Жаңаөзенді жаппай су басты

4102
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Жаңаөзен қаласында нөсер жауыннан 1 мектеп пен 2 тұрғын үйді су басты. Сонымен қатар, 8 үйдің ауласына және көшелерге су жиналған. Ешкім зардап шеккен жоқ. Бүгін нөсер жаңбыр тоқтап, коммуналдық қызметтер арнайы техникалармен жиналған жауын суын соруға кіріскен. Айта кетейік, өңірде кешеден бері нөсер жауын жауып, тұрғындарды әбігерге салды. Қарақия ауданының аумағында таудан сел жүріп, тас жолдарда жүру қиындады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласының төтенше жағдайлар бөлімі әкімдікпен бірлесіп №3 өрт сөндіру бөлімінің коммуналдық қызметтердің арнайы техникаларын және су сору құрылғыларын шығарды. Жаңбыр суын сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері, 1 техникасы мен 3 мотопомпасы, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің 17 жұмыскері мен 12 техникасы жұмылдырылған.

5 мамырда жаңбырдан кейін Қарақия ауданында сел жүрген. Көлік жүргізушілері бөліскен видеодан су ағыны Ақтау мен Жаңаөзен арасын жалғайтын тасжолға қалай жеткенін көруге болады. Сондай-ақ жүргізушілер жауын-шашынға байланысты жол көрінбегенін айтты.

6 мамыр күні таңертең жергілікті тұрғындар  Жаңаөзендегі №22 мектепте, сондай-ақ Қарақия ауданы Бостан ауылындағы орта мектепте сабақ тоқтатылғаны туралы хабарлаған.

"Қазгидромет" синоптиктерінің болжамы бойынша, Маңғыстауда 6-7 мамырда жаңбыр жауып, жел күшейеді. 6 мамырда Маңғыстау облысының басым бөлігінде жауын болады, солтүстікте, батыста, облыстың орталығында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ жауады. Күндіз облыстың оңтүстігінде шаңды дауыл. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан соққан жел облыстың басым бөлігінде 15-20, солтүстік-батыста, солтүстік-шығыста екпіні 23-28 м/с жетеді.

Ақтауда 6 мамырда түнде қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ болады. Солтүстік, солтүстік-шығыстан күндіз жел соғады, екпіні 15-20 м/с жетеді. Маңғыстау облысының ТЖД аймақ тұрғындарына жеке қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынды. Сондай-ақ, тұрғындарға балаларды ерекше бақылауға алуға, қараусыз қалдырмауға кеңес берілді. Маңғыстаулықтарға аса қажет болмаса, далаға шықпау ұсынылады. Желден үй қабырғалары маңында жасырынуға болмайды. Өйткені шатырдан түрлі материал құлауы мүмкін.

Бейнематериалдарды Telegram парақшамыздан көре аласыз.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер