Қасым-Жомарт Тоқаев тұратын ауылда интернет жоқ (Видео)

3288
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен аттас 12 жастағы бала тұратын Қостанай облысы Үштоғай ауылында әлі күнге дейін ұялы байланыс пен интернет жоқ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

12 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев Үштоғай ауылындағы мектепте оқиды. Баланың атын тәтесі таңдаған. Оқушы өзінің есімі ел Президентімен бірдей екеніне мақтанады.

"Менің арманым - Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу. Кездессем, міндетті түрде біздің ауылға ұялы байланыс пен интернет жүргізуін сұраймын", - дейді бала.

Үштоғай мектебінде 50-ден аса оқушы бар. Мұнда интернет қолжетімсіз. Мұғалімдер ұялы байланыс пен интернет болса, балаларды оқыту ісі мүлдем басқа деңгейде өтетініне сенімді. Әзірге мектеп оқушылары да, мұғалімдер де заманауи қосымшалар мен жетістіктерге қол жеткізе алмай отыр.

"Бұл мәселені шешу үшін байланыс жүйелерін жүргізумен айналысатын құзыретті органдарға жүгіндік. Жыл аяғына дейін нәтиже болады деп үміттенеміз", - деді Амангелді ауданының әкімі Талғат Қарбозов.

Аудан билігі ұялы байланыс мәселесі алдағы үш-төрт айда толығымен шешілетініне уәде берді. Үштоғай және Степняк ауылдарында мұнараны күзге қарай орнатуға уәде беріп отыр. Қалған елді мекендерде ұялы байланыс пен интернет келесі жылы қолжетімді болады.

"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер