдау білдірді. Мемлекеттік тіл мәселесі әлдеқашан шешілетін уақыт болғанын айтты.

Руслан Романовтың қазақша майын тамызып сөйлегеніне риза болған депутат Қазыбек Иса:

-Міне, мемлекеттік тіл мәселесін шешу туралы осында отырған сіздердің осындай ойларыңыз бен бізді қолдауларыңызға көп рахмет, бұл бізге қуат береді. Ал осындай ой отыз жылдан бері жоғарыда отырған біздің биліктегі шеттерінен щетел тілінде сөйлейтін шенеуніктерімізге жетпей жатыр әлі. Қазақша осылай қатырып сөйлеп, үлгі бола беріңіз, біздің мемлекеттік тілде білмесе де, мемлекет қызметінде жүрген министрлер мен әкімдерге!”-деп қатты ризалығын білдірді.

Бір жақсысы бұл мекемедегі өзге ұлт өкілдерінің көбісі мемлекеттік тілде сөйлейді екен!

Одан кейін сөйлегендер де өздерінің зейнетақыларының 70 пайызы мекемеде қалатынын, соны 50 пайызға түсіруін, әйелдердің зейнетақы жасын 58-ге түсіруін, мүгедектерге берілер дәрі-дәрмек пен көлік мәселесінің шешілуі секілді мәселелерді сұрады.

Депутат бұл әлеуметтік мәселелердің “Ақ жол” фракциясында қаралып, үкіметке жіберілетінін айтты.

Жиын соңында Шәрбат Шырынбекова Қазыбек Исаға Қарттар мен мүгедектер үйі атынан Алғыстары ретінде мекеменің тұрғыны Василий Варнаков атты қарт суретшінің майлы бояумен салған Президентіміз Қ.Тоқаевтың портретін сыйға тартты. Разылығын білдірген ақын депутат суретшінің қолын алып, портрет өнер шығармасы ретінде жақсы салынғанын, өйткені өзінің де мамандығы суретші екенін, ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетін бітіргенін айтты.

Бұдан басқа халық қалаулысы “Ақ жол” партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасы Әлімхан Әбжанов және партия белсенділерімен бірге «Қарттар үйін» аралап, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, оң баға берді. Қариялар оған қайта-қайта ақ баталарын беріп, ризашылықтарын білдірді : «Біздің мекемеге де ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты келеді екен-ау»-деп таң қалып, Ақ жол тілеп шығарып салды.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket