Bek Air ұшағында болған апатқа қатысты Алматы облысының шенеуніктері сотталды

2960
Adyrna.kz Telegram
Фото: f.azh.kz
Фото: f.azh.kz

Талғар ауданы әкімдігінің бұрынғы шенеуніктері 2017-2019 жылдар аралығында Алматы әуежайына жақын жерлерді заңсыз иеліктен шығарғаны және сатқаны үшін сотталды, деп хабарлады “Адырна” ұлттық порталы.

Талғар аудандық сотының мәліметінше, шенеуніктерге 361-баптың 1-бөлігі (Билікті асыра пайдалану), 362-бөлімнің 4-бөлігі (Билікті немесе лауазымды билікті асыра пайдалану) және 190-баптың 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша айып тағылған. Прокурор айыпталушыларды 2 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған, ал олар кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды сұраған.

Нәтижесінде сотталушылардың кінәсі сарапшылардың қорытындылары, қатысушылардың, куәгерлердің айғақтары, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша дәлелденген.

Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі А. «Өкілеттігін асыра пайдалану және алаяқтық» баптары бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде жазасын өтей отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ауданның бұрынғы бас сәулетшісі Р. өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды, ол қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде жазасын өтейді.

Қала әкімдігінің жер мәселелері жөніндегі бас маманы осы қылмыстарға қатысқаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Жер қатынастары бөлімі» ММ басшысы Т. 371-баптың 2-бөлігі «Немқұрайлылық» бойынша кінәлі деп танылып, оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда үкімге Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының 2022 жылғы 18 наурыздағы үкімі бойынша тағайындалған алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы қосылған. Осылайша, оған алты жыл үш айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«Жер қатынастары бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы К. «Немқұрайлылық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, алайда рақымшылық бойынша негізгі жазадан босатылды.

Үкім шығару кезінде жеңілдететін (балаларының болуы, зейнет жасы), сондай-ақ, ауырлататын мән-жай ескерілген. Барлық сотталушы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған.

Үкім әлі заңды күшіне енбеген.

Еске салайық, 2021 жылғы мамырда Талғар ауданының жергілікті шенеуніктері мен риэлтор 2019 жылы Bek Air ұшағы апатқа ұшыраған аудандағы, Гүлдала ауылындағы жерді сатқаны үшін кінәлі деп танылған болатын.

Айта кетейік, Bek Air ұшақ апаты 2019 жылғы 27 желтоқсанда болған еді. Лайнер Алматы әуежайы маңындағы учаскеде заңсыз салынған үйлерге құлаған болатын. Бортта 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 15 адам қаза тапқан еді.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер