"Қаңтар оқиғасы" кезінде Мәсімов Қайрат Сатыбалдыға ставка қойды - адвокат

5964
Adyrna.kz Telegram

"Қаңтар оқиғасы" Қайрат Сатыбалды, Дикий Арман және Кәрім Мәсімов тарапынан мақсатты түрде ұйымдастырылды. Бұл пікірді белгілі адвокат Абзал Құспан "Сұрауы бар" YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

"Отбасы мүшелері, соның ішінде дәл қазір қамауда жатқан Қайрат Сатыбалдыдан бастап ең негізгі тұлға сол. "Центровой фигура" дейді ғой. Оның командасы мықты екенін білеміз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері бар, "Дикий" Арман бар.  Дикий Арманның ҰҚК-мен байланысы бар екенін "Қаңтар оқиғасы" болмай-ақ 2021 жылдың қарашасында ашық айтқанбыз. Ол — қолдан жасалған "батыр" еді ғой. Ешқандай да вор в законе емес, арнайы бір қылмыс әлемінің заңына сәйкес қылмыс әлемінің серкесі емес , — дейді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, Қайрат Сатыбалды бастаған топ Тоқаевтың қолында шоғырланып қалудан қатты қорықты.

"Бұлардың тарапынан мақсатты түрде ұйымдастырылған деп айтуға болады. Толық негіз бар. Осы армия дайын тұрды. Олар шын мәнінде де Тоқаевтың билікте бара-бара легализациясы жүзеге асып кететінен қатты қауіптенді. Қалай болған жағдайда да бірінші президенттің жасы келді. Ол кез-келген уақытта, кез-келген сәтте "бір аяғы мына жақта болса, бір аяғы ана жақта" кетіп қалуы мүмкін. Ол енді табиғаттың заңы ғой. Сол кезде Тоқаев ресми түрде билікте қалып қояды деген қауіп болды. Сондықтан олар дайын отырды. Оған қатысты өте көп деректер бар", — дейді Абзал Құспан.

Абзал Құспанның сөзінше, "Қаңтар оқиғасына" Қайрат Сатыбалды мен Дикий Арманнан бөлек Кәрім Мәсімовтің де тікелей қатысы бар.

"Кәрім Мәсімов отбасыға сенді. Отбасының белгілі бір мүшелеріне ставка қойды. Соның ішінде Қайрат Сатыбалдыға ставка қойды. Отбасыда басқа да мүшелер бар ғой. Қыздары бар, күйеу балалары бар. Солардың ішінде бірақ әлдеқайда мықтылары сол Қайрат Сатыбалды бастаған топ қой", - дейді адвокат. 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер