Шымкентте Забадам елді мекені сапалы интернетке қосылды

1829
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласында халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүруде. 2025 жылға қарай үшінші мегаполисті жүз пайыз мобильді және талшықты-оптикалық интернет желісімен қамту көзделуде. Бұл туралы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Абдраханов мәлімдеді.

Әсет Маратұлының айтуынша, интернет сапасын арттыру мақсатында өткен жылы қалалық әкімдік Маңғыстау облысынан екі ірі инвестор тартқан. Бүгінгі таңда шаһарда интернет байланысын жақсартумен «Қазақтелеком» АҚ-дан бөлек жеке инвесторлық компаниялар да айналысып жатыр.
— Өткен жылы Шымкенттің 10 елді мекені сапалы интернетке қосылды. 14 базалық станция орнатылды. Биыл 15 елді мекен сапалы интернет желісімен қамтылады. Қазіргі таңда қаланың 60 пайызы талшықты-оптикалық, 91 пайызы мобильді интернетке жалғанған. Базалық станция орнатылмаған 22 елді мекен ғана қалды. Интернет байланысына қосылу 10 мың, ал ай сайынғы төлем 6 мың теңгені құрайды. Осы тұста айтарым, тұрғындар интернетке қосылуда белсенділік танытқаны жөн. Өйткені абоненттер саны көп болса, инвесторлардың да жұмыс тиімділігі артады, - деді Ә.Абдраханов.
Талшықты-оптикалық кабель тарту ісімен айналысушы инвестордың бірі «SAS Telecom» ЖШС. Компания өкілі Нұрсәбит Сапарбековтің айтуынша, былтыр Сәуле шағынауданын сапалы интернетке қосуға 50 млн. теңге ұаржы жұмсаған. Қазіргі таңда Забадам елді мекеніне интернет желісін тарту жұмыстарын аяқтау үстінде. Кейінгі кезекте Қазығұрт, Құрсай, Бадам-1 және Қарабастау елді мекендері сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі.
— Сәуле шағынауданында 300 абонент бар. Соның 40 пайызы интернетке қосылған. Забадам елді мекенінде интернет байланысы желісін тарту ісін 70 пайызға аяқтадық. Оған 30 млн. теңге қаржы жұмсалды. 20 шақырым талшықты-оптикалық желі тартылды. Кабельді интернет отбасы үшін өте тиімді әрі арзан. Wi-Fi құрылғысымен отбасының барлық мүшесі интернетке еш кедергісіз қосыла алады. Бүгінгі таңда интернет байланысының орташа құны кемі 2,5 мың теңге тұрады. Отбасы мүшелерінің әрқайсысын қосқанда оның құны 10 мың теңгеден асып кетеді. Ал үйдегі кабельді интернетке бар-жоғы 6 мың теңге төлейді. Сондықтан талшықты-оптикалық интернет байланысы отбасылық бюджет үшін соншалықты қымбат емес, - деді Нұрсәбит Нұрходжаұлы.
Забадам елді мекенінің тұрғыны, мектеп мұғалімі Зүлфия Сайдазова кабельді интернет желісі тартылатынын естігенде ерекше қуанғанын айтады. Өйткені пандемияға байланысты карантин уақытында сабақ онлайн режиміне ауысқан кезде сапалы интернетсіз іс өнбейтінін ұғынғанын жеткізді. Сондықтан елді мекенге кабельді интернет келді деген кезде бірінші болып талшықты-оптикалық ғаламтор желісін үйіне орнатқан.
Жалпы, Президет тапсырмасына орай тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету, цифрландыру бағдарламасын сәтті жүзеге асыру мақсатында үшінші мегаполисте ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Осыған байланысты, мәселен, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы және «Қазақтелеком» АҚ, "Кар-Тел" ЖШС, "Кселл" АҚ, «I-LinkNet.net, «СпецавтоматикаСервис» ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС, «Шымкент қаласы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы» мен «Нұр-Астана Строй» ЖШС өкілдерінің қатысуымен жуырда өткен мәжілісті атап өтуге болады. Жиында қала аумағын және қаладан шалғай орналасқан елді мекендерде интернет сапасын жақсарту мәселесі қаралды.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Пікірлер