Қанат Бозымбаев «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауын өткізді

1876
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алматы облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қанат Бозымбаев партияның қоғамдық қабылдауы шеңберінде жеке азаматтарды қабылдады. Облыстың әр қиырынан онлайн байланысқа қосылған 9 тұрғын жол жөндеу, ауыз су сапасын жақсарту, әлеуметтік қолдау шаралары, тұрғын үймен қамту, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға қатысты сауалдарын қойды, - деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы

Мәселен, «Көкпек – Кеген - Түп» автокөлік жолының 53-68 км аралығындағы «Қайқы асуы» жолының жөндеу жұмыстары аяқталмағандықтан ауыл тұрғындарына қиындық туғызып отыр», - дейді Кеген ауданының тұрғыны Жақсылық Ибрайымбай. Ал көксулық Ілияс Ұзақов Мұсабек пен Мәулімбай ауылдарының арасындағы 11 шақырымдық жол бірнеше мәрте қиыршық тас төселгенімен ұзаққа шыдамайтынын айтты. Сол сияқты Іле ауданындағы «Даму» ИЛО маңындағы темір жол арқылы салынуы тиіс жол мәселесі де өзекті. Себебі бұл темір жол өткелі «Алматы – Жетіген - Қапшағай су қоймасы» автожолында орналасқандықтан көлік кептелісін ұлғайтып отыр. Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаевтың айтуынша, республикалық маңызы бар «Көкпек – Кеген - Түп» автокөлік жолының құрылысына қажетті қаражат толық көлемде бөлінген. Құрылысы биылғы жылы аяқталады. Ал Көксу ауданындағы аталған екі ауылдың арасындағы жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы қарастырылатын болады. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің құзырындағы темір жол өткелін салудың тиісті құжаттамалары әзірленгеннен кейін республикалық бюджетке өтінім берілмек.

Алакөл ауданы Бұлақты ауылының әзірге тек 20% ауыз сумен қамтылған, бұл мәселені шешу үшін су тарататын 28 шақырым желіні жаңғырту керек. Бұл проблема жайлы ауыл тұрғындары атынан ардагер Серік Қанапиянов сөз етті. Жауаптан белгілі болғанындай, ауылды ауыз сумен толық қамту бағытындағы жұмыстар барлық тиісті құжаттары әзірленіп біткен соң 2023 жылы басталады.

Облыста 1400 мүшесі бар саңыраулар қоғамының жанайқайын «Жетісу» телеарнасының сурдоаудармашысы Айгүл Оқпаева жеткізді. Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары жыл сайынғы кезекті медициналық-әлеуметтік экспертиза үшін компьютерлік аудиометриядан өтуі қажет. Осы аппарат үшін балалар Алматыға сабылады. Сондықтан мұндай қажетті медициналық құрылғы облыс орталығына керек-ақ. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтеріп, қабылдауға арнайы қосылғаны үшін  үшін А.Оқпаеваға облыс әкімі Қанат Бозымбаев ризашылығын білдірді. Және жарты жылдың ішінде Талдықорған көп салалы ауруханасына осында аппарат сатып алынатынын жеткізді. Сонымен қатар есту қабілеті нашар балалар үшін балабақшада арнайы топ ашу мәселесі де зерделенетінін айтты.

«Алпамыс» қоғамдық бірлестігінің Талдықорған қаласында орналасқан жертөледегі ғимаратына кіретін жерге пандус орнату мәселесі де қабылдау барысында шешімін тапты. Бұл іспен Талдықорған қалалық әкімдігі айналысатын болады.

Сондай-ақ тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және қақтығыстарға қатысушыларды әлеуметтік қолдау, кезекпен тұрғын үй алу, газға қосылу құнын төмендету мәселелері де көтерілді.

Қойылған сауалдардың барлығына толыққанды жауаптар беріліп, оларға қатысты Қанат Бозымбаев тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

 

Пікірлер