Атырау облысы Исатай ауданы Исатай ауылында 8-сынып оқушысын жоғары сыныптың ұлдары аяусыз соққыға жыққан. Соның салдарынан жасөспірім түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Жасөспірімнің анасы Гүлзада Мусағаливаның айтуынша, оқиға 20 мамыр күні күндіз болған. Футбол ойнауға кеткен екен баласы үйіне соққыға жығылып келген.
«Отбасымызда үш баламыз бар. Кенже балам Мұханбет футболдан біртүрлі денесін ауырсынып келгендей болды. Не болды деп сұрағанымда ойнап жүріп, құлап қалдым деді. Содан соң жатып қалды. Кейін тамаққа тұрғызғанымызда орындықта дұрыс отыра алмады, біртүрлі дірілдеп отырғандай еді. Ертесіне де балам селсоқ, жата берді. Сол кезде үстіндегі көгерген іздерді көріп шошып кеттім. Дереу «жедел жәрдем» мен полицияны шақырып, арыз түсірдім», - дейді Г. Мусағалиева.
Дәрігерлер жасөспірімді ауданнан облыс орталығына алып кеткен. Сол жерде оған «оң жақ иықтың көптеген жұмсақ тіндерінің көгеруі, бел және жүрек қуысының жарақаты» деген диагноз қойған.
«Балама бұған дейін де әлімжеттік жасалған еді. Бірде 9-сынып оқушылары мектептің киім шешетін жерінің есігін сындырып тастап, «Сен сындырдым деп айтасың» деп қорқытқан. Балам мектеп директорына түсініктеме жазған. Бірақ мектеп ұжымы мұның біреуін маған айтқан жоқ, мен біреулерден естіп барып, ақ-қарасын шешуді сұрадым. Бұған бірақ мектеп әкімшілігі бей-жай қарап, жауапсыз қалдырды. Айналып келгенде жағдай ушығып, осыған дейін жетіп отыр. Мектептің психологы не қарап отыр, шарасын алып, түсіндірме жұмыстарын жүргізбей ме? Негізі баламды 9 бала ұрып-соққан. Екеуі 9-сынып оқушылары, қалғаны – сыныптастары. Достарын қорқытып, баламды бәрі жабылып ұруға мәжбүрлеген. Бүгінде балалардың әке-шешелері келіп кешірім сұрауда. Мен кешірермін, балаларды соттатып не табамын? Бірақ мұның аяқсыз қалуын тағы қаламаймын. Мектеп те жауап берсін», - дейді ана.
Исатай орта мектебінің директоры Айгүл Әділбаева «Бұл іспен полиция айналысуда, тергеу аяқталмайынша мен ештеңе айта алмаймын» деп қысқа қайырды.
Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі мәлімдегендей, 21 мамырда 2007 жылы туған жасөспірімнің соққыға жығылғаны туралы ата-анасынан арыз түскен. Күдікті ретінде Исатай орта мектебінің 9-сынып оқитын екі оқушысы анықталды. ҚР ҚК 107- бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, сараптамалар тағайындалған.