Нархоз университеті Украина азаматтарына білім гранттарын ұсынады. Оқуға түсу үшін әрбір адам сұхбаттан өтуі міндетті. Украина азаматтарынан құжаттарды қабылдау 16 мамырда басталады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Гранттарды Украина азаматтары, яғни 2022 жылы мектеп бітірушілер мен Украина немесе Ресей университеттерінен ауыстырылған студенттер ала алады.
Білім гранты оқу ақысын 100% өтейді және жатақханада тегін тұру мен жол жүру шығындарын қамтамасыз етеді.
Тиісті шешімді Narxoz университетінің басқарма мүшелері бірауыздан қабылдады.
«Нархоз университетіне түсу үшін бітірушінің сертификатының орташа академиялық балы 5,00-ден кемінде 4,00 (немесе 80%) болуы керек. Украинаның немесе Ресейдің университеттерінен ауысуды жоспарлаған студенттер 2021 жылдың күзгі семестрінен кейін немесе 2022 жылдың көктемгі семестрінен кейінгі жалпы GPA бағалары бойынша алдыңғы университетте кемінде 70% болған жағдайда Narxoz-қа түсе алады. Сондай-ақ әрбір адам сұхбаттан өтуі міндетті. Украина азаматтарынан құжаттарды қабылдау 16 мамырда басталады» , деп хабарлады Университеттің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Нархоз университеті – болашақ экономистерді, қаржыгерлерді, аудиторларды, есепшілерді, маркетологтарды, заңгерлерді, менеджерлер мен цифрлық технологиялар, қонақжайлылық, туризм және мемлекеттік басқару саласындағы мамандарды дайындайтын Алматы қаласында орналасқан жетекші жекеменшік университет.
«Адырна» ұлттық порталы