Қазақ тілінде сөйлейтін 80% ел тұрғынының тіл құқығы тапталып жүргенін айтты

3216
Adyrna.kz Telegram

Жақында KAZUNITE Халықаралық медиа компаниясы (ағылшынша атауы KAZUNITE International Media Company LLC) Қазақстандағы мемлекеттік тілде сөйлейтін азаматтардың өз тілінде қызмет алу құқы қалай сақталып жүргенін анықтау мақсатында qualtrics платформасы арқылы әлеуметтік желілерде сауалнама жүргізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы kazunite.kz сілтеме жасап. 

Facebook, Instagram және WatsАpp желілері арқылы жан-жақты таралған сауалнамаға үш күн ішінде 1 524 адам қатысып, сұрақтарға жауап берді.

Сауалнама барысында оған қатысушыларға “Мемлекеттік мекемелерден үнемі мемлекеттік тілде қызмет, ақпарат ала аласыз ба?”, “Мемлекеттік тілде сөйлейтін азамат ретінде Қазақстанда құқыңыз қаншалықты сақталып жүр?”, “ҚР Конституциясымен бекітілген Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік кепілдерінің бірі деп есептейсіз бе?” деген үш сұрақ қойылды.

Әр сұраққа Қазақстандағы мемлекеттік тілдің қолданыс деңгейін айқындауға бағытталған жағымды және сыни төрт пікірді білдіретін төрт жауап ұсынылған еді.

«Қазақстанда Мемлекеттік тіл – қазақ тілінде ақпарат ала аласыз ба?» деген сауалға сауалнамаға қатысқан 1 524 азаматтың 302-сі, яғни 20.34 пайызы ғана “иә” деп жауап беріпті. Қатысушылардың ең көп бөлігі, яғни 36.63 пайызы (немесе 544-і) “жоқ” деп жауап берген. Одан кейін тағы 35.02 пайызы немесе 520 адам “өзі талап еткенде ғана, яғни күресіп жүріп мемлекеттік тілде қызмет, ақпарат алып жүргенін” айтқан. Ал қалған 119 адам немесе сауалнамаға қатысушылардың 8.01 пайызы қанша талап етсе де, өздеріне мемлекеттік тілде қызмет көрсетілмейтінін жеткізген.

Екінші сұрақ бойынша, сауалнамаға қатысқандардың бар болғаны 19.75 пайызы ғана (290 адам) Қазақстанда мемлекеттік тілде сөйлейтін азамат ретінде құқы сақталып жүргенін мәлімдеген.

Мемлекеттік тілде сөйлейтін азамат ретінде тілдік құқыңыз қаншалықты сақталып жүр?

Қалған 80 пайыздан астамы тілдік құқы тапталып келе жатқанын білдіріпті. Атап айтсақ, “Қазақстанда мемлекеттік тілде сөйлейтін азамат ретінде тілдік құқыңыз қаншалықты сақталып жүр?” деген сұраққа сауалнамаға қатысушылардың 9.94 пайызы, яғни 146 адам – “ешқашан”, 49.63 % немесе 729 қатысушы “көбіне құқым сақталмайды, күресіп жүріп сақтаймын”, ал 20.69 % немесе 309 қатысушы “қанша күрессем де, менің тілдік құқым тапталып келе жатыр” деп жауап берген.

Сауалнама жүргізушілер соңғы сұрақты азаматтардың Конституциямен бекітілген Мемлекеттік тілге қаншалық мән беретінін, оның ҚР тәуелсіздігі үшін маңыздылығын анықтауды мақсат тұтқан еді. Осы орайда “ҚР Конституциясымен бекітілген Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік кепілдерінің бірі деп есептейсіз бе?” деген сұрақ енгізген.

ҚР Конституциясымен бекітілген Мемлекеттік тіл ҚР Тәуелсіздігі кепілдерінің бірі деп есептейсіз бе?

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, Қазақстандағы мемлекеттік тілде сөйлейтін азаматтардың 90 пайыздан астамы Қазақстан үшін Мемлекеттік тіл – қазақ тілі мен ел Тәуелсіздігі бір-біріне байланысты деп жауап берді. Нақтырақ айтсақ, жоғарыдағы сұраққа сауалнамаға қатысушылардың 30.10 пайызы (яғни 441 адам) “иә”, деп, 61.02 пайызы (894 адам) “Қазақстанда Мемлекеттік тілдің тағдырына төнген қауіп – қазақ тәуелсіздігіне төнген қауіп. Мемлекеттік тілді өз деңгейінде көтеретін заңды талаптар мен міндеттер енгізілуі қажет” деп жауап берген.

Сауалнамаға қатысқан 1 524 адамның 10-ы ғана, яғни 0.69 пайызы “Тіл мен Тәуелсіздік бір-біріне қатысты емес, тіл жай қатынас құралы, қазақ тілі жойылса да, Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болып қала алады” деген жауапты таңдаса, тағы 120 адам, яғни қатысушыларлың 8.19 пайызы жай ғана “жоқ” деп тілдің тәуелсіздік алдындағы мәнін жоққа шығарған.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер