Al Jazeera: Қанды шайқас күтіп тұр...

2167
Adyrna.kz Telegram

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс Украина дағдарысы басталғалы бері үзбей жалғасып келеді. Төрткүл дүние бақылап отырған екі ел арасындағы шиеленісті соңғы кезде туындаған оқиғалар ұлғайтып, тіпті өңірдің қайшылығын асқындырып жіберді. Бұл жөнінде араб телеарнасы Al Jazeera да сарапшылар пікіріне сүйеніп: «Украина Ресеймен тікелей қақтығыс тудыратын әскери әрекеттерді бастауға мүдделі емес» деп жазды. Сондай-ақ, мақала авторы Донбастағы әскери қақтығыстың салдары апатқа айналуы мүмкін екенін түсінген Украина президенті Зеленскийдің риторикасы жақында өзгергенін атап өтті.

Айта кетейік, Украинаның шығысында сепаратистермен соғыс 8 жыл бойы жалғасып келеді. Ұрысты тоқтату үшін түрлі келісім жасалғанымен, Донбастағы қақтығыс бір күнге де тоқтамады. БҰҰ-ның мәліметінше, 2014 жылдың сәуірінен бері Донбаста 13 мыңнан астам адам қаза тауып, бір миллионға жуық халық көшіп кеткен.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің ойынша, Донбастағы қақтығысты тоқтатудың жалғыз жолы -  Ресеймен тікелей байланыс орнату. Ол Украинада 2014 жылғы дағдарыс басталғаннан 2019 жылғы президенттік сайлауға дейін қабылданған «Ресейге сенбе» тәсілін өзгертті.  Алайда жағдай ушығып, Киевтегі билеуші ​​режимін өзгерте алатын ауқымды қақтығыстарды бастау қаупі туындағаннан кейін, соғыс жалғыз шешімге айналды.

Бұған Украина мен Ресей арасындағы  байланыстың түбегейлі тоқтауы мен «Нормандия форматы» аясында  Украинаның шығысындағы жағдайды реттеу үшін төрт елдің (Германия, Украина, Ресей және Франция) жоғары лауазымды өкілдерінің дипломатиялық тобы дәлел. Қазіргі дағдарысқа байланысты Киев пен Берлин арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуін де атап өткен жөн. Бұған қоса, Киев Ресейдің стратегиялық қарсыласы АҚШ-тан көп мөлшерде жоғары сапалы  қару-жарақ  алғандығығы бейбіт шешімге тосқауыл болып отыр.

 Үміттің күйреуі

 Украина сарапшыларының  пікірінше, Зеленский өз көзқарасын өзгертуге мәжбүр. Өйткені ол  батыстағы «серіктестері мен одақтастарының» қолдауына  тәуелді.

Ал саясаттанушы Дмитрий Бортников: «Зеленский Кремльмен диалог құрудың қажеті жоқ екенін біледі. Өйткені ол Путинмен тікелей кездесуден бірнеше рет бас тарты. Егер кездесу өтетін болса, Қырым Ресей территориясы екенін және Мәскеу Украинаның шығысындағы дағдарысты шешуде делдал рөлін атқаратынын ескерсек, онда Қырым мен Донбасс мәселесі талқыланбайды. Қысқасы, Ресеймен диалог құру мүмкін емес. Егер мүмкін болған жағдайда ешқандай нәтиже болмайды», - деп қостады.

 Мәскеу Киевті Донбассқа қарулы шабуыл дайындады деп айыптады

Мәскеу Киевті түріктің «Байрактар» ұшқышсыз ұшағын пайдаланғаннан кейін, Донбасқа қарсы қарулы шабуыл дайындады деп тағы да айыптады.  Бұл Әзірбайжанның бірнеше ай бұрын Таулы Қарабақты азат ету үшін жасаған әскери операциясын еске түсіреді.

Әрине, Киевте бұл айыптаулар жоққа шығарылды. Бірақ оның риторикасы түрік ұшқышсыз ұшақ оқиғасынан кейін айтарлықтай өзгергені анық. Киев өз территориясын ресейшіл құрылымдардан азат ету үшін қару қолдануға құқылы екенін мәлімдеп, «Мәскеу делдал емес, қақтығыстың тарапы» екенін баса айтты.

Украина соғыс бастауға мүдделі ме?

Киев  ресейлік күштердің украиналықтардан әлдеқайда жоғары екенін жақсы біледі. Сарапшылардың пайымдауынша, Украина «ресейлік азшылықтарды қорғаймыз» деген желеумен араласудан тартынбайтын, Ресеймен тікелей текетірес тудыратын кез келген әскери әрекетті бастауға мүдделі емес. Бірақ  Мәскеудегілер Украинаның жаңа аймақтық және жаһандық айнымалылар тұрғысынан Ресеймен соғыс бастауы мүмкін деп ойлайды.

Ал Владимир Зеленский украиндерге үндеу жолдады. Ол «елдің шығысында жағдай бақылауда» екенін мәлімдеп, жағдайды бейбіт жолмен шешу жұмыстары жүргезіліп жатқанын атап айтты. Қорғаныс министрі Александр Резинков те ешқандай шабуыл болмайды дейді.

Еуропадағы бөліну: Қай ел  Украинамен  Ресейге қарсы тұрады және неліктен? (Главред, Украина)

Стратегиялар мен технологияларды талдау орталығының директоры Руслан Пуховтың айтуынша, Украина соғыс іздеп жүрген жоқ. Бірақ  Ресейді  және орыс халқын қазіргі билікке қарсы қоюдың жалғыз жолы – Путин билікте болғанша, елдің шығысындағы қақтығысты жалғастыру.

Киев Таулы Қарабақ сценарийі бойынша, Донбасты азат ете алады. Алайда одан ештеңе шықпайтынын біледі. Ал Ресей араласса, тек орыс ұлтына ғана емес, бірнеше елге әсер ететін үлкен әрі шығыны мол соғыс басталмақ.

Украинаның қажеттіліктері Американың мүдделеріне сәйкес келе ме?

Соғысқа «украиндық мүдде» бар деген болжамға сүйене отырып, сарапшылар Украинаның өз территориясын азат ету қажеттілігін Американың аймақтық және халықаралық мүдделерімен байланыстырады.

Пухов та дәл осындай пікірде: «Украина Америка әскерлері  Ауғанстаннан  шығарылғаннан кейін, Ресей мен Қытайдың ықпалын әлсірету үшін АҚШ қалдырған вакуумды пайдаланды. Украина бұл мақсат үшін тамаша арена. Менің ойымша, бұдан Еуропалық Одақ пен НАТО-ның ірі елдері қарсы болғанына қарамастан,  АҚШ-тың неліктен Киевті қолдап отырғандығын білуге болады».

Бұл Киев пен Вашингтон арасындағы байланыстың «үйлесімділігіне» және  Украина мен Германия арасының «бөтендеуіне» әкеліп соқты. Себебі, Берлин әзірге Киевті қаруландырудан бас тартып отыр. Олар Ресей газын Германияға тасымалдауға арналған «Солтүстік ағын-2» газ құбырын құтқару үшін соғыс қаупін жойып, дағдарысты бейбіт жолмен шешуді талап етуде.

Украина ең көп шығынға ұшыраған ел

Украиндықтар ресейлік теорияларды, гипотезаларды және «талаптарды» бірауыздан дерлік жоққа шығарып, Украина соғысты қаламайды және ол ең көп шығынға ұшырағын ел екенін мәлімдеді.

Алайда саясаттанушы Владимир Шумковтың мәліметінше, Украинамен шекараға 100 мыңнан астам әскерін орналастырған Ресей соғысты бастағалы отыр.

«Украина билеуші ​​режимді өзгерту қаупін тудыратын  соғысқа қалай қызығады?  Бұған қоса, бұл Украина мен Еуропаға ғана әсер етіп қоймайды. Тіпті үшінші дүниежүзілік соғыс болуы мүмкін», - деді ол Al Jazeera арнасына берген сұхбатында.

Журналист Мұхаммед Зауи де осындай пікірде: «Украина мүлде мүдделі емес. Қазіргі қақтығыс оған бірнеше аумақтан айырылу қаупін төндіреді. Ал ресейліктер Шешенстан, Грузия және Сириядағыдай күйдірілген жердің сүйікті тактикасына көшуі мүмкін».

Алайда жергілікті БАҚ құралдары батыс елдеріндегі әріптестерінің аса қатты белсенділік танытып отырғанына қапалы. Өйткені олар Украина шекарасы маңындағы Ресей сарбаздарының санын да артығымен көрсетіп, соғыс бастауы мүмкін үрейлі ақпараттарды таратып отыр. Саяси сарапшы, журналист Петр Билянның пікірінше, мұның барлығы – «саяси ойын».

«Бағаны көтеру»

Сарапшылардың болжауынша, ресейліктермен соғыс басталса, Украина  бағаны көтеруі әбден мүмкін.

Саясаттанушы Дмитрий Бортников: «Украиналықтарда төзімнен басқа ештеңе жоқ. Олар жеңіледі. АҚШ, Ұлыбритания және басқа елдердің қолдауымен ресейліктермен соғысу әскер саны жағынан да, батыстың қатаң санкцияларынан да  кең ауқымды апатты болады. Меніңше, Ресейдің амбициялары Украина шекарасынан асып кетсе, бүкіл әлем үшін қауіпті және қиын әрі  өте қымбатқа түспек», - дейді.

Дегенмен, екі ел арасындағы қақтығыс әлі де басылар емес. Екі тарап та бірін-бірі тұйыққа тіреп, кемшілігін қарастыруда.  Егер  жалғаса берсе, Қазақстан үшін де қиынға соғары сөзсіз. Оқиғалардың беталысы шағын көлемді соғысқа әкелуі мүмкін.

Дана НҰРМҰХАНБЕТ

Пікірлер