«АДЫРНА» бірлестігі бірінші болып «Домбыра Күнін» атап өтті

3319
Adyrna.kz Telegram

Қазақ байырғы заманнан қолынан мәңгілік досы - домбырасын тастамай, асқар биік асулардан өтті. Небір қызықшылықтарды басынан қалай бірге өткерсе, түрлі қиыншылықтарды да бірге жеңе білді. Қазақ шаттанса домбыра да шаттанды. Қазақ мұңайса домбыра да мұңайды. Қазақ барлық сырын домбыраға ғана айтатын. Домбыра да өз сырын қазақтан жасырып қалған жері жоқ. Домбыра қазақтың әнін бірге шырқасты. Күйін бірге шертісті. Домбыра қазақпен бірге ғашық та болды, қазақпен бірге тойын да тойласты...

Домбыра суықта жан жылытып, соғыста қалқан да бола білді. Бір сөзбен айтқанда қазақ пен домбыра егіз екенін ғасырлар дәлелдеді.

Қазақ халқы домбыраның нағыз дос екенін жақсы біледі. Сондықтанда көптеген халық аспаптары арасынан жанына ең жақын етіп домбыраны таңдады. Сондықтан да жиырма бірінші ғасырда қазақтар домбыраға ризашылығын білдіріп «Домбыра Күні» деп атап өтуді ұйғарды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шілде айының алғашқы күнін «Домбыра Күні» деген шешім қабылдады. Халық бұл жаңалықты қуана қарсы алды.

«Адырна» ұлттық бірлестігі елімізде бірінші болып «Домбыра Күнін» 30 маусым күні Алма-арасан шатқалында атап өтті. Бұл іс-шара «Нағыз қазақ домбыра» деп аталды. Жұртшылық осы мейрамға ғаламтор арқылы шақырылды. Тұңғыш президент саябағының алдында жиналған көпшілік – ата-аналар. балалар, жастар, шетелдік қонақтар және «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестіктің басшысы Арман Әубәкір бастаған қызметкерлер алдын-ала жалданған автобусқа отырып Алатауды бетке алып жолға шықты.

Иә, Домбыра мейрамына қатысуға келгендер арасында домбыраларын алып келген жастар да, үлкендер де баршылық еді. «Адырна» бірлестігі Домбыра мейрамын табиғат аясында өткізуді мақсат етуінің негізгі себебі, қазақ пен домбыра ғасырлар бойы кең дала төсінде бірге өмір сүріп келеді емес пе?

 

Міне автобус межелі жерге де жетті. Адамдар да, табиғат та бірін-бірі сағынысып қалыпты. Бәрі де жадыраңқы. Қай мейрам болса да дастарқан жаятын қазақтың салты бұл жолы да бұзылмады. Бірден қазан көтеріліп, аспаздар тамақ пісіруге кірісті. Табиғатты біраз тамашалаған соң, көпшілік бір төбенің басына жиналды. Осы жерде түрлі қызық күтіп тұрғанын бәрі де сезгендей еді. Себебі дәл осы сәтте табиғат та Домбыра мейрамына қуана қосылып еді. Жадыраған күн, таулардың баурайындағы көк майса шөп, көлеңкелі ағаштар, өзеннің күміс күлкілі ағыны – бәрі-бәрі «Домбыра Күні» құтты болсын!» деп құттықтап тұрғандай еді.

Сонымен мейрам да басталып кетті. Домбырашылар бірінен соң бірі күй тартып, ән шырқады. Содан соң тойбасшы түрлі ойындарға кезек берді. «Бала - болашақ» дейді қазақ. Алдымен ортаға  жас бүлдіршіндер шақырылды. Балалар екі топ болып білетін мақал-мәтелдерін кезекпен айтып жатты. Бір топ мүдірсе екіншісі өз білгендерін ортаға салды. Балаларының жарысына қызыққан ата-аналар, кейде шыдамай ойынға өздері де араласып отырды. Көрермен күлкіге көмілді деп осындайда айтар болар. Енді бір мезетте мақал-мәтел білу жарысы жұмбақ жасыру ойынына ауысты. Бұл сайыста өте қызу өтті. Бүлдіршіндердің осыншама білгірлігіне үлкендер таң қалып таңдай қағысты. Тойбасшы өз кезегінде барлық жарысты білікті басқара білді. Мақтар жерде жақсы сөздер айтып қолдап, сүрініп жатқандарды демеп отырды.

Сұрақ-жауап жарысынан да ешкім шет қалмады. Түрлі сұрақтар нысана ретінде ұсынылып, нақты ұшқыр жауап-жебелер сол нысаналарға дөп тиіп жатты. «Рейхстагқа ту тіккенде Рахымжан атаның жасы қаншада еді?», «Ұшаққа есімі берілген қазақтың батыр қызының аты кім?», «Менің атым Қожа» кітабын кім жазды?», «Сол аттас фильмде Қожаның дауысын, «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің дауысын салып сөйлеген артистің аты кім?», «Қыз бен жігіт күйтартыс сайысында домбыраны аяғының башпайымен тартып жеңіске жеткен күйшінің есімін кім біледі?», тағысын тағылар. Бұл жарыстардың бәрі де көрермендерді талай рет күлкіге қарқ етіп жатты.

Көңіл аспанға көтерілген құстар сияқты Алатаудың биігіне самғағандай көтеріңкі болды. Көздері қуанышқа бөленіп, беттері бал-бұл жанған балаларға «Адырна» бірлестігі көп етіп сыйлық дайындап қойған болатын. Бұлдіршіндердің бірі де сыйлықсыз қалған жоқ.

Қазақтың қай мейрамы ойынсыз өткен?! Тойбасшы енді «Арқан тарту» ойыны басталатынын жариялады. Қызық енді ғана басталғандай. Балалар арқанды екі жаққа шірене тарта жөнелді. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» дегеннің нағыз өзі дәл осы жерде байқалды. Қызы-қыза келіп, балалар арқан тартысып болған соң, ата-аналар мен балалары қосылып екі жақ тағы да арқан тартысты. «Адырна» ұлттық бірлестігі мейрамға жақсылап дайындалған екен, жеңгендерге де жеңілгендерге де сыйлықтар молынан таратылды.

Бұл ойындардың бәрі де көк майса шөп үстінде өтіп жатты. Туған жер төсінің тәттілігі дәл осы жерде сезілді. Ойындар арасында ән шырқалып, күй тартылып жатты. Осы кезде тойбасшы жаяу жарыс болатынын жариялады. Қыз балалар бір бөлек, ұл балалар бөлек жарысатын болды. Нағыз жарыс енді басталды десе де болғандай. Түрлі-түсті киім киген балалар мен қыздар даланы гүл сияқты құлпыртып жібергендей. Жарысушылар қатар-қатар тұрып домбыра күйі басталып кеп бергенде мәрені бетке алып жүгіре жөнелді. Осылайша бірнеше рет қайталанды. Жүйріктер ешқандай қиыншылықтан тайынбайтынын көрсетті. Тағы да жеңімпаздар анықталып, тағы да көл-көсір сыйлықтар таратылып жатты.

Дәл осы кезде дастархан басына шақырылған хабар да жетті. Дәмді ас келген дастархан  басында, біраздан соң күйшілер мен әншілердің жарысы өтетіні хабарланды. «Адырна» бірлестігі Домбыра күнін нағыз халықтық етіп атап өтуге бел байлаған екен. Жарыс жеңімпазын көрермендер анықтайтыны да айтылды. Солай болды да.

Тамақ ішіп көңілдері жайланған көрермендер көңілі алабұртып Домбыра күнін алғаш атап өтіп жатқан осы қуанышты сәтте тағы да төбеге жайланып отырды. Домбыра жарысты өткізу туралы, әділ қазылар көрермендер екені тағы да баса айтылды. Сонымен дала атты сахнаға бірінің соңынан бірі дәулескер домбырашылар кезегімен шыға бастады. Күй де ойналды, ән де шырқалды. Жұртшылықтың қуанышында шек жоқ! Әрине, туған жердің табиғаты аясында домбыраның дауысын тыңдағаннан артық қандай бақыт болуы мүмкін?!

Міне көрермен жүрегінде домбыра сайыс та көптеген шақырым бәйгеде озып келген арғымақтай сезім тудырғаны анық. Тойбасшы жеңімпазды анықтау ережесі туралы айтты. Әр домбырашының аты аталғанда көрермендер қол шапалақтауы тиіс. Қай сайыскер күйшінің аты аталғанда шапалақ қаттырақ ұрылса жеңіс соныкі болмақ. Сол домбырашы қас шебер Алмас Серікұлы Мұстафаның өз қолымен жасаған домбырасын  иеленбек.

Міне тойбасшы домбырашылардың атын атай бастады. Әр есім аталған сайын тау жаңғырыққандай болды. Қолшаплақтаулар бірнше рет қайталанды. Осылайша «Нағыз қазақ домбыраның» жеңімпазы халықтық дауыспен, демократиялық түрде анықталды. «Адырна» ұлттық бірлестігінің басшысы Арман Әубәкір қазақтың киелі домбырасын жеңімпаз Еркін Нұрханға ұсынды. Қуанышты дауыстар мен ду қол шапалақтың дыбысы тау шатқалын тағы да жаңғырықтырды.

Қазақстанда алғашқы рет «Домбыра Күні» осылай аталып өтті.

 

Бердалы ОСПАН,

«АДЫРНА» ұлттық порталы.

Фотосуреттерді түсірген: Жандос Наурыз.

Пікірлер