Айкөркемнің суреті салынған нысанға камера орнатылмақ

2283
Adyrna.kz Telegram
Фото: @rukh2k19
Фото: @rukh2k19

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің суреті өшірілді. Енді бұл нысанға камералар орнатылмақ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Азаттықтың" жазуынша,  "Алатау жарық компаниясы" суретті өшіруге мәжбүр екенін мәлімдеп, трансформатор станциясын "жоғары дәрежедегі қауіпті нысан" деп атады. Компания өкілдерінің айтуынша, "нысанға сурет салмақ түгілі жақындаудың өзі қауіпті".

– Мынаның ішінде 10 мың вольттық тоқ кернеуі бар бар. Оған сурет салмақ түгілі біздің рұқсатсыз тіпті жақындауға да болмайды... Бүгін суретті салған кезде өзге адамдарға қауіпті екені жайлы ескерткен белгілер сырланған, – деді "Алатау жарық компаниясының" желілерді тарату басқармасының жетекшісі Дмитрий Хлыбов.

Ол трансформаторда жиі муралдар пайда болғандықтан оның маңына камера орнату мәселесін қарастыратынын айтты. Оның айтуынша, бұған дейін трансформаторға салынған суреттер компания басшылығымен "келісілмеген". "Егер суретшілер сіздерден рұқсат сұраса, келісім бересіздер ме?" деген сұраққа ол "кемінде біз өтінішті қарастырамыз" деп жауап берді.

Компания өкілі камера орнатылып, сурет салғандар анықталса, полицияға шағым түсіруі мүмкін екенін айтты. "Жұрт өз ұстанымдарын білдіргісі келетінін түсінемін, алайда оны заң аясында жасау керек" деді ол.

Ол компания есебінен суреттер өшірілетінін айтып, оған шамамен 200 мың теңгеге дейін қаражат кететінін жеткізді.

3 маусымда Алматының Жароков-Мыңбаев көшелерінің қиылысындағы нысан қабырғасында Қаңтар кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің суреті пайда болған. Әлеуметтік желіде жарияланған мурал туралы жазбада Қаңтар оқиғасын әділ тергеуді талап еткен үндеу де бар. Бірақ көп ұзамай Айкөркемнің суреті алынып, мурал сырланды. Кей белсенділер "билік тіпті қаза болған кішкентай қыздан қорқады" деп жазып, әрекетті сынаған.

Былтыр бұл қабырғада Назарбаевтың "күшін жоюды" талап еткен мурал пайда болып, көп ұзамай өшірілген еді.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер