Тұңғышбай Мұқанов: Ермековтың үш ұлы еңбегін әрбір қазақ білу керек (ВИДЕО)

4772
Adyrna.kz Telegram

"200 жылдан астам уақыт Ресейдің бодандығында болған Қазақстанды бөлек автономия қылып алып шығуда 29 жасар Әлімхан Әбеуұлы Ермеков үлкен еңбек сіңіріп, Әлихан Бөкейханның ең сенімді серігінің бірі болған". Бұл пікірді белгілі өлкетанушы, дала академигі Тұңғышбай Мұқанов Adyrna.kz порталына берген сұхбатында айтты. 

"Әлімхан Әбеуұлы Алаш қайраткерлері ішінде ең ұзақ өмір сүрген адам болғанымен өмірі азаптаумен өткен. Өмірінің 15 жылын түрмеде өткізіп, 1930 жылдан бастап 1955 жылға дейінгі аралықта ылғи тергеуге шақырылып, өмірін қинауменен өткізген адам... Бұл кісі өзінің бойындағы қабілетіменен, білімділігіменен, шешендігіменен біздің Қазақ ұлттық-территориялық автономиясын құру жөнінде Әлихан Бөкейханның ең сенімді серігінің бірі болған. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін өзінің Том қаласындағы Технология институтындағы сабағын уақытша тастап, Семейге келіп, бірден Алашорданың жұмысына араласқан. Алашорда ұлттық автономия үкіметінің құрамына демократиялық тұрғыда сайланып, Премьердің орынбасары болған. Сол қызметте жүріп Қазақстан өлкесін басқару жөніндегі қырғыз революциялық әскери комитетіне мүше болған. Сол комитеттің тапсыруы бойынша Бүкілодақтық орталық атқару комитеті жанындағы қырғыз әскери-революциялық комитетінің өкілетті коллегиясының төралқасының қызметін атқарған. Ондағы мақсаты 1920 жылғы Мәскеуде өткен Халық Комиссарлары Кеңесінің кеңейтілген Мәжілісінде Лениннің алдында Қазақстанның территориясының тұтастығын қорғап қалған. Яғни бұрын Ресейдің жеріне беріліп кеткен Қазақстанның ең құнарлы жерлері Каспий теңізінің теріскейіндегі және Атырау облысымен шектесетін жердегі ең құнарлы миллиондық қор деп аталатын жерден бастап Нарынқұмға дейінгі жерді қайтартқызған. Сол арқылы Каспий теңізінің жер астындағы бай қор мұнайының бүгінгі халқымыздың игілігіне мұра болып сақталуына, Каспий теңізінен ауланатын балықтың Қазақстан халқының игілігіне қызмет етуіне ең алғашқы азаматтық тұлға ретінде өз қызметін атқарып шықты", - дейді Тұңғышбай Мұқанов. 

Дала академигінің айтуынша, Жер туралы мәселені қорғау жолында Әлімхан Әбеуұлы Ермековке Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері бірлесіп, ақыл-кеңес беріп отырған.

"1920 жылы екінші рет Әлімхан Әбеуұлы 24 тамызда Мәскеуде Лениннің қатысуымен өткен Халық Комиссарлары Кеңесінде Қазақ (Қырғыз) автономиялық республикасын құру жөніндегі декреттің жобасын талқылаған. Сонда қосымша баяндама жасаған. Сөйтіп, сонда Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік республикасының құрылуына ең елеулі еңбек сіңірген. Әрине бұл автономия 1935 жылға дейін пайдаланыста қолданылып келді. Дегенмен де біздің Қазақстаннан басқа Орта Азияның бірде-бір елі Ресейдің бодандығында болмаған және Ресеймен тікелей шекарасы жағынан шектеспеген. Мәселен, Өзбекстан бодандықта болған жоқ. Қырғызстан болған жоқ. Тәжікстан болған жоқ. Түрікменстан болған жоқ. 200 жылдан астам уақыт Ресейдің бодандығында болып, соның қамытының ішінде құрсауында болып келген Қазақстанды бөлек автономия қылып алып шығу Алаштықтардың басты міндеті болған. Міне осы істің басында ең жауапты іске 29 жасар Әлімхан Әбеуұлы Ермеков еңбек сіңірген", - дейді өлкетанушы. 

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков қазақтан шыққан тұңғыш математик профессор атағын алған.

"Ол кісі "Жоғарғы математика курсы" деген ғылыми оқулықты қазақ тілінде баспадан шығартқан. Сол сияқты қазақ студенттеріне арнап "Қазақ тіліндегі математикалық терминдер" деген оқулықтар шығартқызған. Ол кісі алғашқы Ташкенттегі педагогикалық институттан бастап, Ауыл шаруашылығы институында, Тау-кен институтында математика кафедрасын басқарған. 1921 жылы Қарқаралыдан екі басқышты қазақ мектебін ашқызған. 1922 жылы Қарқаралыдан ең алғашқы Қазақстандағы тұңғыш педагогикалық техникум ашқызған. Сол техникум қазір Саран қаласында жұмыс істеп тұр. Биыл 100 болады. Әлекең одан кейін 1926-1929 жылдары Орталық комитеттің мүшелігіне сайланған. Орталық комитеттің мүшесі болып жүріп, мына Қазақстанның жерінің одан ары қарай сақталуына, Қазақстандағы жоспарлы жұмыстарына тікелей ықпалын тигізген. Өзінің өмірінің соңына дейін Әлімхан Әбеуұлы Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтау, қазақ халқының болашағы қазақ жастарын оқыту, оның ішінде қазақ тілінің өркендеуіне айрықша үлес қосқан", - дейді Тұңғышбай Мұқанов.

 

"Адырна" ұлттық порталы  

Пікірлер