8-9-мамыр күндері Шымкент қаласында "Shim qala" этно-ауылында "Бесқару" атты этно-фестиваль өтеді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Фестивальге республикамызға белгілі суретші және этнограф қару-зерттеуші ғалым, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, тарих ғылымдарының кандидаты, Еуразия далаларындағы әскери істердің тарихын қайта қалпына келтірген ғалым Ахметжан Қалиолла қатысып, қазақ даласындағы қазақ батырларының рөлі мен экспозициясын, қару жарақ түрлері мен қолдану аясы жайлы практикалық семинар өткізеді.
Сондай-ақ шарада қазақ этнология ғылымында шежіретану бағытының негізін салушылардың бірі, тарихшы, жазушы-драматург, педагог, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев батырлардың әскери тәртіптері мен құпиялары, соғыс кезіндегі әлеуметтік-саяси өмірлеріне қатысты көптеген ақпараттарымен бөліссе, қазақ халқының көрнекті айтыскері және дәстүрлі жыршысы Марат Сүгірбай батырлар жырын орындайды.
Және фестивальде ұлттық аспаптарда құлақ құршынын қандыра ойнайтын "Хазар" этно-фольклорлық ансамблі қазақ батырларын шабыттандырған күйлерін ойнап, рухты күйлердің тарихынан сыр тартады. Әлемге қазақ жауынгерлік өнерін танытып жүрген "Номад" каскадерлар тобы өз өнерлерін көрсетіп, мастер-класс өткізеді.
Айта кету керек, жуырда "Оңтүстік" телеарнасында осы фестивальге қатысушылар сұхбат беріп, ұйымдастырушылар шараның арнайы бағдарламасымен таныстырған болатын.
"Адырна" ұлттық порталы