Жоспарлы дүние арқылы Мирзиёев халыққа жақсы көрінгісі келді - Дос КӨШІМ

6540
Adyrna.kz Telegram

Өзбекстанда орын алған жағдайға қатысты елдегі белсенді саясаткер Дос Көшімнен "Адырна" тілшісі арнайы пікір алды. 

Нүкістегі көтерілістің "Қаңтар қырғынымен" ұқсастығы жайлы

Міндетті түрде ұқсастық болады. Себебі, екі елдегі халықты көшеге шығарған жағдайдың бағыты бір. Бағыты - халықтың наразылығы. Сондықтан да, елдің басшысы "жаңа" деген сөзді қосады. Ел бұрынғыдай болмайды, "жаңа" болады. Оған таңғалудың қажеті жоқ. "Жаңа Өзбекстан", "Жаңа Қарақалпақстан" деген сөздердің бәрі міндетті түрде айтылады. Бұл кез келген президенттің, кез келген саясаткердің классикалық тәсілі.

Шавкат Мирзиёевтің "жоспарланған" позициясы

Бұл мәселенің нүктесі ертеректе қойылу керек еді. Менің есімде, ұмытпасам 93-94 жылдардағы конституция бойынша, Қарақалпақстанға жиырма жылдан кейін өзінің саяси бағытын анықтайтын таңдау берілетін болған. Себебі, сол жылдарда өте қиын кезең болғанның өзінде "бөлек шығу" мәселесі көтерілген болатын. Бірақ, неге екені белгісіз, 20 жылдан кейін не референдум көтерілмеді, не бұл мәселе қайта қозғалмады. Егер Шавкат Мирзиёев осы бағытта шешім қабылдайтын болса, әуелі қарақалпақ халқына сол бұрынғы заңға сәйкес, енді шешімге келіңдер, 20 жыл ойландыңдар ғой, жеке мемлекет боласыңдар ма, әлде біздің құрамда қалып, тәуелсіздігін ұстайтын автономия боласыңдар ма, деген ұсыныс айту керек еді. Ал ол керісінші осы ұсыныстарды айтпастан, аталған баптарды алып тастай бастады. Бұл - үлкен қателік болды. Аяғы қан төгіске ұласты.

Мен кейде ойлаймын. Арнайы жоспармен халыққа жақсы көрінуі үшін осылай бастайды да, "мен келдім", "хан келді", "мәселені шешіп бердім" деген оймен әдейі жасалған дүние секілді халыққа құтқарушы сынды көрініп қалды. Өйткені, алдыңғы мәселені мен білмеймін. Бұл мәселені референдумның мәтінін дайындаған уақытта, айналдырған осы 4-5 бапты алып тастаймыз деген уақытта, оны кім жасағанын, кімнен шыққанын білмейді екенмін. Парламенттен шықты ма, президенттің өз аузынан айтылды ма, ол - белгісіз.

Мирзиёевтің негізгі мақсаты...

Мирзиёевтің негізгі мақсаты - қайталап сайлану мүмкіндігі (Путиндегідей). Халыққа жақсы көріну арқылы қайтадан сайлану. Бұл Қарақалпақстанды өзіне қосып алудан да бірінші тұрған мәселе. Жеке бас қамы, жеке репутацияның мұндай жерде алатын рөлі үлкен. Менің сол жақтағы белсенділермен сөйлескендегі алған пікіріме сүйенсек, Қарақалпақстанның бөлініп шыққаны дұрыс. Ол кейін Қазақстанға қосыла ма, жоқ па, бұл мәселе де қайта-қайта қозғалып жатыр. Қарақалпақстан ендігіде өзі біледі. Жеке мемлекет бола ма, Өзбекстан құрамындағы тәуелсіз автономия бола ма, Қазақстанның жанындағы федеративті құрылымға қосыла ма, оның бәрі - болашақтың ісі. Дәл қазір олар - бір нәрсені қорғап қалды. Өз тәуелсіздіктерін аяқ асты етпеді. Осы күш үшін, бірлік үшін, рух үшін халыққа қошемет!

Өзбекстан президентінің "саяси топтардың арандатушылығы" деп жылы жабуына қатысты

Бұл да дәл біздің президент айтқандай дүние. Сырттан келген арнайы әрекет, белгілі бір саяси топтар дегеннің барлығы Қаңтар оқиғасына ұқсас классикалық нұсқа. Бірақ, мен ешқандай да дәлел көріп отырғаным жоқ. Әсіресе Қарақалпақстаннан. Иә, оппозициялық бағыттағы жетекшілердің болғаны, желеу болған, бастап берген адамдардың болғаны рас. Ондай адамдар барлық елде бар. Көшеге наразылықпен шыққан адамдардың мақсаты айқын. Оларды көре тұра сырттан келген арандатушылық деу - дұрыс емес.

Әңгімелескен: Дина ЛИТПИН, 

"Адырна " ұлттық порталы

Пікірлер