Путин Батыс елдерінің "қате экономикалық және қаржылық саясаты" және Ресейге қарсы санкциялары азық-түлікпен қамтамасыз етуде қиындықтар әкелгенін айтты. Ол егер санкциялар жойылса, Мәскеу тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға дайын екендігін алға тартты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Президент Владимир Путин Франция басшысы Эммануэль Макронмен және Германия канцлері Олаф Шольцпен телефон арқылы сөйлесті, деп жазды Кремль сайты.
"Олар әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі жағдайын талқылады. Путин жеткізудегі қиындықтардың "Батыс елдерінің қате экономикалық және қаржылық саясаттары" мен Ресейге қарсы санкцияларының салдарынан туындағанын айтты. "Ресей тыңайтқыштары мен ауылшаруашылық өнімдерін жеткізудің артуы сонымен қатар әлемдік азық-түлік нарығындағы шиеленісті азайтады, бұл әрине, тиісті санкциялық шектеулерді алып тастауды талап етеді", - делінген Кремль мәлімдемесінде.
Путин Ресейдің Қара теңіз портынан украин астығын кедергісіз экспорттау нұсқаларын табуға көмектесуге дайын екенін айтты. Мамыр айының басында БҰҰ бұл жерде 4,5 миллион тоннаға жуық астық жиналғанын, Ресейдің Украинадағы әскери операциясына байланысты оны шығара алмағанын хабарлаған еді. БҰҰ Ресейдің әрекеті қазіргі жағдайға әкелді деп санайды және кейбір батыс саясаткерлері мұнымен келіседі. Алайда Кремль Украинаның астық жеткізуіне тосқауыл қоюда Батыс елдерінің "заңсыз әрекеттерін" айыптайды.
Германия Министрлер кабинетінің ресми өкілі Штеффен Хебештрейттің айтуынша, үш көшбасшы арасындағы әңгіме 80 минутқа созылған, ол Макрон мен Шольцтың бастамасымен өткен.
Олар Путинді Украинадағы атысты дереу тоқтатуға, ресейлік әскерлерді шығаруға және Украина президенті Владимир Зеленскиймен тікелей келіссөздер жүргізуге шақырды. Макрон мен Шольцтің айтуынша, Ресейдің әрекетінен азық-түлік жағдайы ерекше шиеленісе түсті. Әңгіме барысында "Путин Украинадан астықты теңіз арқылы экспорттауға рұқсат бергісі келетініне сендірді", - деп хабарлайды Германия канцлерінің сайты.
"Адырна" ұлттық порталы.