Кәдеге жарату төлемі жұртшылықпен келісіліп бекітіледі

1872
Adyrna.kz Telegram

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев кәдеге жарату төлемі мөлшерлемесі халықпен келісілгеннен кейін бекітілетінін айтты, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Министр кәдеге жарату алымын реттеу функциялары "Жасыл дамуға" берілгенін еске салды. "ӨКМ Операторы" ЖШС өз қызметін тоқтатып, барлық активі мемлекеттік компанияға берілген.

"Кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін қайта қарау бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Мен үш-төрт жұмыс тобын жеке автокөлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникасы, кабель-өткізгіш өнімдері, қаптама және т.б. бойынша өткіздім.

Бүгінде кабель-өткізгіш өнімдері бойынша кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі нөл болады деген шешім қабылданды. Алдымен кабель-өткізгіш өнімдері (КӨӨ) бойынша төлемдерді қабылдау күнін 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін ауыстыруды жоспарладық, бірақ содан кейін КӨӨ бойынша төлемнің нөлдік мөлшерлемесін алу туралы шешім қабылданды, ол мерзімсіз болады. КӨӨ бойынша кәдеге жарату алымы төленбейді", - деді Брекешев.

Министр "Жасыл даму" АҚ міндеттемелері кеңейгенін және ол толық жұмыс істейтінін айтты.

"Қазір тергеу шаралары жүріп, құжаттар мен жүйе өткізіліп жатыр. Ол жүйе демалыс күні ғана қосылды, мамандар жұмыс істеп жатыр. Дүйсенбіден бастап ол қалыпты режимде жұмыс істейді.

Кәдеге жарату төлемдері қабылданады, министрлікте заң блогы, цифрлық технологиялар, бюджеттік жоспарлау департаменті өкілдерінен комиссия құрылды. Олар қазір жұмыс істеп жатыр және "ӨКМ Операторының" қызметіне сәйкес ақша қаражатының барлық түсімі мен шығыстарын қарайды", - деді ол.

Брекешовтың айтуынша, "Жасыл даму" шоттарында шамамен 220 миллиард теңге бар.

"Бір бөлігі ұлттық валютада, бір бөлігі долларда. Жұмыс жүргізіліп жатыр, жақын арада біз автокөліктер  мен ауыл шаруашылығы техникасы бойынша кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін бекітеміз", - деп сендірді Брекешев.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер