Молдованың экс-президенті үй қамауына алынды

3317
Adyrna.kz Telegram
Фото: en.news-front.info
Фото: en.news-front.info

Молдованың экс-президенті Додон үй қамауына алынды. Бұл туралы NewsMaker. порталы жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сот экс-президентті изоляторға орналастыруды сұраған прокурордың өтінішін ішінара қанағаттандырды. Бұған дейін Игорь Додон сыбайлас жемқорлық, заңсыз баю, сондай-ақ, отанына опасыздық жасады деген күдікке ілінген.

Сонымен қатар, сот дәл сол іс бойынша күдікті Петр Меринянуды тергеу изоляторында 30 күнге қамады. Ол - Додонның туысы.

2020 жылы бұрынғы депутат Юрий Реницэ сол кездегі президент Игорь Додон Демпартияның жетекшісі Владимир Плахотнюк пен оның орынбасары Сергей Яраловпен кездескен видеоны жариялады. Видеода Додон Плахотнюктен пакет алған. Депутаттың айтуынша, онда қомақты ақша болған. Кездесу 2019 жылғы маусымда өткен, бірнеше күннен кейін Плахотнюк елден кеткен.

2020 жылғы маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы прокуратура Додонға қарсы қылмыстық іс қозғаудан бас тартты, өйткені қылмыс белгілері анықталмаған. Бұл шешімді Кишинев соты қолдаған болатын, бірақ 17 мамырда Кишиневтің апелляциялық палатасы бірінші сатыдағы сот шешімін жойды.

Айта кетейік, бұған дейін Молдованың бұрынғы президенті Игорь Додон 72 сағат қамауға алынып, оның үйінде және Калараш ауданындағы Додонның басқа нысандарында тінту жүргізілген болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер