Арқалық пен Торғай өңірлерін дамытуға кешенді жоспар қажет - Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ

2259
Adyrna.kz Telegram

Арқалық және Торғай өңірінің дамуына байланысты арнайы кешенді жоспар қабылдануы қажет!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру туралы ұсынысын халық зор ықыласпен қабыл алды.

Осы орайда, 90-шы жылдары облыс мәртебесінен айырылған Торғай өңірі де ескерусіз қалмауы керек.

Осыған байланысты - елдің көтеріп жүрген, шешімін таппаған түйткілді мәселелер аз емес.

Әрине, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар баршылық, дегенмен де аймақтың инфрақұрылымы тозып, тұрғындар санының азайып, тұрмыс деңгейі төмендеп кеткені жасырын емес.

Өкінішке орай, бүгінде стратегиялық маңызы зор бола тұра, Торғай аймағының дамуы кенжелеп қалып отыр.

Өңірдің жалпы мемлекетіміздің дамуында - астықпен, мал шаруашылығымен, болашақ пайдалы қазбаларымен қосатын әлеуеті үлкен.
Сондықтан, қасиетті Торғай өңірінің экономикалық-әлеуметтік ахуалына қатысты мәселелерге қысқаша тоқталып өткім келеді.

Біріншіден, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың Арқалық-Торғай өңірі үшін ерекше маңызы бар.

Мәселен, Державинск-Арқалық республикалық тас жолының бөлігі күрделі жөндеу жүргізуді талап етеді.

Ал, республикалық Ұлытау-Арқалық автомобиль жолын қайта жаңарту - өңір халқы үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық маңызы бар. Ертеңгі бюджетті нақтылау кезінде жобалық-сметалық құжаттарға биыл дайындауға қаржы бөлуді сұраймыз.

Бұған қоса, Арқалық-Торғай-Ырғыз арқылы өтетін «Орталық-Батыс» автомобиль жол жобасы жүзеге асса - өңір үшін үлкен даму мүмкіндігін беретін еді. Қазірдің өзінде, сол көп қаражаты қажет ететін автобан мәселесі шешілгенше Торғай мен Ырғыз арасындағы 70 шақырым жолды қосу жобасы қолға алынса.

Екіншіден, Арқалықтағы Боксит өндірісі жабылып, бюджеттік табыс көзі азаюда. Өңірдегі кәсіпорындардың жалақы деңгейі төмен. Мамандар жеткіліксіз. Мәселен, өңірді электр энергиясымен қамтамасыз ететін 500-ге жуық жұмыскері бар «Қостанайюжэлектросервис» мекемесінде жалақының орташа мөлшері 89,0 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, жаңа айтылған АТЭК («Аркалыкская Теплоэнергетическая компания») мекемесінің де жалақыны көтеруге мүмкіндігі жоқ. Көптеген мамандар жұмыстан шығып жатыр.

Үшіншіден, Арқалық қаласында 10 жылға жуық Орталық мәдениет сарайы спорт кешенімен қоса жабық тұр, жыл сайын жөндеуге сұраған қаражат бөлінбейді. Жергілікті жердің бюджеті жетпесе, республикалық бюджеттен қаражат бөлуді сұраймыз.

Төртіншіден, Арқалықтың екі гимназиясы стандартқа сай келмейтін ғимаратта отыр. Бұрыңғы әкімшілік ғимаратында оқып, оқушылардың спортпен айналысатын мүмкіншілігі жоқ. Мемлекет басшысының мың мектеп соғу тапсырмасына сай, Арқалықта жаңа мектеп соғуды сұраймын.

Бесіншіден, менің көтеріп отырғаным - Торғай халқын мазалайтын келелі мәселелердін шеті ғана. Өңір мемлекеттің ерекше қамқорлығына зәру. Осыған байланысты «Арқалық және Торғай өңірінің дамуына байланысты арнайы кешенді жоспар» қабылдау қажет деп есептейміз.

Бұл, Торғай өңірінің одан әрі дамуына ықпал етеді! Осыған байланысты, жақын арада, Арқалық қаласында тиісті мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен - арнайы жиын өткізуді ұсынамын.

Сонымен қатар, Өзіңіз білетіндей, биылғы жылы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтейін деп отырған ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойында лайықты түрде атап өтеміз деп сенеміз!

Осы аталған іс шараларды қолдауларыңызды сұраймын!

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ

Пікірлер