"Әскерде көз жұмған сарбаз денесінен жарақаттар анықталған жоқ" - ҚР Қарулы күштері Бас штабы

5773
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысында әскерде қаза болған сарбаздың денесінен жарақаттар анықталған жоқ. Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары Серік Борамбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Өкінішке қарай, 22 сәуірінде Гвардейск әскери қалашығында орналасқан госпитальде әскер қатарына жаңадан шақырылған қатардағы жауынгер Әлібек Қалбай қайтыс болды. Ол жеке құрамның сапқа тұруы кезінде өзін нашар сезініп, есінен танып қалған. Медицина қызметкерлері жас сарбазды құтқарып қала алмады. Марқұмның ата-анасына, туған-туысқандары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», - деді Серік Борамбаев.

Оның айтуынша, қатардағы жауынгердің қаза болу себебін анықтау мақсатында арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Қажетті сараптамалар жүргізілуде.

«Сот-медициналық сараптама нәтижесінде, қаза болғанға дейін сарбаздан жарақаттар мен көгерулер анықталмаған. Қазіргі уақытта тері қабаттарының өзгеруі сараптама жүргізумен және қаза болудың биологиялық процесімен байланысты. Тергеудің объективті жүргізілуіне біз де мүдделіміз. Себебі барлық сатыдағы командирлер бағынысты әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына ата-аналар мен мемлекет алдында жауапты», - деді ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары.

Өз сөзінде ол Қорғаныс министрлігінің басшылығы ештеңені жасырып қалмайтынын, сарбаздың атан-анасы мен жақындары оқиғадан кейін дереу әскери бөлімге барып, ұлдары қызмет атқарған бөлімшедегі тұрмыстық жағдаймен танысқанын жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ҚР Президенті әскерде қаза тапқан Әлібек Қалбайдың өлімінің себебін анықтауды тапсырғанын хабарлаған едік.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер