Павлодарда Кутузов көшесінің атын Тәуелсіздік деп ауыстыру мәселесі қозғалып жатыр. Осыған орай, сәуірдің 27-і күні сағат 15:00-де қаладағы «Шаңырақ» мәдени-сауық орталығында жиын өтпек, деп хабарлайды zhasalash.kz.
—Біз тұрғындардың атынан, оның ішінде Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымынан ашық хат алдық. Онда қазіргі Кутузов көшесін «Тәуелсіздік» деп ауыстыру керек деген ұсыныс жазылған,- дейді Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Мейрам НҰҒЫМАН.
Ал керекуліктердің бұл ұсынысқа көзқарасы әр түрлі.
— Елді-мекеннің, көшенің атаулары ел үшін, халық үшін, ұрпақ үшін маңызды. Кез келген саналы адамның тұрып жатқан жеріндегі көше, ауыл, қала атауының себебін, тарихын білуге талпыну арқылы ел тарихына үңілері анық. Қазақ тарихында ешқандай атау тегін берілмеген. Тарихы бар, аңызы бар. Ал енді қаламыздағы Кутузов көшесін өзгертетін уақыт баяғыда келген. Оны тіпті талқылап та керек емес. Кезінде сол көшелерге олардың атауы берілгенде біреулерден рұқсат сұрап, ақылдасты ма екен? Кеңес Одағының дәуірі жүріп тұрғанда қоя салған атаулар. Сондықтан өз қолымыз өз аузымызға жеткенде қаланың дәл ортасындағы алып даңғыл болуға лайық көшеге қазақи атау беру ұрпақ алдындағы борышымыз,-дейді Павлодар қаласының тұрғыны Арман ХАСЕНОВ.
Павлодарға Тәуелсіздік келе ме?
—Қажет емес. Кутузов деген атауға әбден үйреніп алдық. Бұған қоса, бұл қаладағы ең ұзын көше. Қаншама үйдің нөмірі жазылған тақтайшасымен қоса, үй құжаттарын да ауыстыру керек. Бұл қаншама шығын ғой, бұл қарапайым жұртты тағы әбігерге салады -дейді Павлодар қаласының тұрғыны Жұлдыз ҚУАНЫШЕВА.
—Мен бұл көше атауының Тәуелсіздік деп өзгеруін қолдаймын. Бұл бейтарап мағына. Бұған қоса, «Тәуелсіздік» деген жақсы естілетін сияқты. Кутузов деген де жақсы, бірақ Тәуелсіз Қазақстанның өз тарихы бар ғой. Сондықтан бұл дұрыс шешім деп ойлаймын, -дейді жергілікті ақпарат агенттігінің тілші Маргарита ЧУДАКОВА.
— Мен бұл ұсынысты толығымен құптаймын. Өз кезінде бұл ескі көше атаулары бірнеше рет өзгерген. Қазір да өзгертетін кез келді. Мәселен, Ленин көшесі 150 жыл ішінде төрт рет ауыстырылған екен. Білуімше, қазір Лениннің аты берілген көшелер көрші Ресейде де қалмаған. Сондықтан, егемен еліміздің ескі, жаңа көшелерінің бәрі жаңалануы тиіс деп ойлаймын, -дейді өңірлік телеарнаның жүргізушісі Мөлдір ҚАЗЫМБЕТ.
Дегенмен, көше атауының өзгерер, өзгермесі көпшілік тыңдалымына келген азаматтардың пікіріне тікелей байланысты болмақ. Егер мұны мақұлдағандардың қатары қарсы тараптан көп болса, бұл сұрақ қалалық мәслихаттың сессиясына жолданады. Кейін шыққан шешім республикалық ономатикалық комиссияның қарауына жіберілуі тиіс. Жыл басында Павлодарда Ленин көшесі «Астанаға» ауысқанын айта кетейік.
Әйгерім Жетпісова,
Павлодар
Суреттер автордікі