Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. Ал ол Отанды сақтап қалу үшін не істеу керек? Отбасында әйел адам мен ер адамның орны қандай болу қажет? Бүгін, отау тіккендеріне 3 жыл, 17 жыл, 30 жыл болған ерлі-зайыпты кейіпкерлеріміз бақытты отбасы болудың қарапайым принциптерімен бөлісті.
Серікбол мен Жанар, некеде 3 жыл: Материалдық жағдайдың дұрыс болмауы ажырасуға әкеліп соғады
Таныстықтары туралы
Серікбол: Түркістан қаласындағы «Дарын» мектебін тәмәмдап, Алматы қаласындағы IT университетінде білім алдым.
Жанар: Түркістан қаласының тумасымын. Серік екеуміз бір сыныпта оқыдық. Мен МАБ университетіне оқуға түстім. Оқуды бітіре салысымызбен шаңырақ көтердік. Екеуміз бір мектептен білім алған сыныптастармыз. Бірақ мектеп кезінде бір-бірімізді ұнатып, қыз-жігіт ретінде араласқан жоқпыз. Тек сыныптас достар ретінде сөйлесетінбіз. Бір мектепте, бір сыныпта оқып жүріп, достығымыз осындай үлкен сезімге ұласады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті.
Серікбол: Бір-бірімізге деген махаббатымыз мектеп бітірген жылдан бастау алды. Яғни, 2-курста жаңалықтарымызбен бөлісу мақсатында сыныптастар болып бас қостық. Осы кездесуде Жанарды алғаш көргендей күй кешіп, кеудемді ерекше бір сезім кернеді. Махаббатымыздың ұшқыны дәл осы кездері басталды. Күн сайын хабарласып, кездесуге жиі шақыратын болдым. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген сөз дәл бізге айтылғандай (күлді).
Жанар: Ата-анам Серікті мектеп қабырғасынан танығандықтан шаңырақ көтеруімізге ешқандай қарсылықтарын білдірмеді. Өйткені, оның жақсы әрі қарапайым, еңбекқор жігіт екеніне көздері жетті. Серіктің ата-анасы мені де сырттай танып, білгендіктен отау құруымызға ризашылықтарын білдіріп, бірден келісімдерін берді.
Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды
Серікбол: Жанарды бұрыннан танитындықтан, оны танып-білуімде жаңа өзгешелік болмады. Осы күнге дейін жұбайымды сексен пайыз тани алдым десем де болады. Қыз-жігіт болып жүрген уақыттары «жаным, күнім, балапаным» сынды жылы сөздерді жиі айтып тұратынбыз. Әйтсе де, ата-анамыздың алдында бір-бірімізді бұлай еркелетуіміз ерсі көрінгендіктен, қазір Жанар маған әкесі, ал мен анасы деп айтамын.
Жанар: Үй болғаннай кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бір-бірімізге ренжіп қалсақ кешірімді әрдайым жұбайым сұрайды. Мейлі менікі дұрыс не бұрыс болсын, қыз баласы болғаннан кейін еркелеп, өзімдікін дұрыс қылып аламын. Бірақ ренішіміз ұзаққа барған емес. Тез ренжісіп, бірден татуласып кетеміз.
Отбасын сақтап қалу үшін…
Серікбол: Жастарымыз шаңырақ көтерместен бұрын материалдық жағдайларын реттеп алған жөн. Ер адам баспаналы болып үйленетін болса, түсініспеушіліктер орын алмайды. Себебі, қазіргі уақытта материалдық жағдайдың дұрыс болмауынан келіспеушілік туындайды және арты ажырасуға әкеліп соғады.
Жанар: Қыз балаларына айтарым: ер адамға әрдайым қолдау көрсетіп жүру керек. Əйелдер отбасын сақтаушы ретінде бақ-берекені ең алдымен балаларынан
Серік: Қазіргі таңда арландай екі батырдың ата-анасы атанып отырмыз. Ұлдарымыздың үлкені Жансұлтан 3 жаста, кішкентайымыз Әлихан бес айлық.
Бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жас бала-жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың.
Ата-ана балаға неғұрлым көңіл аударып, сезімдерін оята білсе, соғұрлым баланың ойы еркін дамиды. Біз үлкен ұлымызды барынша қадағалап, қазірден мейірімділікке, адалдыққа, адамгершілікке шақырып отырамыз. Себебі, кейін артынан ерген іні-қарындастары оның жасаған іс-әрекетіне қарап бой түзейді.
Марат пен Жанар, некеде 17 жыл: Бақыт дүниемен, ақшамен өлшенетін зат емес
Әйел адамның қабағы әрдайым ашық болу керек
Жанар: Біздің Маратпен таныстығымыз кездейсоқ болды. Менің әкем, Мараттың анасы, яғни қазіргі кезде екінші анам да көк базарда жұмыс жасайтын. Әкем Жамбыл өңірінен ет алып келіп сататын. Студент болып жүріп, әкеме қолғабыс болып жанына баратынмын. Арамыздағы таныстығымыз «сіз, біз, аға, қарындас» болып жүріп махаббатқа ұласып кетті. Жолдасым әскери академияда, мен ҚазҰУ қалашығының филология факультетінде білім алдым. Отау құрғанымызға биыл 17 жыл болды. Марат дәл анасының туған күнінде қара шаңыраққа мені келін қылып түсірді.
Марат: Отбасы болғаннан кейін ұрыс бір жақтан шықпайды. Шапалақтың өзі бір алақанға тимесе шапалақ болмайды. Отбасылық ұрысқа міндетті түрде екі жақ әсер етіп тұрады. Әйел адамның қабағы әрдайым ашық болу керек. Себебі, бұл ер адамның көңіл-күйіне тікелей әсерін тигізеді. Бізде көп жағдайда қай жақ қатты ашулы болып тұр, сол жақ үндемей қоя салуға тырысады. Мен ашулы болып тұрған кезде, әйелім атмосфераны жақсы жаққа аударуға тырысады. Ал, әйелімнің ренішінің орынды екенін ұққан жағдайда, гүлін әкеліп көңілін аулауға тырысамын.
Отбасын сақтап қалу үшін…
Марат: Материалдық жағдай бұл бақытты боламын деп талпынған отбасыға өздігінен келетін күш деп түсінемін. Егер ниетің түзу болып, адал еңбек етіп, Аллаға сенсең оның барлығы бірітіндеп келетін дүние. Әкенің малы балаға ешқашан азық болмайды, егер ол баланың басында санасы, ізденісі болмаса. Әке-шешенің балаға берер байлығы ол білім мен дұрыс тәрбие деп білемін. Қоғам бұл отбасынан тұрады. Өз отбасын бақытты ете алмаған адам, қоғамға пайдасын әкеле алады деп ойламаймын. Себебі, отан отбасынан басталады. Балаға барынша тәрбие, білім беріп өсірсең жемісін міндетті түрде көресің.
Жанар: Шыны керек, біз ата-анамыздың қолынан бөлініп шыққан кезде не басымызда үй, не астымызда көлігіміз болмады. Әке-шешеміздің бізге дұрыс тәрбие-тәлім беріп, оқытып алған дипломымыз ғана болды. Газы, жарығы, суы жоқ кішкентай ғана бір бөлмелі үйде тұрдық. Мен өзім үйде отыра алмайтын адаммын. Сол уақыттары бірден жұмысқа ерте кірісіп кеттім. Жұмыстан келе салып сырт киімімді шешпестен қорадан ағаш, көмірді әкеліп от жаға бастаймын. Сол жастық шағымдағы қиыншылықтың, еңбектің арқасында шыңдалып, қайраттандым. Үлкен үйді көтеру бізге оңай болған жоқ. Несие де алып, тапқан нәпақамызды осыған төлеп отырдық. Кейде ақша жетпей жатқан кездері қолымызды бір сілтегіміз келген сәттер де болды. Бірақ мен мұны қиындыққа санамаймын, керісінше жақсылыққа ұмтылу деп түсінемін.
Әйел адам бақытты болса, отбасы бақытты деген сөз. Бақыт дүниемен, ақшамен өлшенетін зат емес. Бақыт – мейірімнен тұрады.
Көп әйелдер мансап қуу жолында құрбандыққа кетіп жатады. Менің жолдасым әскери адам болғандықтан, әр жерге көшіп-қонып жүрдік. Ер адамның өсіп-өнуіне, діттеген мақсаттарына жетуіне әйел адамның қолдауы керек. Сол бағытта жұмыс жасаймын. Мен үшін бірінші орында отбасы. Жолдасым жұмыста өсуіме, жоғарғы бір дәрежеге жетуімде ешқашан қарсылығын білдірген емес. Қазіргі кезде ғылым кандидатымын. Бүгінде үлкен жетістіктерге әрдайым бір-бірімізге серік болып, қолдау көрсетуіміздің арқасында 17 жылда осындай жағдайға жеттік. Аллаға шүкір, қазір төрт баланың ата-анасымыз. Бұл бақытқа жету үлкен ізденіспен келді.
Ерекшеленіп жүретін әйелден күйеуі ешқашан жалықпайды
Жанар: Адамды жүз пайыз тану мүмкін емес. Себебі, адам өзін толықтай тани алмайды. Күнде ізденісте жүріп, даму арқылы адам өзгере бастайды. Менің ойымша, әйел адам ерінің алдында жақсы қылығымен ерекшеленіп отыруы қажет. Сол кезде саған деген қызығушылығы одан әрі арта түседі. Бүгін менің әйелім қандай қылық шығарады екен деп күтетіндей болу керек. Әйелдерге айтарым тіпті ұрыстың форматын өзгертіп отыру керек. Бір сарынды ұрыс еркекті жалықтырып жібереді. Әрдайым ерекшеленіп жүретін әйелден күйеуі ешқашан жалықпайды.
Марат: Балаларымыздың тәрбиесіне қатты көңіл бөлеміз. Барынша, демалыс күндері қыдыртып тұрамыз. Балаларымыздың күндерін қалай өткізгендігі жайлы міндетті түрде сұрап отырамыз. Сосын балаларымыздың біліміне де қатты мән береміз. Мысалы, орыс тілі, математика пәндеріне мен көмектессем, қазақ тілі, әдебиет пәндеріне анасы көңіл бөледі. Көмектесу деген бізде үй тапсырмаларын орындап беру емес, тек қателерін тексеріп бағыт-бағдар беріп отыру.
Талғат пен Салтанат некеде 30 жыл: Ерлі-зайыптылар бір-біріне кешірімді болу керек
Таныстықтары туралы
Талғат: Мектеп қабырғасы алғашқы достарды табыстырушы, алғашқы махаббатты таныстырушы орта. Менің жұбайыма деген махаббатым да мектеп қабырғасынан бастау алды. Салтанатқа қатты ғашық болдым. Қазірігі жастарға қатты қызығамын, таңқаламын. Мүмкіншіліктері өте көп. Ал бізде сол уақытта әлеуметтік желі деген жоқ болатын. Тек үлкен батылдық пен еңбек арқылы сүйген қызымызға қол жеткізетінбіз. Ғашық болған қызымыздың жанына барайын десек бара алмай, сөз салайын десек сала алмай қиналып жүрген ең бір тәтті кездер еді. Мектепте Салтанатты тек сырттай бақылап жүретінмін. Жұбайым тек қана оқып қана қоймай, сонымен қатар дүкенде сатушы болып қызмет атқаратын. Арнайы Салтанатты көру үшін дүкенге де барып, бірақ аузыма құм құйылып үндемей қайтып кететінмін. Сөйтіп күндердің бір күні жолдасым Мұратбек екеуміз қыдырып қайтуға көлікпен жолға шықтық. Бірақ қайда баратынымызды, не істейтінімізді білмедік. Сосын мен «бүгін үйге келін апарайық» деп балалық легпен шешім қабылдадым. Жанымдағы дос балам да бірден келісіп, түнде Салтанатты құрбысының көмегімен сыртқа шығарып, алып қаштық.
Салтанат: Мектеп кезінде ойын-сауық кештері болып тұратын. Талғат сол кезден гитарада, домбырада мықты ойнайтын. Ән айтып, сыйлық ұтып алса бірден маған әкеліп беретін. Негізі, бұл алып қашу операциясы екінші рет қайталанды. Бірінші жоспарлары менің біліп қоюыма байланысты, сәтсіз аяқталған болатын (күлді). Екінші рет алып қашқаннан кейін осы үйде қалып қалдық. Себебі, бізге бала кезден әжеміз, анамыз «табалдырық аттадың ба, қайтып келме!» деген үлкен шарт қоятын. Аллаға шүкір, бүгінде отау құрғанымызға 30 жыл болды. Қазір де бір ұл, бір қызымыз бар. Балаларымызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, еркіндікте өсірдік. Бүгінде, ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырайын деп отырмыз.
Әйел адам әрдайым ер адамнан бір саты төмен болуы керек
Салтанат: Әйел адам әрдайым ер адамнан бір саты төмен болуы керек. Бізге бала кезден анамыз ер адамның алдына шықпа, ер адамның айтқаны дұрыс деп санамызға құйып отыратын. Расыменде, ерін биік ұстаған әрбір шаңырақта береке, бірлік артып, несібесі молаяды. Отбасының бақытты болуының алғашқы принципі әйел адамға байланысты. Қазақта «Әйел адам бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қасиетті сөз бар.
Талғаттың ең жақсы қасиетінің бірі – кек сақтамайды. Ашуы да шай орамал кепкенше тез қайтады.
Талғат: Еркек адам ашушаң, шыдамсыз болып келеді. Егер әйелі ерінің кемшілігін, қатесесін ақылға салып шешіп отырса сонда ғана жақсы отбасы болып қалыптасады. Ер адамның басын төрге де, көрге де тартатын әйелдер. Шыны керек, біздің басымыздан қиындық та, қызық та, ұрыс-керіс те өтті. Қу арақтың кесірінен талай келіспеушіліктер болды. Арақты тастағалы отбасында бір жылулықы пайда болып, береке кірді. Жұмыста табылып, айымыз оңынан туды. Біз қазақ халқы еліктегіш халықпыз. Келіспеушіліктер болып қалған жағдайда кешірімді бірінші мен сұраймын. Дегенмен алда талай уақыт бар ғой, мүмкін кешірім сұрауға үйретерміз (күлді).
Қиындықсыз өмір болмайды. Біздің шаңырақ көтеруіміз өте қиын жылға түсті. Яғни, өмірдің ауыртпалықтары 1990-1991 жылдары болды. Тіпті, осы жылдары нанға ақша таппай қалдық. Бірақ, осы қиын күндері сағымыз сынбай, керісінше бір-бірімізге демеу болдық. Қазіргі уақытта бір-бірімізді 100 пайыз тани алдық. Шыны керек, қылықтарымыз да, мінезіміз де ұқсап, бір адамдай болып кеттік. Шаңырақ көтерген 2-3 жылда адамды бірден танып-білу мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, бір-бірімізді толықтай 15 жылда тани алдық.
Отбасын сақтап қалу үшін…
Салтанат: Ерлі-зайыптылар бір-біріне кешірімді болу керек. Себебі барлық адамнан да қателік кетеді. Кезінде ажырасып кетуге дейін барғанмын. Сол кезде жан құрбым: “сен өзіңді ғана ойламай, жан-жағыңа да қара. Бір күндік өмірмен сүрмей, ертеңгі күніңе де көз жүгірт”, – деп ақылын айтты. Біз әйелдер көбіне өзімізді мықты санаймыз. Еркектің жасай алған ісін, бізде жасай аламыз деп қателікке бой алдырып жатамыз. Осы тұста, баланың болашағын ойламаймыз. Ал, балаға әке де, шеше де керек.
Қазіргі уақыттағы жастарымызға айтар ақыл-кеңесіміз шыдамды болыңдар. Сендер ажырастыңдар, ал ортадағы бала не болмақ? Жарайды, әйелге жаңа күйеу, күйеуге жаңа әйел табылар. Бірақ балаға ешкімде туған әке-шешесінің орнын толтыра алмайды.
Талғат: Үйленердің алдында дұрыстап ойланып барып, бір шешімге келу керек. Себебі, үйлену оңай, үй болу қиын. Үйленбестен бұрын шаңырағыңды дайындап ал. Әке мен шешенің де мойнына іліне беруге болмайды. Өзің де әрекет қылып, болашағың үшін еңбектенуің қажет. Ақылды балалар алдымен материалдық жағдайын реттеп алып, үйленуге бел буады.
Отбасы. Бұл ұғым оттың басы деген сөзден шыққан. Яғни оттың басы – әке. Отбасы бұл жеке бір мемлекет. Жақсы отбасы тәрбиелеп шығару, бұл сенің қоғамға берер үлкен үлесің.
Құралай Қалиева, психолог:
Отбасының берекесін кіргізуде, бақытты отбасын қалыптастыруда әйелдердің өзіндік ерекше орны бар. Бақытты әйел өмір сүретін отбасы бақытсыз болуы мүмкін емес. Әйел бақытты болды деген сөз, ол отбасының берекесі кіріп, отбасы мүшелері үйлесімділікте өмір сүреді. Ал ер адам – отбасының тірегі, басы. Табиғат әйел адамды еркекке энергия сыйлау үшін жаратқан. Сіздің оған көзқарасыңыз, жылы сөзіңіз, өзіңіз әзірлеген тамақ, сіз жуған киімдер мен төсек жабындары, тағы-тағы айтса, сан жетпес әйел істейтін тірліктер еркегіңізге энергия береді. Әйел энергиясының күші сондай мықты. Генетикалық табиғаттың ерекшелігі сол: әйелдер өзінің энергиясын жақсы көрген еркегіне беруі керек. Егер бұл процесс тоқтап қалса, онда әйел ағзасы өзін-өзі жоя бастайды. Алдымен нерв жүйесі бұзылады, содан кейін бүйрек, олардың артынан қалғандары жалғасып кете береді. Әйелдерден өзінде бар энергияны табиғат еркекке беруін талап етеді. Энергия үнемі қозғалыста болу керек, яғни жұмсалып, жұмсалған энергия толықтырылып отыруы керек. Егер ол тоқтап қалса, ақырындап әсер ететін қауіпке айналады.
baribar.kz