АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: Алматы әкімдігін басқа ауданға салу керек, қазіргі аурасы өте ауыр

1782
Adyrna.kz Telegram
Қазір Алматы әкімдігінің сыртын жауып қойды. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан сияқты. Қателеспесем әкімдік ғимаратының өзіне келген шығын көлемі 21 млрд теңге сияқты. Нақты есімде жоқ. Енді құрылыс жұмыстары қарқынды болады, күйгенін қырады, жарамайтынын ауыстырады дегендей.
Бірақ қарап тұрсам (өзімнің таза шала-шикі ойым ғой), әкімдікті тура сол жерге қайта салудың керегі жоқ сияқты. Біріншіден 1986 жылы да, 2022 жылы да біраз жастың қаны төгілген алаң жатыр. Аурасы өте ауыр. Бұрын да әкімдік ішіне кіргенде сұп-сұр болып тұратын, енді тіпті ауыр аура болатын сияқты.
Екіншіден әкімдікті басқа бір ауданға қойып тастаса, мысалы Алатау ауданының бір шетіне, "Шаңырақ" деген сынды жаққа немесе Наурызбай ауданының бір шетіне дегендей. Ауылдан қалаға келген жастардың және урбанизацияның ең ірі жүріп жатқан ошақтары сол жақтар. Оны я қалалық әкімдік нақты білмейді (білсе де өз көзімен дұрыс көрмейді), я аудандық әкімдіктер нақты жеткізбейді. Егер сол аудандардың бірінде қалалық әкімдік тұрса, біраз өзгеріс болады. Базарда уақытша жұмыс істейтін, күзетші болып жүрген, арба сүйретіп, жақсы өмірден үміт үзген, баспанасыз пәтер жалдайтын, жұмыссыз жүретін жастардың ортасына түскен сәтте ғана мәселелер ақырындап шешіле бастайды. Қаланың қақ ортасында отырып, элиталық ауданда тұрған ғимараттан сөз сөйлеуге қарағанда дамуы баяу ауданда "халықтың мәселесін шешеміз" деп сөз сөйлеп тұру халыққа өтімдірек (мүмкін қателесермін). Жол, ауыз су, жарықтандыру және басқа да мәселелер шешіле бастайды ма деген ой ғой.
Мысалы Еуропада (жалпы дамыған елдерде), артта қалған аудан-ауыл-қалаға бір маңызды ғимаратты қояды. Ол не университет (Қаскелеңде СДУ тұрған сияқты), не әкімдік, не басқа бірдеңе болуы мүмкін. Сол ғимарат сол ауданның дамытушы драйверіне айналады. Ақырындап өркениет, мәдениет, материалдық игіліктер келе бастайды. Негізі 21 млрдқа су жаңа ғимарат та салуға болады ғой...
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер