Әсия Бағдәулетқызы: "Қазақстанға білім әкелу үшін шетелдің ақшасын да жаратуға болады"

2116
Adyrna.kz Telegram
Фото: adebiportal.kz
Фото: adebiportal.kz
Кинотанудан магистратураны Лондонда, Куин Мэри университетінде "Болашақпен" оқыдым. Пәндерден ғана емес, магистрлік диссертациям да топ жарып, марапат рәсімінде Үздік диплом ғана емес, сол жылғы фильм студенттері арасында for Outstanding Achievements деген сертификат пен ақшалай жүлде де тапсырды. Тақырыбым заманауи қазақ киносындағы әйел бейнесі туралы болатын. Жетекшім жұмысты PhD-де жалғастыру керек дегенді айтты, рецензенттің бірі де дәл солай пікір жазыпты.
Бірақ оның масштабын PhD-ге ыңғайлап өзгерту үшін біраз ізденіп жоба дайындау керек, ал менің "Болашақта" еңбек өтілім бар, сондықтан диплом қолға тиер-тиместен Аударма бюросындағы жұмысымды бастап кеттім. Басқа ірілі-ұсақты жобалар қатарында Қазақ қаламгерлерінің қос том антологиясы, Абай жинағының ағылшынша нұсқасын дайындауға араласып жүргенде PhD туралы ойлауға мұрша болмады.
Тек 2020-да пандемияда сәл саябырсып, PhD жоба дайындадым. "Құласаң, түйеден құла" деп, Кембриджден менің тақырыбыма қызығады-ау деген профессор іздедім. Біраз оқытушының еңбектерін шолып шығып, қызығушылығымыз сәйкес келеді-ау деген біріне жобамды тіркеп хат жаздым.
Ол қызыға келісті, және алдымен Admissions Team арқылы Кембриджге қабылдануым керектігін жазды. Піссіміллә деп іріктеу турларынан өтіп, сұхбат кезеңіне келдік. Факультет басшысы мен болашақ жетекшім мені сөзбен сынады. Сол аптада "Құттықтаймыз, Кембриджге шартсыз қабылдандыңыз" деген хат келді.
Алғашқы сұрағым, Гейтс стипендиясына қалай құжат тапсырамын? Жауап, "Сіз о баста қаржыландыруды қарастыру туралы графаға құбелгі қоймаған екенсіз, биылға Гейтсқа құжаттарыңызды қоса алмаймыз" деді. (Билл Гейтс Кембриджге көп қаражат пен стипендия бөледі). "Басқа қаржы көзі болмаса, орыннан бас тартып, келер жылы қайта тапсырыңыз, бірақ онда барлық кезеңнен қайта өтесіз" деді.
Кей таныстарым "Болашақпен" магистратурасын аяқтай сала қайта құжат тапсырып, докторантура оқып жатқанын ескеріп, "Болашаққа" құжат тапсырдым. Әрі Кембриджге екінің бірі түсе бермейді ғой, қолдайтын шығар деген есек дәме:).
Бір мәселе алаңдатты: "Болашақпен" қайта оқысам, кепілдікке үй не жер қою керек. Өз пәтерім онсыз да кепілдікте, басқа мүлкім жоқ.
Бірақ "Болашақ" "құжаттарыңызды қарамаймыз" деп бір-ақ кесті. Дәл сол жылы талабын өзгертіп жіберіпті, PhD-ге түскім келсе еңбек өтілімді толық аяқтауым керек екен. Ал менде 1 жыл, 8 ай қалған-ды. Сөйтіп, келер жылы қайта тапсырып, Гейтске талпынып көрермін деп Кембридждің шартсыз шақыртуынан бас тарттым.
Сол екі аралықта өзім оқыған Куин Мэриде бізге сабақ берген бір профессор өз парақшасында (LinkedIn) толық қаржыландырылған докторантура жобасы басталғалы жатқанын жариялады. Ойымда түк жоқ лайк баса салғанмын. Профессор жекеге жазып, қалымды сұрап, PhD-ге тапсырғыңыз келсе, талпынып көріңіз деді. Кейін имейл жазып жобаны түсіндіріп, құжаттарды қайда тіркеу керектігін айтып сілтеме жіберді.
Кембриджден бері дайын тұрған құжаттарды сілтемеге тіркей салдым. Көп ұзамай келесі кезеңге өттіңіз деген хат келді. Интервьюді жетекші профессор мен SCRSS ұйымынан супервайзер жүргізді. Олардың сұрағы, "жобада ғылыми жұмыстан бөлек 2024 жылы ұйымның жүз жылдығына кинофестиваль, көрме өткізіп, кітап шығару керек, мұндай жұмыстарға араласа аласыз ба?" деді. Ондай жұмыстарға онсыз да үйренген мен, әрине деп жауап бердім.
Менің сұрағым, "бағдарлама Visual Cultures деп аталғанымен, киноға акцент бере аламын ба?"-"Әрине". "Жоба аясы IІ дүниежүзілік соғысты қамтиды, ол кезеңде ірі студиялар Алматыға көшірілгенін ескеріп, жобаны Қазақстанға қатысты өзгертсеңіз болады" деді. Менің естігім келгені де сол еді, бірақ қаражат мәселесін көтердім. Шарт бойынша бұл грант Ұлыбритания резидентінің оқу ақысын және ай сайын жүріп-тұруға стипендияны қамтиды. Бірақ мен шетелдік резидент болғандықтан, оқу ақысындағы айырмашылық біраз. Егер оны өзім төлеуім керек болса, грантты қабылдай алмаймын деп ашық айттым.
Шыны керек, бұдан кейін мені қабылдамайтын шығар деп жүрдім. Бірақ бірер айдан соң стипендияны ұтып алғаным туралы ресми хат келді. Артынша профессор университетпен сөйлескенін, оқу бағасындағы айырмашылықты оқу орнының өзі төлейтінін айтып көңілімді орнықтырды. Шегінерге жол жоқ, бір жағы ойламаған жерден тілегім орындалып, бір жағы ол кісіні ұятқа қалдырмайын деп стипендияға ұсынысты қабылдадым. Қуанғаным, бұлар кепілдікке үй де сұрамайды, оқып болған соң еңбегіңмен оқу ақысын өтейсің деп талап та қоймайды. Жобаны өзіме ыңғайлап өзгертіп, сапалы зерттеу жасап берсем болғаны.
Енді мәселем "Болашақпен" болды. Бұл кезде 1 жыл 2 ай еңбек өтілі қалған. Еңбек өтілін кейінге қалдыру жайлы өтініш жаздым, үш айдай қарап, рұқсатын берді.
Қазір төрт жылдық зерттеуімнің алғашқы жылындамын, жоба тақырыбын Орталық Азияға ыңғайлап, алғашқы тарауымды жазып та қойдым. Менікі зерттеу (research) болғандықтан, ешқандай сабаққа бармаймын, өзіме қажет деген практикалық курстарға тіркеліп, өз бетімше зерттеу жүргіземін. Демалысым да университет каникулдарына байлаулы емес, жетекшіме ескертіп, кез келген уақытта демалыс ала аламын (бір жылда 5 апта).
Жалпы, "Болашақ" болмаса магистратураны оқи алмас ем Лондонда, сондықтан қазіргі күнім үшін "Болашаққа" алғысым шексіз. Алайда өзімнен кеңес сұрағандарға "Болашақтан" басқа жолдарды қара деп кеңес айтамын. Магистратураны оқып жүргенде де "мемлекеттің ақшасын жұмсап жүрмін" деген жауапкершілік болатын. Докторантураны шетелдік грантпен оқысам ғой деп ойлайтын ем сол кезде. Қазақстанға білім әкелу үшін Қазақстанның ақшасын жарату міндет емес, шетелдің ақшасын да жаратуға болады. Біз "Болашаққа" тапсырарда шетел грантын ала алам деген сенімнен басқаның бәрі болыпты бізде. Кейінгілерге сол сенімді сыйлағым келеді. Талпынып, талап етсе Chevening (Ұлыбритания, магистратура) сияқты жобалар бар, әр университеттің өз гранттары болады. Әсіресе АҚШ-та Қазақстанға қатысты тақырыппен гуманитарлық салада зерттеу жүргізетін университеттер бар екен. Оның бәрін асықпай отырып, іздеу керек, бірақ еңбек қашан да өтеледі. Қызығушылығыңыз болса, бірден шетелдік стипендияға талпыныңыздар, аласыздар.
Әсия Бағдәулетқызы,
журналист, мәдениеттанушы.
Пікірлер