Ұлт ұстазын ұлықтай білу – ұлттығымызды білдіреді - Қазыбек Иса

2894
Adyrna.kz Telegram
ҚОСТАНАЙ ӘУЕЖАЙЫ АХАҢ АТЫНДА БОЛАДЫ
Арқыраған ақпанның аяғында Ахаңның 150 жылдығы мерейтойын ашып келдік.
Он күн ел аралауымыздың аяғы Ахаңның туған өлкесіне жалғасты. 28 ақпанда Қостанайда ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының ЮНЕСКО аясында тойланатын 150 жылдық мерейтойының ресми ашылу салтанаты өтті.
Қостанай облысы әкімі Архимед Мұқанбетовпен кездесіп, еліміз елеңдеп отырған мерейтойдың барысы жөнінде сөйлестік. Әкім той туралы тоыққанды ақпарат берді.
Ахаңның 150 жылдығына байланысты Үкімет басшысы орынбасары Е.Тоғжановқа «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жолдағаны белгілі. Оның ішінде Алаш көсемдері Ахаң мен Жахаңның туған ауылдарына баратын жол жоқ екендігін жазып, барлығы 17 ұсыныс жасағанбыз. Олардың көбісі орындалып жатқаны туралы вице-премьердің жауабы да келген.
Біздің депутаттық сауалдан кейін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Жангелдин ауданына, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы ауылына барып, елмен кездесіп қайтқаны белгілі. Ахаңның тойына арналып істеліп жатқан іс-шараларды, оның ішінде жол салу басталғанын баяндап, жұрттың ой-пікірін, ұсыныстарын тыңдап, маңызды мәселелерді орындауға уәде етті. Ал ең бастысы– Ахаң ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары шешімін тауып отыр.
«2022 жылдың бюджетін бекіткен кезде жолдың 11,4 шақырымын жөндеуге 450 млн теңге бөлінген болатын. Қазіргі уақытта одан әрі қарай жол салу үшін құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінді. Құжат дайын болған бетте, жұмыстар басталады. Ол мақсатта қосымша 1,5 млрд теңге қарастырып отырмыз, бұл шамамен 21 шақырым жол төсеуге жетеді. Сонда 32 шақырым жолдың қаржысы шешіліп тұр. Ал көктемдегі бюджетті қайта пысықтау кезінде қалған шақырымдарға қаржы сұраймыз деп отырмыз»- деді Архимед Бегежанұлы.
Республикалық «Қазақ үні» газеті мен ұлттық порталында біздің «Ұлт ұстазын ұлықтауға қарсы қоғамдық кеңесті таратып жіберу керек» деген мақаламызда көтерілген мәселелерді де қолға алып жатқандарын айтты. «А.Байтұрсынұлы туған үйді қалпына келтіруге облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінді. Оны жаңғыртып, музей үйге айналдыру жоспарланып отыр» деді. Сондай-ақ, Орынбор қаласында Ахаңның ескерткішін орнату мәселесін демеушілер арқылы шешуге тырысып жатқандарын жеткізді.
Әкімнің айтуынша, біздің көтерген депутаттық сауал бойынша облыс орталығындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілу туралы ұсыныс облыстық мәслихат депутатары тарапынан өз қолдауын тауып жатыр екен. Әуежай әкімшілігі де өз келісімін берген. Бұл туралы облыстық мәслихат хатшысы, руханиятқа қамқор болып жүретін кәсіпкер Сайлаубек Ешанов та растады. Ал кеше облыстық мәслихат Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының атына беруді қолдап, бекітті. Енді республикалық ономастикалық комиссияның шешімі ғана қалды.
Құдай қаласа, Ахаңның тойына алыс-жақыннан ағылған қонақтарды Қостанайда ұшақтан түскен бетте әуежайда «Ахмет Байтұрсынұлы» деген айшықты жазумен Ахаңның өзі қарсы алып тұрса қандай ғанибет!
Мерейтой мәселесінде аймақ басшылығы барынша қимылдап жатыр екен. Халық үніне құлақ түре білген облыс әкімі Архимед Бегежанұлына алғыс айтамыз. Енді сол уәделердің барлығы орындалсын деп сенейік.
Ұлыларымызды ұлықтамасақ, ел болып алға жылжи алмаймыз.
Жалпы, Ахаң еліндегі сапарымыз туралы толық ақпаратты облыстық «Қостанай таңы» газетінде жазылған хабар мен журналист Қыдырбек Қиысханға берген сұқбатымыздан оқуға болады.
ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ ТОЙЫ РЕСМИ АШЫЛДЫ
Мерейтойдың әлқиссасы
Биыл 28 ақпанда Қостанайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ресми ашылу салтанаты өтті. Айтулы шараға ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Tілешов, Алматы қаласындағы АхметБайтұрсынұлы мемориалдық музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет, өңіріміздегі зиялықауым өкілдері қатысты. Салтанатты жиындыаймақ басшысы Архимед Мұхамбетов бастап, алыстан-жақыннан келген меймандар облысорталығындағы Ахаң ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастады.
Мұнан кейін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Ұлт ұстазы» дөңгелек үстел отырысына жалғасты. Алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімі жыл бойына өңірімізде ауқымды ғылыми-танымдық және мәдени-ағартушылық шараларды өткізу жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді:
— Ұлт ұстазына арналған айтулы шаралар өткен аптада Елордамыздан бастау алып, рухани көсемнің туған жерінде жалғасып жатыр. Жыл басында Жанкелдин ауданына жұмыс сапарымменбарып, халықпен кездесіп қайттық. Сол кездесуаясында ауыл тұрғындары жол жөндеу, интернет желісін қосу және медициналық көмек көрсету сапасын арттыру жөнінде өтініштерін жеткізгенболатын. Осыған байланысты қосымша шараларқабылдап жатырмыз. 2022 жылдың бюджетінбекіткен кезде «Шұбалаң-Қарасу» бағытындағы жолдың 11,4 шақырымын жөндеуге 450 млн теңге бөлінген болатын. Қазіргі уақытта одан әрі қарай жол салу үшін құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінді. Құжат дайын болған бетте, жұмыстар басталады. Ол мақсатта қосымша 1,5 млрд теңге қарастырып отырмыз, бұл шамамен 21 шақырым жол төсеуге жетеді. Шалғай ауылдарды интернет желісіне қосу бойынша Цифрландыру министрлігіжәне «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп жол картасы әзірленіп, жұмыстар пысықталуда. Жоспар аясында Торғай ауылындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейін» жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады және экспозициясы толығымен қайта жаңартылады. Оған қоса, А.Байтұрсынұлы туған үйді қалпына келтіруге облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінді. Оны жаңғыртып, музей үйге айналдыру жоспарланып отыр, — деді аймақ басшысы.
Ақын Қазыбек Иса өз сөзінде Ахаңның мерейтойына тоқталды:
- Әлемде барлық елде Ұлттың ұлы тұлғаларының мемориалдық кешені ең алдымен олардың туған жерінде болады. Киелі Жидебайды облыс орталығынан тым алыста деп Ұлы Абайдың мемориалдық кешенін Өскеменнен немесе Семейден салған жоқпыз ғой. Ұлыларға тағзым ету үшін ел алысты жақындатып, Абай ауылына барады. Сол секілді Ұлттың ұлы көсемі Ахмет Байтұрсынұлының әруағына тағзым ету үшін алыстағы Ахмет ауылына баруы керек, деді. —«Ақжол» партиясы биылғы жылды Мемлекеттік тіл жылы деп жариялауды ұсынды. Бірақ Үкімет Балалар жылы деп атады. Дегенмен ұлт үшін, қоғам үшін биыл Ахаң тойы қарсаңында Ана тіліжылы болады деп сенемін. Біздің көтерген депутаттық сауал бойынша облыс орталығындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілу туралы ұсыныс өз қолдауын тауып жатыр. Әуежай әкімшілігі өз келісімін берген, қазіргі күні осы мәселенің шешілуі үкіметтік деңгейде қарастылып жатыр. Сонымен бірге бір айта кетерім, мынау университеттің атындағы «Ахмет Байтұрсынов» деген тегіндегі «ов» жалғауын алып тастау керек. Алаш көсемдері Ахаң, Әлихан, Міржақыптар өз тектерінен ов» жалғауына қарсы болған, ол туралы мақалалары да бар— деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Жарты ғұмырын Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне арнаған Райхан Имаханбет «Қазақ» деп өткен Ахмет Байтұрсынұлының жасаған еңбегінің төрттен бір бөлшегінде жасай алғай отырмыз дейді. -Артқа тәуелсіздікпен бірге отыз жылдықты тастағанымен, қоғамда тұлғаларымыздың да еңбегі еленіп жатқан жоқ. Оны ескеруіміз керек. Әсіресе, біз атқа мініп жүрген ер азаматтарымызға қараймыз. Кешегі Алаш арыстарының рухын сіздерсезінбесеңіздер, қарапайым халықтың сезінгеніаздық етеді. Әсіресе, Ахметті ұшырған Ақкөлге үлкен көңіл аударуларыңызды сұраймын. Көбі елден тысқары жатыр деп ойлайды. Егер жағдайын жасаса, Ахмет туған өлкеге ел неге бармайды?,- деп ахметтанушы Ахмет атамыздың өлеңімен ойынтүйіндеді.
Сөз орайында айта кетейік, университет қабырғасында өткен жиында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса өңіріміздің тіл жанашылары ақын Ақылбек Шаяхмет пен «Қостанай таңы» газеттінің бас редакторы Жанұзақ Аязбековке «Ақ жол» партиясының еңбек ардагерлеріне арналған «Еңбегім еліме» медалін табыс етті. Салтанатты шара соңында белгілі ғалым, ақын Серікбай Оспановтың «Ұлт ұстазы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Мәртебелі меймандар мен ғалымдарға «Ахмет Байтұрсынов» құрмет медалі табыс етілді.
Айтулы шара қаламыздың мәдени орындарында да жалғасын тапты. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде, Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде, І.Омаров атындағы қазақ драма театрында, «Достық үйінде» және Балалар шығармашылық үйінде ахметтану дәріс сабақтары өтті. Жастарсарайында Ахмет Байтұрсынұлына арналған мерейлі жылдың салтанатты ашылу рәсімі болды. Әдеби-сазды кеш өтіп, онда Ахаңның әндері, күйлері орындалып, өлеңдері оқылады, кемеңгердің өмірінен театрландырылған қойылымдар ұсынылды. «Қостанай Плаза» сауда-ойын-сауық орталығында Ахмет образыменфотосессия, мектеп оқушыларының, студенттердің қатысуымен интерактивті шаралар өтті, ондабелгілі өнер иелері және көркемөнерпаздар ұжымы өнер көрсетті. Жастар арасында «Астықжан» саудаорталығы аймағында «Поиск» танымдық квестойыны ұйымдастырылды. «Маса» Youtube-жобасының тұсауы кесілді.
Мерейтой аясында «Байтұрсынұлы оқулары-2022», халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, «Ахаң жүрген жолмен» ғылыми экспедициясы, қайраткердің мұрасын зерттеуге арналған «Ахмет әлемі» интерактивті порталы, облыстық театр сахналарында тақырыптық қойылымдар жоспарланған. Ерекше атап өтетін жайт, келесі оқу жылы облыс үшін маңызды мамандықтар бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гранттар жергілікті бюджет есебінен тағайындалады.
Мерейтойға арналған негізгі іс-шараларды өзінің туған күні аясында, яғни 5 қыркүйек шамасында өткізу жоспарланған. Оған қоса, облыс орталығында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған ауқымды шаралар, «Тіл-қазына» фестивалі өтеді. Сондай-ақ, тарихи тұлғаның туған жері Жанкелдин ауданында бірқатар көлемді мерейтойлық шаралар, атап айтқанда әдеби музейдің жөндеуден кейінгі тұсаукесері, ғылыми тәжірибелік конференция, ақындар айтысы, оқушылар арасында «Ахмет оқулары» байқауы, ат спортынан жарыстар өткізу көзделген.
Айта кету керек, ақжолтай жаңалық, ұлт жанашырларының бастамасымен Ахаң атындағы өңірлік университет «ов» жалғауынан арылып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқу ордасы болып аталатын болды.
«Қостанай таңы» газеті
Қазыбек Иса: «ХАЛЫҚ ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛМАЙ, ЕЛ ЖАҒДАЙЫ ОҢАЛМАЙДЫ»
Парламентке келмей жатып-ақ халық қалаулысына айналған, елінің шын ықыласына бөленген, Мәжіліс төрінде отырған бір жылда тынымсыз еңбек тындырған Қазыбек Иса мырза. Әлеуметтік желіде жұртшылық осы игі істеріне қарап, «жоғары мінберде отырған ұлттың жоқтаушысы – Қаз дауысты Қазыбек» деп атап кетті. Ахмет Байтұрсынұлы жылының ресми ашылуына Ахаңның еліне келген халық қалаулысын қостанайлық халық та ыстық ықыласпен қарсы алды. Екі күн бойы қасында жүріп, біз де ол кісіге бауыр басып қалыппыз. Біраз әңгіменің шетін ағыттық. Сол сұқбатымызды ықшамдап, назарарыңызға ұсынып отырмыз.
КЕДЕЙШІЛІК КЕҢІНЕН ЖАЙЛАП АЛҒАН ЕЛМІЗ
​- Қазыбек Жарылқасынұлы, ел әуелден сізді ақын ретінде таниды. Ақын болғанда да, әсіресе, 2019 жылдың ақпанындағы елордада бір үйдің бес бірдей сәбиінің өртке орануы қазақ қоғамы үшін зор күйзеліс болғаны рас. Сол тұста сіз «Жер бетінде періштеге жоқ орын» деген елдіңсай-сүйегіңді сырқыратыр толғаужаздыңыз. Бұл жағдайдың артынан қоғамда үлкен сең қозғалатынын білдіңіз бе?
​- Бұның алдындағы жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында бір отбасының үш ұлы, содан кейін Қызылорда қаласында саяжайды паналаған отбасының Әлинұр, Алдияр, Абзал атты үш ұлы, ал ақпанда астанада аядай лашықта тұрып жатқан бір отбасының бес қызы өрттен қаза тапты. Үш оқиғада да көп балалы отбасының әке-шешелері түнгі жұмыста болған. Қу жоқшылық!
Ал сол кезде Әлеуметтік қорғау министрі көп балалы аналарға 16 мың теңге көп деп, елдің ызасын тудырса, вице-министр ауыр қасіретке ұшыраған ата-аналардың түнгі жұмыс істеуін «бұл олардың таңдауы» деп елді шошытты.Әлеуметтік желіде жұрт Әлеуметтік қорғау министрі мен вице-министрді орнынан кетсін деп шулап жатты. Бес қыздың өлімінен кейін белгілі режиссер Талғат Теменов телефон соғып, осы оқиғаны ауыр күйзеліспен жеткізді әрі маған өлең жазшы деп өтініш білдірді. «Жер бетінде періштеге жоқ орын» жыры содан туған болатын...
Осыдан кейін көп балалы аналар әр жерде талаптарын айтып ереуілдеді. Ақыры, үкімет отставкаға кетті. Тура осы қайғылы жағдайға тікелей қатысы бар деп айта алмаймын, бірақ сол жылы наурызда тұңғыш президент орнын босатты. Бәрібір бұл біздің қоғамда көп жылдардан бергі әлеуметтік теңсіздік, кедейшілік зарының өтіп кеткендігі екені анық.
АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН ҰМЫТУ –САЯСИ ҚАТЕЛІК
- Бір жылдан бері Мәжілістесіз әрі біз білетін ең белсенді депутатысыз. Құр аттан емес, нақты мәселелерді көтеріп, Үкіметке қарата талай сауалдар жолдадыңыз. Соның барлығы ұлттың қамы, әсіресе, Алаш арыстарына қатысты. Және сол жолданатын баяндамаларыңызды протоколмен бекіткендей ресми емес, қазақтың байырғы жалпақ тілімен жеткізіп жатасыз. Тыңдап, айызың бір қанып отырады. Бұл дегеніміз, қазақ қауымының кезіндегі Шерхан Мұртаза ағамыздың жанайқайының жаңғырығын сағынып қалғаны, ішіндегі қыжылын өзіңіз дөп басып жатырсыз деп айтсақ, келісесіз бе?
​- Әділетсіздікке ұшыраған, қуғын көрген кәрі тарих пен тарихи тұлғалардың есімі дөңгелеп отырып ұрпағының алдына қайтып келетіні – ұлы аксиома. Ол әлемдік тәжірибеде бар дүние. Өзіміз де қайранда кеткен Алаш боздақтарының жырымен сусындап өскендіктен, ішімізде жатқан бұлқыныстың болуы да заңдылық. Сол себепті, халықтың мұңы – менің мұңым, менің мұңым – халықтың мұңы болуы керек.
Өткен жылы Парламентке келісімен, «Ақ жол» партиясының фракциясы атынан Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдадық. Онда 30 жылдығы аталып өтетін Қазақ Елі Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестердің ішінде Алашорданың орны айрықша екені баса айтылды. Орта Азияда алғашқы заманауи саяси партия құрып, Алаш Орда автономиясын жариялаған Алаш арыстары Азаттық жолындағы ұлы күресте ұлт болашағы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білуімен қандай құрметке де лайықты. Басты Ұраны - Жерді сатпау, Елді сақтау, Тілді сақтау. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі комиссияның мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар қатарында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы да бар екені ескеріліп, Қарағандының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімін беру жөніндегі шешімді халық зор қуанышпен қарсы алды. Жалпы, соңғы кезде Алаш тақырыбының ел арасында кең тарала бастағаны өте қуанышты тенденция. Ел тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер қою, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет. Оның нәтижесі де жоқ емес – астанада Алаш көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың ескерткіштері асқақтап тұр қазір.
​Алайда, Алаш десе қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімдері ғана келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда ауқымды. Айталық, 2019 жылы «Ақ жол» партиясы «Алаш» институтымен бірлесіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Алаштанушы ғалымдардың зерттеулерінің негізінде жасалған тізімгекөпшілік қауымға есімдері ұмыт болған әр өңірдің жергілікті Алаш қайраткерлері енгізілді. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарынжергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандарға берудіұсынған болатынбыз. Алайда, алынған жауаптар көңілге қонбайды. Көбінесе жауаптар жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы жиырма шақты танымал басшыларының есімдерін атаумен ғана шектелген. Бұндай әділетсіздікті біз үлкен саяси қателік деп санаймыз. Жалпы, бізде мемлекет тарапынан бекітілген тізім бар, соған енген тұлғалар ғана әлгідей құрметке ие бола алады. Ол тізімгекөп Алаш қайраткерлері кірмеген. Алаш туралы талаптыескере отырып, сол мемлекеттік арнайы тізімді қайта қарау керек.
ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАЙ БІЛУ – ҰЛТТЫҒЫМЫЗДЫ БІЛДІРЕДІ
​- Міне, бүгін ұлт ұстазы, Алаштың көсемі Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойының ресми ашылу жиынына арнайы қатысуға Қостанай топырағына келіп отырсыз. Ахаңның бұл тойына әзірлік мәселесі қоғамда күні бұрын аз қозғалған жоқ. Бірақ өзіңіз сол мәселені парламентте нақтыұсыныстарыңызбен көтеріп, Үкіметке дейін ресми сауал жолдадыңыз. Бүгінгі мерекелік шараның бастауын сол еңбегіңіздің жемісі десек, артық айтқандық емес. Ойлағанымыз орындалды деп ауыз толтырып айта аласыз ба?
​- Иә, Ахаңның 150 жылдығына байланысты Үкімет басшысы орынбасары Е.Тоғжановқа «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жолдағанымды білесіздер. Оның ішінде Алаш көсемдері Ахаң мен Жахаңның туған ауылдарына баратын жол жоқ екендігін жаздық. Жақында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Жангелдин ауданына, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы ауылына барып, елмен кездесті. Ахаңның тойына арналып істеліп жатқан іс-шараларды, оның ішінде жол салу басталғанын баяндап, жұрттың ой-пікірін, ұсыныстарын тыңдап, маңызды мәселелерді орындауға уәде етті. Халық үніне құлақ түре білген облыс әкіміне алғыс айтамыз. Енді сол уәделердің барлығы орындалсын деп сенейік. Ұлыларымызды ұлықтамасақ, ел болып алға жылжи алмаймыз.
Ал жолданған сауалымызға Үкімет тарапынан жауап хат келді. Онда Қазақстан Президентінің 2021 жылғы 19 маусымдағы №624 Жарлығына сәйкес Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына дайындық және оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы аталған комиссия төрағасы болып белгіленгені жазылған. Жалпы республикалық жоспар бекітілді. ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін болды. Ол жайында көпшілік хабардар. Ал ең бастысы – Ахаң ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары шешімін тауып отыр. Біздің көтерген депутаттық сауал бойынша облыс орталығындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілу туралы ұсыныс өз қолдауын тауып жатыр. Қостанайға келген адам ұшақтан түскен бетте «Ахмет Байтұрсынұлы әуежайы» деген үлкен жазу алыпғимараттың маңдайшасында жазу қарсы алып тұрса қандай ғанибет! Бұл жағынан аймақ басшылығы зор еңбек жасапты.
​Алайда «қап, әттеген-ай» дегізген бір жайтқа қапаланып қалдық. Біз ұлт ұстазының еңселі ескерткіші тек Қостанаймен, қос астанамен ғана шектелмеуі керек, бүкіл Тұранның тұлғасы дерлік Ахаңның ескерткіші Түркі әлемінің ордасы Түркістанда, алғашқы астанамыздың бірі Қызылордада, Шымкентте, барлық облыс орталықтарында да тұруы тиіс, Түркияда Анкарада, Ресейде Орынборда, Өзбекстанда Ташкентте, Әзірбайжанда ескерткіштерун орнатуға қол жеткізу керек деп атап көрсетіп, ұсыныс жасаған едік. Ахаңның туған облысы орталығында өткен қоғамдық кеңес Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салуға және Орынбор қаласында ескерткішін орнатуға қарсы шығыпты. Қоғамдық кеңес осы ұйғарымды қолдап дауыс беріпті. Сылтаулары – «қаржы жетпейді- мыс». Ащы да болса айтайын, осы жайын естігенде, «Ұлт ұстазын ұлықтауға қарсы қоғамдық кеңесті таратып жіберу керек» деп жазған едік.
​Ұлттың ұлы ұстазына құрметіміз шексіз. Ол қазаққа ғана емес, тұтас түркі дүниесіне ортақ тұлға. Облыс әкімі Архимед Мұханбетовпен кездескенімізде осының бәрін айттық. Бір қуантарлығы, аймақ басшылығы көп дүние атқарып жатыр екен. Сын айтылады, сол сыннан қорытынды шығарылғаны дұрыс. Сынға қарсы шығу – халыққа қарсы шығу деген сөз. Ал ютуб арнасында таралған видеодағыАхмет Байтұрсынұлы үйінің мүшкіл халін айтып күйзелген Әбдісалық Жақсымбеков ақсақалменің телефонымды өзі тауып алып, депутататтық сауалыма байланысты «жылап отырып тыңдадық» деп, шынайы алғысын айтты.
Сол секілді талай ағайындар хабарласып, алғыстарын айтып жатыр. Елдің ақ тілегіне ризамыз, тек үміттерін ақтай алсақ деп қайрат танытып жүрміз.
Ең бастысы, Ұлт Ұстазын ұлықтай білу- ұлттығымызды, елдігімізді білдіреді.
ҚАНДЫ ҚАҢТАРДА ЕЛ ЕРЕУІЛГЕ ПҰЛ ҮШІН ҒАНА ЕМЕС, ТІЛ ҮШІН ДЕ ШЫҚТЫ...
- Аға, кешегі «қаңтар қасіреті» ел жадында көп уақыт бойы өшпейтіні анық. Осы бір шырмауы қалың оқиға мен оның салдары жайында бір ауыз пікіріңізді айтасыз ба?
​- Қай заманда да халықтың талабы орындалмай, елдің жағдайы орындалмайды. Кешегі қасіретті қаңтар қақтығысы болған кезде, Жаңаөзенде бейбіт ереуіл басталғанда, 3 қаңтар күні «Жаңаөзендіктердің талабы орындалуы тиіс» деп мақала жаздым. 4 қаңтарда Азат Перуашев «Ақ жол» партиясының фракциясын өткізді. 8 қаңтар күні «Қазақстан» ұлттық арнасының «Ашық алаң» бағдарламасына шықтым. Онда елдің намысы үшін, әлеуметтік әділдікті талап етіп ереуілге шығып, бейбіт шеру өткізген әрі сол жолда жазықсыз ұсталып жатқандарды босатуын талап еттім. Ал 9 қаңтарда “Қазақ үні” ұлттық порталына шыққан шыққан “ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙ АЛАТЫН ХАЛЫҚТЫҚ ҮКІМЕТ КЕРЕК! ЖАҢАӨЗЕН - ЖАҢА КЕЗЕҢ БАСТАУЫ» атты мақалам, одан соң 10 қаңтарда шыққан «ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАНДАР ЖАЗАҒА ІЛІНІП КЕТПЕУІ ТИІС”- атты мақаламқатты қолдауға ие болды. Белгілі тележурналист Нартай Аралбайұлының ютубарнасында ереуіл тақырыбында сұқбат бердім.
“АЛТЫНДЫ БАСЫП ОТЫРЫП, ЖАЛАҢАЯҚҚА АЙНАЛДЫҚ!”-атты жырым жарияланды.
26 қаңтарда: “Мемлекеттік төңкеріс жасағандар түгел анықталып тегіс жазалануы тиіс” деп, «Ақ жол» фракциясының Бас прокурорға депутаттық сауалын жариладым.
Басынан бастап, қамалғандар мен олардың туыстарымен кездесулер өткіздік. Мәселен, Азат Перуашев екеуміз Тараздағы түрмеде қапаста отырған 68 адамның барлығымен кездесіп, жеке-жеке сөйлестік.
Біздің араласуымызбен бірнеше жас түрмеден босап шықты, алды алғыстарын жариялап жатыр.
Халық көшеге пұл үшін ғана емес, тіл үшін де шыққанын жаздым. Жалпы, біз тіл мәселесін талай көтеріп келеміз. «Қазақ үні» газеті сайтында жарияланған Президенттен Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен Ашық хатқа бір жарым айда 126 мыңнан астамадам қол қойды!
​Жалпы, қаңтардағы қайғылы оқиға жайында аз айтылған жоқ. Біз де өз тарапымыздан барлық шындық ашылып, кінәлілер жазалануы тиіс екендігін талап етіп отырмыз. Біз үшін басты мақсат – мемлекетті сақтап қалу. Қазынаға бай, кенге толы елде кедейлер болмауы тиіс. Олигархтар заңсыз иеленген қаржыларын мемлекетке қайтаруы қажет. Ұлттық концепция қабылдайтын уақыт жетті. Қасірет қайталанбауы үшін ұлттық келісім жасалуы керек.
​Айталық, жаңа кезең бастауы болған Жаңаөзен ереуіліне Президенттің үкімет комиссиясын жіберіп, ереуілшілердің талабын орындатуы – отыз жылдық Тәуелсіздігіміздегі биліктің халыққа жасаған алғашқы қадамы. Бұдан он жыл бұрын Жаңаөзенде ереуіл болғанда не болғаны бәрімізге белгілі. Ал осы жолғы қаңтар қасіретінде Президенттің барлық жауапкершілікті өзі көтеруі мемлекетті сақтап қалды. Сондықтан, бұл жерде мемлекетті сақтау жолында мемлекет басшысының өзі де құрбандыққа барып отыр деуге болады. Бәрінен де 227 адамның қаза тапқаны орны толмас ауыр қайғы...
ТАБАНДЫ ТАЛАП ЕТКЕНДЕ, НӘТИЖЕСІ ДЕ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ
- Талап дегеннен шығады. Жалпы, жоғары жаққа қойған талаптарыңыз үнемі орындалып, қойған сауалдарыңыздан нәтижелі жауаптар келіп жата ма?
​- Өзіміз қарапайым халық ішінен шыққандықтан, ел атынан сайланғандықтан, әр кез сол жұртшылықтың ойындағы жатқан түйткілдерді нақты дәлелдермен орталыққа жеткізіп келеміз. Табанды талап еткенде, нәтижесі де дақсы болады. Бір ғана мысал айтайын. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы футболдан біздің жігіттеріміз Францияқұрамасынан 8:0 есебімен масқара болып жеңілген еді. Анау жылы туыс ел Түркиядан 6:0 болып ұтылғанда жерге кіріп кете жаздағанбыз. Бұл дегеніңіз футбол тарихында болмаған масқара жеңіліс! Осыған байланысты «Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды шашуды тоқтату керек! Оның орнына балалар спортын дамыту керек» деп талай мәселе көтердік. Үкіметке жолданған депутаттық сауалымыз қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде рекордтық деңгейде тарады. Қолдау пікірлердің көптігі сонша, есебі жоқ. Нәтижесіз футболға бөлінген 133 млрдқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді.
​Бұл депутаттық сауалымызға Үкіметтен жауап жетті. Заңда белгіленген мерзім бір ай болғанда «Ақ жолдың» депутаттық сауалы бойынша футбол бюджеті қайта қаралып жатқаны жөнінде, толық есептеліп біткенде жауап берілетіні туралы ескертпе келген еді. Атап айтқанда «Шахтер» (Қарағанды обл.) және «Қайсар» (Қызылорда обл.), «Ордабасы» (Шымкент қ.) футбол клубтары сенімгерлік басқаруға беріліп, «Тобыл» футбол клубы (Қостанай обл.) жекешелендірілді. Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімдігі «Оқжетпес» футбол клубын 2023 жылы жеке меншікке өткізуді жоспарлап отыр, ал Маңғыстау облысының әкімдігі өзіне тиесілі кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру мәселесін пысықтауда.
​Ең бастысы, кәсіби клубтарға бөлінетін қаражат 20,1 млрд теңгеге қысқартылып, бұл қаржы мемлекеттік спорттық тапсырысқа, спорт инфрақұрылымына, бұқаралық спорттық іс-шараларға қайта бағдарланатын болды.
​- Лайым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бастаған істеріңіз оңынан шешілгей деп тілейік. Кең көсіліп, сұқбат құрғаныңызға рахмет!
​Сұқбаттасқан Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Пікірлер