Мирзиёев неге мүлт кетті?

2875
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысының бір ғана қателігі, тұтас мемлекетті орны толмас өкінішті жағдайларға соқтыруы мүмкін екенін көрдік. Кешегі Қарақалпақстанға қатысты Мирзиёевтің бір ғана "олақ шешімі" - Өзбекстанның әлемдік аренадағы беделіне үлкен кері әсерін беретін болды.

Бұған дейін Өзбекстан ешқандай саяси, әскери одақтарға қосылмай бейтараптық ұстану арқылы батыстың алдында "диктаторлық жүйе" айыбынан аман қалып келген болса(Әндіжан оқиғасын батыстықтар елемей келгеніндей), Мирзиёевтің осы соңғы шешімі Өзбекстанды қаншама баспалдаққа кері шегіндіріп жіберді. Әрі, тыныш жатқан "жыланның құйрығын басып" алдағы ұзақ уақытқа өздеріне "бас ауыру" тауып алды. Үлкен "басауыру" тапты!

Бұдан былай осы қателіктері ресми Ташкенттің көп мәселелерде аяғына тұсау болатын болды. Тап осы оқиғалар "әлемдік ойыншыларға" Өзбекстанға саяси әсер етуші ең осал жерлерін көрсетіп берді. Мұндай әсер етуші "саяси тетіктерді" әлемдік ойыншылар алдағы кезеңдерде әртүрлі мәселелер бойынша келісім-шарттарға отырарда, "жабық есіктердің" арғы жағында Өзбекстанға қарсы барынша пайдаланатынына ешкімнің шүбәсі болмау керек.
Өйткені, көптеген елдердегі осындай мемлекет тұтастығына қауіп төндіретін анклабтарын қарсы тараптары барынша пайдаланады. Түркиядағы Күрдтер аймағы, Ирактағы шииттер, Қытайдың Тайваны секілді мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Менің түсінбей отырғаным - Мирзиёев осының бәрін біліп отырып қалайша осындай қадамға баруға шешім қабылдады? Өйткені, Мирзиёев саясатқа Зеленский секілді кездейсоқ бүгін келген адам емес. Осы кезге дейінгі Өзбекстанның ішкі-сыртқы саясатында әбден пісіп-жетілген сақа саясаткерғой. Қарақалпақстан бұған дейін бөліну жайлы халқаралық аренаға мүлдем мәселе көтерген емес. Әрі, Өзбекстанның жарты территориясын алып жатқан өңір.
Түсініксіз шешім.

Бір ғана жорамал айта аламын.
Бұған Мирзиёевті итермелен ой - Референдумдағы өзінің келесі сайлауларға тағы да түсуіне мүмкіндік беретін жаңа өзгерістерге болуы мүмкін қарсылықтарды басқа арнаға бұрып жіберу болған-ау?! Бірақ, мұншалық шу көтеріліп кетеді деп ойламаса керек.
Мүмкін, тарихта "Біртұтас Өзбекстанды құрушы" тұлға ретінде қалғысы келді.
Немесе, осы ойды оған өзінің командасында "сыртқы күштердің" ықпалындағы біреулер әбден сіңіріп, осындай қадамға баруына ықпал жасады. Осылай ол "әлемдік ойыншылардың" қақпанына түсті. Енді оны өз еркіне жіберулері екіталай. Кемі 20 жыл ресми Ташкентті ұзын арқанмен ұстап отырады. Қит етсе шетелден саяси баспана алған бір-екі Қарақалпақстан өкілдеріне "мінбер беріп" интернет пен СМИ-ді шулатып қойып отырады.

Осындай "отвод удара" деген технологияны біздікілер де көбірек пайдаланады. Мына жағдайдан кейін біздіңкілер де азайтатын шығар. Отпен ойнауға болмайтынын түсінген болар.
Сөз соңында айтарым...
Осы қарқынмен Қарақалпақстан егемендігін алса алды, алмаса ондай мүмкіндік енді 50 жылда келуі екіталай.
Бәрі өздеріне байланысты.

Көршіміздегі кешелі-бүгін болып жатқан құбылыстар біздерге де үлкен ой салуы керек деп ойлаймын. Ұрандату - хайп пен "арзан атаққа" жақсы. Бәле аяқ астында. Ойланбай істеп опық жеуден сақтасын. Мемлекет тұтастығы бәрінен жоғары.

Рүстем ӘШЕТАЕВ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер