Рухани жаңғыру – ұлттық жоба: жастардың көзімен

3713
Adyrna.kz Telegram

«Рухани жаңғыру – ұлттық жоба», «оның авторы – Елбасы Н.Ә.Назарбаев», «жоба 2017 жылы жасалды» деген секілді базалық ақпараттар бәрімізге белгілі. Өйткені сол жылдары Елбасының мақаласы ғаламтор желісіне шыққан кезде, таласып оқыдық. Оған себеп – жаңашылдыққа ұмтылыс пен жаңа Қазақстанды жасауға деген сенім болды. Ойлағанымыздай, мақала желіде жарияланған соң ізінше түрлі жобалар жүзеге аса бастады. Бірі – тілге қатысты болса, енді бірі – жерге, тұлғалық даму мен жастарға кітап оқытқызу, қазақша аударманы қалыптастыру мен халықты рухани байыту болды. Иә, осы секілді ұлттық мүддені дамытуға арналған түрлі жобалар бар. Студент болған соң ба, оны көзімізбен де, желіден де көрдік. Десе де әлі күнге дейін бағдарламаның толықтай мағынасын түсінбей жүргендейміз. Сол бағдарлама аясында ұйымдастырылып жатқан жобаларды сынайтындар да табылады.

Айта кету керек, арада 5 жыл өтсе де дәл осы «Рухани жаңғыру» жобасының өзектілігі жоғалған жоқ деп ойлаймыз. Оны саясаткерлер мен ересек адамдар талдап, бірі дұрыс қабылдап, енді бірі керісінше пікір білдіруде. Бүгінгі жастар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы не дейді? Осы орайда бағдарламаның мағынасын одан сайын аша түсу үшін жастардың пікірін сұрап білдік. «Адырна» ұлттық порталының журналисі жастардың жоба туралы пікірін назарларыңызға ұсынады.

Даяна Дәрібекқызының айтуынша, ол үшін бұл жердегі ең басты қағида –Елбасының «Болашақ жастардың қолында» деген сөзі болған. Ол бағдарлама аясында ұйымдастырылған жобаларды талдай келе, болашақ жастардың қолында екенін өзі арқылы жеткізе алды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы Елбасының осыдан 5 жыл бұрын жарық көрген мақаласы негізінде жасалған. Бізге «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы арқылы танылды. Бұл сөздің мағынасына зер салып қарасақ. Әрбір адамның өзінің ішкі мені мен ішкі рухы болады. Яғни әрбір адам өзінен бастап рухын жігерлендіріп, жаңғыра білсе, сол арқылы ұлттық деңгейге жетер еді. Бұл бағдарламаның мақсаты неде?
Жоба жаңа дүниелер мен басқа да негізгі мәселелерден құралған. Оның ішінде баршамызға белгілі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бар. Ол енді 100% жүзеге аспаса да, қазіргі таңда көптеген жастардың әлеуметтік желілердегі парақшаларынан латын әліпбиінде жазылған мақалаларды немесе өз ойларын оқып жатамыз. Одан бөлек заманауи музыкалық топтар әуендерінің атын, мәтіндеріндегі кейбір сөздерді, видеороликтеріндегі негізгі элементтерді осы латын әліпбиінде ұсынып жүр. Бұл, әрине, қуантады. Халық та жақсы оймен қабылдайтын болған.
Одан кейін «әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену». Осы мақсатта жұмыстар жасалып та жатыр, жасалады да. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын да айтып өтуге болады. Осы жобаның арқасында кітаптар қазақ тіліне аударылып, оқырманымен қауышты. Оның ішінде философия, журналистика, мәдениеттану, психология, әлеуметтану сынды бағыттардағы түрлі кітаптар бар.
Сонымен қатар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» бағдарламасын да айта кету керек. Бұл жерде еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі жастағы, әртүрлі ұлт өкілдері арасынан халыққа үлгі боларлық тұлғаларды барша жұртқа таныстырады. Бізде ондай адамдар көп екені белгілі. Дәл осы жобаның арқасында бірқатар маман иелерін тани алдық. Олар да өздеріне артылған жауапкершілікті сезінді, мамандықтарының халық арасында және ұлт үшін қаншалықты маңызды екенін түсінді. «Қазақстанның киелі географиясы» деген де бар. Тізбектеп айта берсек, ұйымдастырылған жоба көп екен.
Мен үшін бұл жердегі ең басты қағида, Елбасы айтқан бір сөз болды. Ол «Болашақ жастардың қолында» деген болатын. Болашақ расымен де әркімнің өзінің рухани жаңғыруынан бастау алады және болашақ біздің, жастардың қолында. Кезінде Мағжан да бізге «Мен жастарға сенемін» деп бекерге сенім артқан жоқ. Сұлтанмахмұт та «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болыңдар» деп жай үндеу жасамады. Біз жауапкершілікті мойнымызға ала білуіміз керек. Сол кезде ғана осы секілді бағдараламалар ел ішінде кеңінен таралып, мағынасы түсінікті болады», – дейді ол.

Ал келесі кейіпкеріміз бұл жоба қазақтың бірлігін нығайту үшін әрі рухын ұштап, алға жетелеу үшін жасалған деп есептейді. Оның ойынша, Қазақстан осындай жобалар арқылы дамуы керек.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын Елбасымыздың кемеңгерлігімен әрі ізденімпаздығымен жасалған Ұлы жоба деп білемін. Айта кетейік, «Болашаққа бағдар-Рухани жаңғыру» мақаласының негізінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дүниеге келгендей. Дәл осы бір ғана бағдарлама аясында 5 жылдан бері көптеген ұлы жобалар іске асып жатқанын өзіңіз де білетін шығарсыз. Барлығы да қазақтың бірлігі үшін жасалып отырған берекелі іс деп ойлаймын. Негізінде Қазақстанның экономикасы өсіп қана қоймай, рухани түрде де жаңғыруға тиіс. Бұл қазақ үшін ұтымды әрі ойлы қағидаға айналары анық», – дейді Мөлдір Әбиева.

Жастар арасында бұл жобаны түсінбегендер болғанымен, түсінгендерінің көп екені байқалады. Өйткені пікір айтып жатқанда олардың талдау және зерттеу қабілеттері көрінді. Осы орайда Дулатбек Кенжебек те жоба туралы ойын айтып, ізін тарихпен жалғады. Мақала жазғаннан бөлек, түсіндіру шаралары туралы да сөз қозғады.

«Рухани жаңғыру» жайлы естімеген елдің баласы жоқ шығар. Барлығына қаңсық болған дүниені таңсық қылып жазып отқан жарамас. Иә, рухани жаңғыру ешқандай заңнама мен жобаларсыз-ақ тұран даланың кез келген перзентіне керек. Рухымызға жаңғырудан алдын жан кіргені абзалырақ. Әлсіз, ресурсқа зәру рух ешқандай да қоғамға пайдасын тигізбесі хақ. Халықтың да рухын кемел күштерге сүйене отырып жанын кіргізіп, рухын ояту керек. Оның алдымен қарынын тойғызып, әл-ауқатын көтеріп, жігерін тасытып, қанатын қомдау керек. Сол кезде рухы жаңғырады. Халықтың тұрмысы түзелмей тұрақтылыққа бой алдыра алмайды.
Сол іспетті «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» сынды мақалалар жалпы халыққа, жастарға жөн сілтеу, қажеттіліктерін өтеу сынды жұмыстарды атқарған. Сонымен қатар бұл мақалалар аясында шаралар мен жобалар өткізілген. Иә, бірақ рухтың жоғын жоқтайтын, барын барлайтын құндылық қайсы?
Замана көшкелі бері қазақтың рухын бұғаулап, жұлынын басып, тынысын тосып, тұмсығына мұрындық болған солақай саясаттарға тарих куә. Әрине, рухымыз жанышталды, бірақ сынбады. Сол жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағындағы рухымыздың иммунитетін бар жоғы жазылған екі мақала көтере ала ма? Әрине, жоқ.
Замана тақтайшасына басылған бес елі бағымыз, бес елі сорымыз бар. Соны осы алақандай екі дүние парасат паймымыздан өткізе ала ма? Рухани жаңғыру деген – атойлап той жасап, дүбірлетіп думандату емес. Рухани жаңғыру –бабалар рухына тағзым, өткен тарихқа үңілу, бұрын істеген қателікті келесіде қолданбау. Сонымен қатар барды бағалау, қасаң қағидаларды жаңғырту және жұрт болып қалыптасу жолының даңғыл бағытын айшықтау», – дейді ол.

