Қазақ әдебиетіндегі Фирдаусидың Шахнамасы

3135
Adyrna.kz Telegram

Иранда әрбір танымал парсы ақынының туған күнін кең түрде атап өту дәстүрі бар. Сол үшін әрбір парсы ақынына бір күнді арнаған. Соның ішінде Фирдауси да бар. Парсының әйгілі ақыны Әбілқасым Фирдаусидың (935-1020) туған күнін дәстүрлі түрде Иранда жыл сайын 15-мамыр күні кең түрде атап өтеді. Иран күнтізбесі бойынша бұл 25-урдибехештке тура келеді. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы 2022 жыл 16 мамыр күні «Фирдаусидың Шахнамасы және Қазақ әдебиеті» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

«Фирдуси күніне» орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында Әбілқасым Фирдаусидің Шахнама шығармасының қазақ әдебиетінен алатын орны, қазақ тіліне аударылуы және т.б. тақырыптар төңірегінде белгілі ирантанушылар баяндама жасап пікір алмасты. Дөңгелек үстелге қатысқан шығыстанушы ғалым, ф.ғ.д. И.Жеменей осы күнге дейін қазақ тіліне аударылған Шахнама шығармаларымен таныстырды. Атап айтқанда өзі шығарған екі басылымына ерекше тоқталды.

1961-жылы Ә.Тәжібаевтың алғысөзімен жарық көрген Рүстем-Дастан шығармасы осы шығарманың толық аудармасы емес. Кейінгі жылдары жарық көрген Шахнаманың аудармалары 1961-жылғы басылымның толықтырылған басылымы. Бірақ бұл деген сөз Шахнама жыры қазақ тіліне толық аударылып бітті дегенді білдірмейді. Дөңгелек үстелге қатысқан Ғылым ордасы Орталық ғылыми кітапханасының қызметкері Г.Әбикова аталмыш кітапхананың қолжазба және сирек кездесетін кітаптар қорында сақталған Шахнаманың қолжазбалары, қазақ және түрік тілдеріндегі қолжазба күйінде сақталған аударма нұсқалары туралы құнды мәліметтерімен бөлісті. Әсіресе көпшілік біле бермейтін Ораз молда Шахнамасының қолжазбасы мен Ә. Тәжібаевтың анасы Айнамкүл Тәжібаева сақтаған Шахнаманың қалолжазбасы туралы мәлеметтері көпшіліктің назарын аударды. Ирандық ғалым З.Хажишакарам ханым Шахнаманы оқи отырып Фирдаусидың қоғамтанушы ғалым болғандығына таң қалмасқа амал жоқтығына тоқталды. Шахнамада бүгінгі қоғамтанушылар айтып жүрген қоғамның бірнеше сатыдан тұратын даму үлгілері туралы айтылғандығына назар аударды. Фирдауси ресми түрде қоғамтанушы емес, бірақ мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген Фирдаусидың Шахнамасын оқи отырып ақынды қоғамтанушы емес деп айту қиын екендігін атап көрсетті.

Фирдаусидың Шахнамасы және Қазақ әдебиеті атты дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Алматы қаласындағы Бас Консулы Мухсин Фағани мырза мен Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің мәдени істер бойынша кеңесшісі Әли Акбар Талеби Мәтин мырза қатысып, Фирдаусидың парсы әдебиеті мен әлем әдебиетінен алатын орны туралы жан-жақты баяндап берді.

Аталмыш әдеби әрі мәдени шара аясында Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Алматы қаласындағы Бас Консулы Мухсин Фағани мырза Ирантану орталығына бірқатар ғылыми әдебиеттер сыйға тартты. Бұл кітаптарды Ресейдегі Ибн Сина қоры жарыққа шығарған. Ал сыйға берілген кітаптар тіл, әдебиет, мәдениет, тарих, философия және т.б. ғылым салаларына арналған белгілі шығыстанушылардың еңбектері болып келеді. Алдағы уақытта бұл кітаптарды ирантану бөлімінің студенттері қосымша оқулық немесе оқу құралы ретінде пайдалана алатындығы ерекше қуантардық жағдай екенін айта кеткен жөн.

Фирдауси күніне жиналған зиялы қауым дөңгелек үстел барысында бұл шығарманың көлемі қаншалықты үлкен болса, бүгінгі заманауи қоғамға айтар үндеуі соншалықты мол және алдағы уақытта зерттеушілер әлі талай Шахнама шығармасына қайта оралады деген пікірмен тарқады.

Ғ.Қамбарбекова,

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының
оға оқытушысы, ф.ғ.к. 

Пікірлер