Грузияда қайтыс болған Әсел Айтбаеваға қатысты тың деректер пайда болды

1984
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Грузияда қайтыс болған Әсел Айтбаеваға қатысты ата-анасы жаңа дәйек келтірді. Қызының өлер алдында азапталған суреттерін Тбилисидегі құқық қорғаушылар оқиға болған күні түсірген екен. Бірақ ата-анасының қолына тек бір жылдан кейін тиіпті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Әселдің денесіндегі күйік іздерін көрген анасы айтарға сөз таппай отыр.

 "Басында бірде-бір қанның ізі жоқ. Ал денесіндегі қызыл жаралар күйіктің ізі. Қызымды күйдірген. Қалайша? Қазақстан тарапының маған құлақ аспайтынына таңғаламын. Неге олар сараптама дайындауға асықпайды? Көмектескісі келмейді. Олар өзін-өзі өлтіру дейді. Қараңыздар, суреттен анық көрініп тұр. Біреу өлтіріп, осы жерге лақтырып кеткен сияқты. Менің нұсқам осындай. Қызым ешқайдан да құлаған жоқ", - дейді марқұм Ә. Айтбаеваның анасы Айсұлу Айтбаева.

Суретпен мұқият танысып шыққан Әселдің ата-анасы қызының арқасы, қолы мен аяғындағы кесілген іздерді байқаған. Әсіресе оң жағында көп. Грузияның сот-медициналық сарапшылары марқұмның денесіндегі жаралар күлбіреп кеткен деп анықтама беріпті. Мұндай белгі тек күйіктен кейін пайда болғанын айтады Айсұлу Айтбаева.

Оның болжамынша, бойжеткен көпқабатты үйдің балконынан құламас бұрын өлуі мүмкін. Сондықтан қыздың әке-шешесі Қазақстан мен Грузия тергеушілерінің "өлді" деген нұсқасымен келіспейді.

Отандасымыздың қазасына құқық қорғау органдары Грузия азаматы Бесик Тордуаны кінәлады. Оған қызды зорлады деген де айып тағылды. Алайда күдікті ұсталғаннан кейін екі айдан соң инфарктен түрмеде қайтыс болды.

Қазір Әсел Айтбаеваның өліміне қатысы бар деген күдікпен жездесі Мұрат Мейірбеков қамауда отыр. Оған "адам саудасы" және "зорлау" бабы бойынша іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеу-тексерудің жүріп жатқанына бір жылдан асты. Бүгін алдын ала сот тыңдалымының 7 маусымда өтетіні белгілі болды.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер