Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағай атауын Қонаев деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы «Алматы облысындағы Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп атау туралы» Жарлыққа қол қойды», - делінген хабарламада.
Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Наурыз айының ортасында Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында, егер халық осындай бастама көтерсе, Қапшағай қаласының атын Қонаев деп өзгерту туралы ұсынысқа қосылуға дайын екенін мәлімдеді.
«Қапшағай қаласы халқымыздың көрнекті қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер халық Қапшағайдың атын оның құрметіне өзгертуді ұсынса, мен де бұл пікірге қосыламын», - деді ол.
Кейін қала атауын өзгерту туралы ұсынысты мәслихат депутаттары қолдап, жергілікті тұрғындар да өз пікірлерін білдірді.
"Адырна" ұлттық порталы