Бүгінгі сатира. Күйеуім «тормыз»

3802
Әйелдер мерекесіне екі күн қалғанда, күйеуіме ерекелей келіп, қалай еді, шетелдің ханымдары сияқты бір аяғымды көтеріп, «Хімм» –деп жөтеліп, бір түрлі, сәл бөгеліп, бетімде қан жоқ, көгеріп, ақырын ғана сөз бастадым, Орысша не еді, «Намық, жоқ намек» тастадым, Арс ете қалады ма деп, қасынан қашпадым.
–Отағасы, Серікжаан, бүгін наурыздың алтысы екен ғой, –дедім. Бетінен шөп еткізіп сүйіп те алдым. Мерекеге деп бір алтын сырға сыйласа болады ғой? Құлақтарымды тестіргеніме төрт жыл, жіп байлап қойғаным сол. Жарайды, алтынға ақылы жетпесе, әдемі көйлек. Ол болмаса, туфли... Бәрін қойшы, бір тал роза гүлін сыйлай салса, мәз болып қаламын ғой! Төсекті ерте салып дегендей... «Тормыз ғой, тормыз!»
–Серікжаан, бүгін алтыншы наурыз деймін, –дедім қайталап. Теледидардан футбол көріп отырған ол күлімсіреп:
–Ертең жетінші наурыз, –деді. Бұртиып, кетіп қалдым. Ертеңіне таң атпастан мойнына асылып, екі аяғымды көтере алмай:
–Жаным, Серікжаан, бүгін жетінші наурыз,–дедім. Есі ауып қалмаса, ертең әйелдер мерекесі екені есіне түсер?
–Ертең сегізінші, арғы күні тоғызыншы наурыз, –деді күйіп кеткір күйеуім. Адам деген әйелінің көңіліне қарау керек қой! Көңіл деген бір шайнам сағыздан да қалады... Сегізім сырғанап кетті. Тоңқаңдап, тоғызым келді. «Ештен кеш жақсы» –дейді, түсінер деген оймен алдына еркелей жата кетіп:
–Бүгін тоғызыншы наурыз, –дедім. Ол бетімнен сүйіп:
–Нәзипа, ертең тоғызы, одан кейін оны, он бірі, он екісі, он үші, он төрті, он бесі... отызы, отыз бірі, отыз екісі, отыз үші, отыз төртінші наурыз ғой, –деп тоқтамай кетті тегі. Отыз төртінші наурыз деген жоқ қой, ия? Туу, күйеуім «тормыз ғой, тормыз», сендердің күйеулерің қандай өзі? Майға піскен нандай ма? Әлде, түзде жүрген аңдай ма?
Мұхтар ШЕРІМ
Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket