Энергетика министрі жанар-жағармай бағасын өзгерту бойынша арнайы бұйрыққа қол қойды. Жаңа құжатқа сәйкес, Қазақстанның барлық аймағында жанармай мен дизель отынының шекті бағасы өзгереді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Энергетика министрінің баспасөз қызметі хабарлағандай, АИ-80-нің шекті бағасы литріне 89 теңгені, АИ-92 және АИ-93 Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында – литріне 187 теңге, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында – литрі 182 теңге құрайды.
Ал дизель отыны (жазғы, маусымаралық): Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай облысында – литріне 260 теңге; Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау облыстарында – литрі 230 теңгеден тұрады.
Бұл ретте АИ-95 және қысқы дизель отынының бағасын реттеу қолданылмайды.
Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және күнтізбелік 180 күн ішінде қолданылады. Яғни, мұндай бағалар 2023 жылдың қаңтар айының басына дейін бекітіледі.
Құжатта мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізу көрсеткіші мұнай мен мұнай өнімдерінің әлемдік бағасы, еуропалық нарықтарға тасымалдау шығындары, акциздер, операциялық және басқа да шығыстар ескерілетін формула бойынша айқындалатыны атап өтілген.
«Адырна» ұлттық порталы