Президент келе жатыр!

9535
Adyrna.kz Telegram
Фото: halyqline.kz
Фото: halyqline.kz

Көшеде ирелеңдеп, «Пәлекеттерден қаш, бүгін де қарным аш!» –деп келе жатқанмын. Қазақстанның құрметті қайыршысымын ғой. Шенеуніктерге тіке айтатын шатағым бар, осындай халық берген атағым бар. Бір қарасам, көше жиегіне халық көп жиналыпты. Ылғи семіздер, бай–бағыландар! Әлі де көп, ағылғандар. Бұлар өзі, неғылғандар? Осылай о–ойланып тұрғанымда, «қалалық әкімшіліктің қызметкерлеріміз» деген екі жігіт мені дырылдатып, өкпемді сырылдатып, көше жиегіне шығарды да, алдыма кішкентай стол қойып, оны жайнатып тастады, өмірімде жеп көрмеген уылдырық, пицца, акуланың еті дейді ме, бегометтің қуырылған беті дей ме, толып кетті. –Бұл не? –деп сұрадым мен.–Кешіріңіз, президент келе жатыр! –деді әкімшілік өкілі өкіре жаздап.–Оған менің қандай қатысым бар?–Халықтың тұрмысын, әл–ауқатын көруге келе жатыр екен.–Мен... Мен қайыршымын...–Әкім тапсырма берген. Көріп тұрсыз ғой, байдың балалары банан жеп тұр. Соларды жинадық. Президент келе жатқанда, күшеніп тұрыңыз! Ішіңізді қампитып, ұртыңызды томпайтып.–Сосын?–Сол үшін қала бюджетінен жиырма мың теңге береміз. Мына тұрғандарға да ақша бөлінді. Сегіз жүз миллион!
Қуанып кеттім. Уылдырықтан асап, кәуәппен бір жасап, тісімді тісіме қашап, ой бір тойғаным–ай! Жанымдағылардан естігенім, президент тіпті, ауыз суға жарымай отырған ауылдарға да барады екен! Бір кезде: «Президент келе жатыр!» –деген дауыс шықты. Жұрт жапа–тармағай қолдарын бұлғап тұр. Сол қолдарында қойдың, түйенің, биенің, тауықтың піскен сирақтары! Халықтың жағдайы жақсы ғой! Құрметті қайыршы болып жүргеніме қатты ұялып кетіп, акуланың етінен бір тістеп, шайнамай жұта салдым. Жұта салып, күшенемін келіп, аузымды томпайтамын келіп. Күшенсем болды, пышш етіп желім құрғыр шығып кете береді, күшенсем болды, желім шығып кете береді. Қасымдағылар қашып кетті. Ойбуу, менде қай бір жетіскен асқазан бар дейсіз? Бір кезде президент авто көлікпен жәймен өтіп бара жатты. Артында авто шеру. –Біз бай елміз, мұнайлы, мұңды елміз, біз бақыттымыз! –дедім мен айқайлап–Халықты қанаған алпауыттар жасасын! –деді біреу күңкілдеп қана. Президент қаланың көрікті жерлерімен өте шықты. Ол кетісімен, кәуәпті енді жей беріп едім, жаңағы жігіттер келді де:–Атауыңды жегір!–деп басымнан салып қалды. Алдымдағылардың бәрін жайпап жеп тастады. Уәделі ақшаны сұрап едім, екі саусақтың арасынан бас бармағын шығарды. Бұлар халықты қашанғы алдайды екен, а? Бұлар президентті де жалған ақпаратпен қашанғы алдайды, а? Кейін естідім, президентіміз керемет қой, қаланың кедейлер тұратын көшесін аралапты. Онда сіңірі шыққан, саусақтарын сорып тұрған кедей–кепшіктерді көріпті. Сөйтіп, оларға көңіл бөліпті. Ал, премьерді, облыс, қала әкімін отставкаға жіберетінін айтқанда, шенеуніктер тірідей өліпті...

 

Мұхтар Шерім,

сықақшы-жазушы.

Пікірлер