Абыз қария Досмұхамбет Кішібековпен кездесу өтті

2690
Adyrna.kz Telegram

"Шыңға өрлеу" әлеуметтік клубының Жетісу аудандық бөлімінде 03.05.22 күні көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, КСРО Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері  Досмұхамбет Кішібековпен кездесу өткізілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

     Кеш барысында ғасырға жуық ғұмырында қазақ елінің басына келген нәубеттердің бәрінен аман өткен абыз қария өзін қоршай жаудырып отырғандардың 6- 9 жасар екенін бірден бағдарлап, сол жас деңгейіндегілерге сіңімді дәрісті оқыды.

Ата сөзінің алдында клубтың ұстаз тәлімгері Гүлзия Саясатқызы  Аукашова  ғылым ғана емес еңбек, соғыс ардагерінің қайталанбас ғұмырнамасын тәрбиеленушілерге  баяндап өткен еді.

«Біздің халқымыз әлемдегі ең өміршең, ойшыл да озық халық. Олардың бүкіл дүниетанымы, салты, дәстүрі, ұстанымы,  тыныс- тіршілігі -  философия. Сендердің осындай клубта әжелерің қатар ұстаз- тәлімгерлерден тәлім алып жатқандарыңның өзі  ұлттық сананың, ұлттық философияның жемісі»,– деді қария.

Өз кезектерінде балдырғандар да «Біздің жасымызда өсірген қауын сорттары қазір бар ма?», «Қазір ертегілер оқып жүрмін, тағы не оқуыма болады?» сынды түрлі сұрақты қойды.

Өздеріне түсінікті жауаптарын алған оқушылар кеш барысында ұстаздарына қосылып ән шырқап, күй шертті.

Кездесуде жүргізуші ұстаз - тәлімгер абыз қариядан «Еліңіздің болашағына, жастар болашағына сенесіз бе?» деген сауал берді.

«Маған дейінгі қазақ тұлғаларының арасында елдің, жастартың болашағына сенбегені кемде- кем. Бабалар аманаты сөзсіз ақталады»,– деді ол.

Кездесу соңында клуб тәрбиеленушілері өздерінің болашақта кім болатындығы , қандай мамандықты, кәсіпті қалайтындықтарын кезек-кезек орындарынан тұрып атап шықты да, аталарынан бата сұрады. Балдырғандар абызбен естелік суретке түсті де, үйлеріне тарасты.

Пікірлер