Тағы бір кейпкеріміздің сөзінше, «ұлт – жаңғыру», «жаңғыру – ұлт» деген егіз ұғым. Ұлт жаңғырса, дамиды, ал жаңғыру ұлттық деңгейде болса, тұтастай өзгеріс орын алмақ.

«Рухани жаңғыру» деген – әр ұлттың ой-санасының қайтадан жаңғыруы, жаңаруы. Мысалы, қазақ халқының рухани жаңғыруына келсек. Ол – баяғыдан келе жатқан салт-дәстүрімізді жаңғырту, тілімізді байыту, тәуелсіздігімізді сақтап тұру, қазақ жастарын Отанды сүюге шақыру деп ойлаймын. Рух деген сөзді естісек, бейсаналы түрде көз алдымызға Қабанбай, Бөгенбей сынды батырлар елестейді. Олардың халыққа беретіні де сол – рух болып тұр. Рух, ұлтқа деген махаббат бар жерде ол халық сенімді болады деген пікірім бар. Рухы мықты деп кешегінің батырларын ғана емес, бүгінгі елім деп митингіге шықпаса да, жастарды тәрбиелеп жүрген ұстаздар мен пандемия кезінде өмірін бәйгеге тіксе де, халықтың болашағын ойлаған дәрігерлерді айта аламын. Айта кету керек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүгінде еліміздегі бірқатар өзгерістердің болуына себеп болып отыр. Оны түсіне және зерттей білуіміз керек. Шындығына келгенде бұл бағдарламаны жоққа шығарудың қажеті жоқ», – дейді Гүлзат Сәкенова.

Мағжан Смағұл да бұл бағдарламаны көпшілікке пайдалы деп есептейтінін және жүзеге асырылып жатқан мақаладағы міндеттер туралы айтып өтті.

«Мен Мемлекет басшысының халыққа арнайтын жыл сайынғы Жолдаулары мен жариялайтын мақалаларын назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Бәлкім, бұған менің болашақ мамандығым да өзінің жанама ықпалын тигізіп тұрған шығар. «Рухани жаңғыру» туралы 2017 жылғы 12 сәуірде ақпарат порталдарынан естідім. Өз басым «Рухани жаңғыруды» сананың жаңаруы деп түсінем. Қоғам үшін, айналамыздағы қалың жұртшылық үшін бағдарламаның пайдасы көп дер едім.
Мақалада айтылған міндеттердің жүзеге асырылғаны бар және жүзеге асырылып келе жатқаны бар. Солардың арасынан қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру, гуманитарлық бағыттағы әлемнің маңдайалды 100 кітабын қазақ тіліне аудару, ел дамуына үлес қосқан азаматтарымызды жұртшылыққа танытатын «100 жаңа есім» жобаларын айрықша атап өткім келеді. Әрқайсысын жеке алып қарайтын болсаң, әр жобаның арқалаған үлкен жауапкершілігі мен маңызын байқауға болады. Бағдарлама өз алдына қойған мақсатына жетеді деп сенемін. Өйткені «Рухани жаңғыру» қазақтың жоғын түгелдеп, санасын жаңғыртып, дамытуды қағида тұтқан бағдарлама», – дейді ол.

Бұдан бөлек кезекті кейіпкеріміз жобаның бағыттарына толықтай тоқталып өтті. Ол бағыттарды жай ғана айтып қоймай, мысалдармен, «100 жаңа оқулық», «Домбыра party» деген секілді кішігірім жобаларды сипаттап отырып түсіндірді. Бұдан шығатын қорытынды – бағдарламаның әр бағыты бастан аяқ ұйымдастырылған және оның пайдалы болатыны да анық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы бағдарлама аясында бірқатар жұмыс жүзеге асты деп айтуға толықтай негіз бар. Бағдарлама барысында 3 бағыттың бекітілгенін де білесіздер. Алғашқысы, тұлғалық даму. Білім саласында бәсекеге қабілеттілік сынды мәселелерді қолға ала отырып, жастар саясатына ерекше көңіл бөлу. Яғни, жастардың өз білімін жетілдіруіне және көрсетуіне, өз идеясын қоғамдық ортада айта білуге, оған мотивация боларлық дүниелерді табуына көмектесетін көптеген жобалар бар. Тұлғалық дамуға «100 жаңа оқулық» деген жобаны негізге алсақ болады. Өйткені бұл да білім саласына жасалған инвестиция. Жастар саясатының қолға алынуы, олардың пікірлерін ашып айтуына барынша жағдай жасалды. Мысалы, жастардың мәдениет саласына араласуына, жеке шығармашылықтарына ден қоюына да осы бағдарлама себеп болды. Одан бөлек жас ақындар мен жазушылардың шығармаларын шығаруына да жаңғырып жатқанымыз көмектесті.
Екінші бағыты – ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру. Яғни бұл жерде ұлттық құндылықтарды сақтау, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ұстана отырып оны халықаралық деңгейде насихаттау. Осы бағыттың аясында «Домбыра party» деген секілді жобалар ұйымдастырылды. Қазақи киімдер мен құндылықтарымызды насихаттау бағытында да түрлі шаралар жүзеге асты.
Одан кейін мемлекеттің азаматтық қоғамы және жергілікті қоғамдастықтарының дамуы. Яғни мемлекеттің дамуының бірден бір негізі – адами капитал. Әрбір тұлға өзінің жеке қабілеттерін қолдана отырып, кез келген салада болсын, (мәдениет, спорт дегендей) өздерінің қабілетті екенін, біліктілігін көрсету арқылы олар әлемдік бәсекеге қабілеттілігін көрсете біледі. Бұл жерде азаматтық қоғамын және жергілікті қоғамдастықтарының дамуы деп айтып отырмыз. Бұл – жастардың кәсіпкерлікті қолға ала отырып, бизнес-жоспары секілді, банктік қызметтер құру арқылы өздерінің ісін әрі қарай дөңгелетіп әкетуіне көмектесетін жобалар жүзеге асты».
Бұлардан бөлек «100 жаңа есім», «Батырлар арамызда», «Жомарт жүрек» бағдараламалары бар. Жастар жылы, Волонтерлер жылы деген секілді рухани қолдаулар да болды», – дейді Нұрила Жұмаділлә.

Ал Жігер Жұмахметтің айтуынша, бұл бағдарлама – табысты ел болуымыздың кепілі.

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген. Осы сөз жолдарымен толықтай келісемін. Себебі тағылымды тарихымызға ден қойып, оқыған, сусындап өскен жастарымыздың теріс ағымның жетегі мен жын-ойнақтың арбауында алданбасы анық. Салт-дәстүрі биік, тілі тұнық, рухани құндылығы жоғары, елдік санасы жаңғырған халықтың тұғыры әркез биік, іргесі берік болады. «Рухани жаңғыру» – табысты ел болуымыздың кепілі», – дейді ол.

Осылайша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы жастардың, оның ішінде студенттердің шынайы пікірін білдік. Ұлтым деген жастар ағынан жарылды десек те болады. Бағдарламада көрген жақсы жақтары мен сәл осалдау жерлерін тізбектеп айтып беріпті. Тіпті, арасында ойын нақты фактімен әрі қызықты етіп жеткізгендері де бар. Жастар бұрынғыдай емес, бүгінде олардың негативке қарсы иммунитеттері қалыптасқан, кез келген жағдайды позитивті тұрғыда қабылдай алады...
Сіз де бұл жауаптардан кейін Елбасы ұсынған бағдарламаға жаңаша көзқараспен қарай бастаған шығарсыз. Өйткені өз пікірін айтқан 7 адамның ойы 7 түрлі. Алайда олар ең бастысы бағдарламаның негізгі мазмұны мен идеясын, оның аясында өтіп жатқан жобалар мен өзгерістерді, ұлт пен билік арасындағы қарым-қатынас деңгейін өздерінше түсінген, және оны жеткізе алды.

Қазір жастар көп тыңдағанға қарағанда өз пікірін айтып, белсенді өмір сүруді қалайды. Солай істеп те жүр. Сондықтан осы мақалада бір адамның түрлі пікірін емес, түрлі адамның бір ғана бағдарлама туралы ойын бердік. Осы арқылы мүмкін әрқайсымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасына басқаша көзқараспен қарап, әлі де зерттеп, өзіміз үшін жаңалық ашатын шығармыз.

Ақмарал БЕРЕКЕТ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер