Болат Назарбаевтың зайыбы Майра анасына дүркіретіп той өткізді

2537
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті  «Рейдерлік» бабы бойынша үстінен із қозғалған Майра Құрманғалиева (Болат Назарбаевтың зайыбы) өткен сенбіде Райымбек ауданындағы атақты Шұбартал жайлауында анасының 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

"nege.kz" сайтының жазуынша, әлгі тойға қонақтар Қазақстанның әр жерінен келіпті. Әсіресе, атбегілер тұлпарларын баптап, арнайы жеткен. Өйткені бәйгеге бірнеше көлік тігілген.

«Жұмадан бастап біздің ауданды қонақтар басып қалды. Алматы жақтан ағылған көліктер іркес-тіркес болып, Шұбартал жайлауына қарай өрлеп жатты. Небір қымбат көліктер арнайы тіркемемен бәйге аттарын алып келді. Ауылдың аттарын бәйгеге бөлек қосты, қалалық тұлпарлар бөлек шапты. Жорға жарыс, құнан бәйгені де тамашаладық. Бәйгеден бірнші келгендердің бәрі көлік мінді. Күрескен палуандар да жүлдесіз қалған жоқ», – дейді той куәгері.

Тұрғындардың айтуынша, тойдың мәнді де сәнді өтуіне Райымбек ауданының әкімдігі атсалысқан. Аудандағы он бір ауылдық округ бір-бір киіз үйден тігіп беріпті. Алайда Алматы облысы әкімдігінің өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, тойға  тек ауыл белсенділері ғана атсалысқан.

Тойдың дүркіреп өтуіне эстрада әншілері үлес қосқан. Мәселен, әнші Мәдина Сәдуақасова тойдан көріністерді өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына салған.

«Майраның өзін көрмедік. Естуімізше, өзі тойға келе алмаған. «Үстінен қылмыстық іс қозғалған» дей ме, әйтеуір жұрт оны әлі де шетелде екен деп жүр. Анасы мен бауырлары, туыстары тойда жүрді. Ал өзін көрмедік», – деді куәгер.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер