Қырғызстанның таулы аймақтарында сел тасқыны жүріп, бірнеше ауыл мен Қазақстанмен шекарадағы “Қарқара” өткізу пунктін су басты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Табиғи апаттың негізгі себебі – қардың тез еруі мен толассыз жауған нөсер. Салдарынан Жалал-Абад облысындағы алты ауылдық округ зардап шекті. Ыстықкөл аймағында да қолайсыз ауа райы тіркеліп, ауылдар мен жолдарды су басқан.
Төтенше жағдайлар министрлігі шекарадағы “Қарқара” өткізу пунктінің де су астында қалғанын мәлімдеді. Бұл жағдай шекара қызметінің жұмысына және көлік қозғалысына айтарлықтай қиындықтар туғызды.
Құтқару қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшіп, зардап шеккен аймақтарда апатты жою шараларын жүргізуде. Арнайы техникалар тартылып, суды бұру және лай-батпақты тазарту жұмыстары атқарылып жатыр.