"Анам – қазақ, жұбайыммен бірге Қазақстанда тұрамыз" – Оғыз Доған деген кім?

2716
Adyrna.kz Telegram

Оғыз Доған есімі, әсіресе, соңғы "Қазкоммерцбанк" бөлімшесінде болған оқиғадан кейін көпшілік жадында қайта жаңғырды. Астанадағы "Қазкоммерцбанк" бөлімшесінде өзі қалаған тілде қызмет алмаған Оғыз Доғанның әрекеті әлеуметтік желіде қоғамдық резонанс тудырған еді. Бұдан кейін жұртшылық Оғыз Доғанның "Air Astana" компаниясымен соттасқан сәтін еске алды. 2017 жылы "Air Astana" компаниясының ұшағында да өзі қалаған тілде қызмет алмағанын айтқан Оғыз мырза әуекомпаниясынсотқа беріп, сотта жеңіп шыққан еді. Бірі Оғыздың бұндай әрекеттерін жақтайды, бірі даттайды. Сын-пікір ағыны әлі толастар емес. Осыған орай Today.kz редакциясы Оғыз мырзаның жеке тұлғасына қызығушылық танытып, белсенді азаматты әңгімеге тартқан болатын.

– Оғыз мырза, қайырлы күн! Қазақстанға қалай келдіңіз? Мұнда қандай қызмет атқарасыз?

– Мен Қазақстанға алғаш рет 1995 жылы келдім. 1995-1997 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде сабақ бердім. Ғылыми жұмыстарымды қазақ тілінде қорғадым. Магистратурада диссертациямды қазақ, ноғай және қырым тілдеріндегі мақал-мәтелдерге арнап жаздым.

Ал докторантурада диссертациямды қазақ тілінің фонетикасы бойынша қорғадым.

Түркияда жарық көрген алғашқы және жалғыз "Қазақ тілінің грамматикасы" кітабының авторымын.

Қазақ тілінің маманы, қазақ тілі бойынша академик ретінде Қазақстанға жиі келіп-кетіп жүрмін. Түркия мен Қазақстанның ортасында жүргеніме 20 жыл болып қалыпты.

Ал қазіргі тірлігім – "Алашорда қозғалысы" атты кітабымды жазу үстіндемін.

Түркияда шығатын "Қазақ елі" атты журналдың Қырғызстандағы тілшісі деген тағы бір қызметім бар. Осыған байланысты Қазақстаннан бөлек, Қырғызстанда да жиі боламын.

– Қазақ халқы мен қазақ тіліне деген қызығушылығыңыз қашан, қалай пайда болды?

– Қазақ тіліне деген қызығушылығым сәби кезімде пайда болды десем, артық айтқаным емес. Өйткені анамның ұлты – қазақ. Қазақ тілін сол үшін де ана тілім деп есептеймін. Шешем қазақ болғандықтан, Түркияда мектепте оқып жүргенде өзімді ерекше жан ретінде сезініп өстім. Ғылым жолына түскенде түркология факультетін әдейі таңдадым. Ойым – түрік халықтарының тіліне, мәдениетіне қызмет ету болды. Қазақ тілін үйренуіме Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері көп көмектесті. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін енді алайын деп жатқанда мен Мағжанның өлеңдерін жатқа оқыдым. Мағжанның өлеңдері арқылы қазақ тілін үйрендім.

– Отбасыңыз туралы айтып беріңізші.

– Жұбайым бар, екеуміз Қазақстанда тұрамыз. Ол кісінің мамандығы – музыкант. Филармония оркестрінде флейтада ойнайды.

– Болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырасыз ба?

– Барлық еңбегімде жазып жүргенімдей, мен Қазақстанның жақын болашақта түркі әлемінің көшбасшысы болатынына сенемін. Осыны ғылыми деректермен дәлелдей аламын. Түркияда өткізген конференцияларымда, жазған мақалаларымда осыны айтумен жүрмін. Неге дейсіз ғой? Өйткені, біріншіден, қазақ халқы басқа түркі халықтарымен салыстырғанда біздің көне түркібабаларымыздан қалған салт- дәстүрді ең таза қалпында сақтаған халық. Екіншіден, қазақ халқы түркі халықтарының ішінде намысшыл халық. Үшіншіден, қазақ халқының тарихында "Алашорда" деген кезең бар. Одан бұрын "Қазақ хандығы" деген кезең болды. Бұл – әрбір қазақтың генетикасына сіңген нәрсе.

Мені қазақ халқы "Air Astana", "Қазком" оқиғалары арқылы таниды, бірақ, мен ширек ғасырдан бері қазақ халқына, қазақ тіліне қызмет етіп келе жатқан адаммын. Университетті бітірген кезден бастап қазақ тіліне академиялық, ғылыми деңгейде қызмет етумен келемін. Сол үшін өз болашағымды Қазақстан Республикасымен байланыстырамын.

Қазақстан өзінің экономикасымен, демократиясымен, адам құқығы мен адам теңдігін қорғай білуімен Орта Азияның көшбасшысы болуға ең лайықты мемлекет деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рақмет, Оғыз мырза!

_______________________________________________________________________________________________________________  today.kz

Пікірлер