Алаш азаттығы жолындағы қарлығаштардың бірі - «Алдаспан» клубына 32 жыл

9292
Adyrna.kz Telegram

Алаштың азаттық алуы өңірлердегі жергілікті бостансүйгіш азаматтар құрған ұйымдардың бой көрсетуінен басталды.  Соның бірі – Ақтөбелік «Алдаспан» клубы болатын. Бұдан 32 жыл бұрын 1990 жылы 24 қаңтарда «Алдаспан» клубы құрылған еді. Ол қандай сатылардан қалай өтіп, бірлестікке одан әрі «азат» қозғалысының өңірлік филиалына қалай ұласты?

«АЛДАСПАН» - АЛАШ АЗАТТЫҒЫ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАРЛЫҒАШТАРДЫҢ БІРІ

(ЭССЕ)

Жастарды аңдату

Өкінішке орай, бүгінгі қазақ тарихшылары жаңаша тарихты (новейшая история) зерделеп үлгере алмауда. Соның бір дәлелі - ХХ ғасырдың 90-жылдары құрылған ұйымдардың тарихын әлі күнге халқымыздың тарихы ретінде қарамауы, көпшілік назарына ұсынбауы. Содан да болар, бүгінде құрылып жатқан қоғамдық бірлестіктер бұрынғы тарихқа қарап зерделеуге мүмкіндігі болмағандықтан, бұрынғы қатені қайталауда, «балалық аурудан» арыла алмауда. Сол себепті де, бірінші жақтан баяндалса да, тарихшы болмасақ та, тарих жасауға қатысушы ретінде осы жолдарды риясыз жариялап отырмыз, кем-кетігімізді оқырман кешірер.

Мақалаға өзек болып отырған өткен ғасырдың 90-жылдары Ақтөбе облысында құрылып, қоғамдық ортадан өз орнын алған «Алдаспан» ұйымы жайындағы естелік, қазырғы жас баскерлерімізді (лидерлерімізді) ойға қалдырар деген мақсатпен жариялап отырмыз. Ақтөбе облысындағы қоғамдық ұйымдар көшін бастағанымен, қазіргі  ұрпаққа беймәлімдене түскен «Алдаспан» бірлестігі туралы жастарға мәлімет беру қисынды болар. Аға  ұрпақтың осындайда жас буынға қамшы салдырмай-ақ жол көрсеткені  жөн деген оймен мақаланы  қоғамтанушы жастарға  арнағанды  міндет қылдық.

Оның үстіне Ақтөбеде, тіпті Қазақстан бойынша тұңғыш құрылған қоғамдық ұйымдар қатарынан саналатын «Алдаспан» бірлестігінің ең әуелі жастардың пікірталас клубы түрінде дүниеге келгеніне биыл 20 жыл толып отыр.

Кәзіргі кездегі қоғамдық-әлеуметтік салалардың түрлісін қамтыған  қоғамдық ұйымдардың  бастауында  20-ғасырдың  90-жылдарында ұлттық мүддені  нысана еткен  ұйымдар  құрыла бастаған еді. Әдетте мұндай құбылысқа  қоғамдағы  болып жатқан  түрленімдер  ықпал етпей  қоймайтын. Сол себепті де, еліміздің  батыс аймағындағы Маңғыстау  облысында  Жаңаөзен оқиғасының  дүмпуімен «Парасат» қоғамы  дүниеге келсе, Ақтөбеде «Алдаспан» үйіргісінің негізі қалана бастаған тұс болатын.

Ақтөбеде 1990 жылы 24 қаңтарда  сағат 18-де алғашқы жиналысы өткен кішкентай ғана «Алдаспан» клубы құрылғанда, оны құрушыларды ұлттық рухтың субъектісі болар деп ойламақ түгілі, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп қудалауға салғандар да болған еді. Бірақ, бойды буған  жастықтың бұла күші ме, әлде Жаратқаниеден даритын ұлттық рухани қуат па, 25-35 арасындағы жас қыз-жігіттердің сағын ешкім де, ештеңе де сындыра алмады. Олар Ақтөбені қойып, нағыз алдаспандай жарқырап, Алматыдағы интеллигенттердің ауызына ілікті. Клуб бірлестік болды, оның арты Азаматтық «Азат» қозғалысына ұласты. Бұл топ қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресте алдыңғы сапта болып, ақыл-ойымен де, ұйымдастырғыш қабілетімен де ерекшеленді. Бұларға тиісті назар, құрмет, тағылған төсбелгі болмаса да, күш-жігерлері талмастан, дауыстары қарлықпастан, жүректері қаймықпастан әлі келеді. Олар кәзір саясат жүргізуге, ел басқаруға бейім болса да, бір кездері Ақтөбе қалалық кеңесіндегі 24 депутаттық орынның үштен бірін иеленсе де, билікке өліп-өшпесе де, одан қағажу көрсе де, алаш мүддесі жолында бой көрсетулерін қойған емес. Бәлкім, ұлттық мүддені  діттегендердің тарихи сыбағасы  да осымен шектелер ме екен, кім білсін...

ХХ ғасырдың  соңындағы  Қазақстандағы саяси  ауан

Қазақстанның тәуелсіздік алуы қарсаңында саяси партиялар мен  қозғалыстардан гөрі  кәзір бейүкіметтік немесе үкіметтік емес  деп аталып жүрген ұйымдар  көп болушы еді. Оларға сол кездегі қызыл импреиялық жүйе «неформальдар» деп айдар тағып, сол кезгі қоғамның көзтүрткісіне айналдыруға тырысатын-ды. Ал, сол кездегі Қазақстан жағдайында саяси қозғалыстардан гөрі, мұндай ұйымдардың көбірек бой көрсетуі, қазақ халқының сол  кездегі саяси хал-ахуалының саясатқа әлі де болса  жетіле  қоймағандығын  білдіретін  жайт еді. Сол себепті де, Балтық бойы мен Кавказ елдерінде, Украина мен Беларуста  саяси ұлттық майдандар  құрылып жатқанда, біздегі жұрт  ең әуелі  «Қазақ тілі» қоғамын  құрумен, ұлттық тілдің мәртебесі  жөніндегі майданға  кірісумен шектелген-ді. Күн тәртібіне ұлттық тәуелсіздіктің орнына тіл мәселесін қойған бұл жағдай - сол кездегі Қазақстандағы ұлтшыл саяси ауанның әлжуаздығын білдіретін көрініс-ті.

Дей тұрсақ та, Қазақстан бойынша қоғамдық белсенім тудырған екі бағыттағы қозғалысты атаған жөн, олар: қазақтілді азаматтар үшін «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы болса, халықтың қалған бөлігі үшін қоғамдық түрткі болған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының  дүниеге келуі болатын.

Ақтөбе облысы бойынша «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының бөлімшесі болып құрылған «Жем» антиядролық тобын  аймақтағы алғашқы қоғамдық құрылым ретінде атауға болады, дегенмен аталған топ өз дауысын экологиялық салада шығара алғанмен, облыстағы  экологиялық ахуалдың басқа өңірлеріне қарағандағы шиеленісі бәсең болуына орай, кейіннен бұл топты құрушылар қазақ тілінің мүддесін қорғауға ойысқан болатын.

Өз уақытында Қазақстанның  тәуелсіздігі жолындағы ағымға Ақтөбе өңірі де  өзіне тән қоғамдық - саяси ұйымдарымен үлес қосты. Бұл  облыста ең алғашқы  қоғамдық күрес көшін екі бағыттағы топ бастаған болатын: олар - қоғамдық-саяси-мәдени «Алдаспан» бірлестігі мен Ақтөбе  қаласының демократиялық күштер  одағы (ДКО) .

«Алдаспанды» қазақтілді ұлтшыл жастар құрса, ал ДКО-ны демократиялық көңіл-күйдегі номенклатуралық интеллигенция жасақтап, оның басында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Марат Тұрдыбекұлы Оспанов тұрған болатын.

Ұлттық мәселе - ұйымдасуға түрткі

Кез келген қоғамдық ұйым  құрыларда  оған қоғамдық  мәселе  түрткі болып  құрылады, егер ондай  жағдай болмаса, ресми тіркелген ұйым қағаз жүзінде  қалып, тарих әлгі  шала-жансар  «шарананы» елеместен жерлеп тастай беретіні бар.

Қазақстанда  ұлттық сана болмысы қарапайым ғана  қазақ тілінің қоғамнан  шеттелілуіне қарсы  жан ашуы негізінде бой көтерді. Бұл жайт Прибалтика, Кавказда,  Украина мен тіпті, Өзбекстанда саяси шаруа Одақтан бөлінуге сайығанда миыққа күлкі үйіретін жағдай еді. Қысқасы, біздегі саяси басты талап о баста Қазақстанның егемендігі емес, әуелі қазақ тілінің  мәртебесі туралы  басталған  болатын. Сөйтіп, қазақы орта қозғалысты саяси мәселенің  себебінен емес, салдарынан бастаған еді. Ал, шын мәнінде  себепке бас салуға  ұлттық дәрмен сәйкес емес болатын. Бұл көрініс - қазақ халқының басқа одақтас республика ұлттарынан гөрі еселеп езілгендігінің салдары-тын. Сөйтіп, Қазақстанда  осындай «тілдік ағым» толқынында біршама  ұлттық саясатшылар саяси сахнаға шықты. Оларға сол кездегі Алматыда «Ана тілі» клубын құрған Жасарал Қуанышәлин, Дос Көшімдерді жатқызуға болар...

Жас саясатшы ретінде ол кезде мен  жан жағыма  барлаудан бастадым. Алдымен Ақтөбедегі, әсіресе, Алматыдағы белгілі зиялы азаматтармен  қатынасқа  түстім. Сөйтіп, елде «Қазақ тілі» қоғамын құруды  сөзден іске айналдыруға белсене кіріскен едік.

Алғашқы қадамдар

1989 жылы  қазанда болған Алматыдағы Тіл білімі институтының Ғарифолла Әнесов пен Аманғос Мектепов секілді бірқатар жас ғалымдардың ұсынысымен «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына мен де  барған  болатынмын. Бірақ, барлық областардағыдай құрылтайдың ақтөбелік делегациясы да сол кездегі билік тұтқасы болып табылатын Компартияның облыстық комитетінің тікелей қатысуымен  іріктелген еді. Қысқасы, бұған дейін өзімді неформаль ретінде көрсетіп алғандықтан, мен әлгі ресми делегаттар тізіміне енбей қалдым. Оған қарамастан мені  құрылтай  ұйымдастырушылар Алматыға қояр да қоймай  шақырған еді. Өйткені, сол кезде  әлгі  «Қазақ тілі» қоғамына  билік пен  тіл  жанкүйерлерінің  көзге көрінбейтін таласы  жүріп жатқан-ды. Себебі, аталмыш ұйымға қазақтілді  ортаның ықпалды  күштері  қосылып, билікке біршама  ықпал ететіндей сыңайы байқалды. Сол себептен, сол кездегі  билік  оның алдын алып, аталмыш ұйымның құрылуына тікелей атсалысу  арқылы оны бақылауға немесе ауыздықтауға тырысты.

Осылайша, қоғамдық ұйымның құрылтайын өткізу мен оған делегаттарды сайлауды  сол кездегі биліктің тұтқасы Компартия  өзі атқарған еді де, оны облыстарда обкомдар жүзеге асырды. Мен обкомның ешбір көз қырындағы  адам болмағандықтан, компартиялық делегаттардай емес, жол шығынымды көтеретін өз қалтамнан басқа  ешкім жоқ еді. Дегенмен, сол кездегі жұмыс орным «Актюбнефтегазгеология» өндірістік бірлестігінің кәсіподақ  басшысынан  жол қаражатымды шығартып алып, обкомдық делегаттармен мен де  Алматыға ұшатын  самғауырға (ол кезде ұшу билеті ұмытпасам 46 сом/рубль) отырған едім.

«Алматы» мейманханасында делегаттардың барлығына алдын ала орын алынып қойылған екен. Ұйымдастырушылардың  өздері шақырғасын мен де өзімнің орналасуыма күдіктенген жоқпын. Сөйтіп, кезегіммен қонақ үй әкімшілігіне таяй бергенімде, обкомның идеология жөніндегі  бөлімінің орынбасары болып жүрген қандас ағамыз бөлім бастығы орынтағындағы Плотников деген орыс ағайға сыбыр ете қалды. Мен оның «мына жігіт біздің тізімде жоқ, ол - неформаль» дегенін қиындықсыз естідім. Сөйткен бойда менің тізімде жоқтығымды бөлім бастығы қонақ әкімшісі орнындағы тікбақай орыс әйеліне құшырлана айтты. Әлгі әйел маған бүгінгі түнді «Алматы» мейманханасында өткізуге дәмеленбей-ақ қоюым керектігін кескінімен де, кесіп айтқан сөзімен де  жеткізді.  Мұның бәрін бақылап тұрған Идош (Асқаров - «Актөбе» газеті бас редакторының сол кездегі 1-орынбасары) маған өз бөлмесіне жүріп түнеп шығуды ұсынды, бірақ мен рахметімді айтып шығып кеттім. Сөйтіп, Анатіл үшін күрестің алғашқы түнін сол кездегі астанамыздың күзгі көшесінде өткеруге тура келді.

Ертеңіне, әрине, мені ешбір қиындықсыз Тіл білімі институтының жігіттері сол қонақ үйге орналастырды, алайда кеудеде өз Отаныңда тұрып, жігерді құм етіп кемсіткен түнгі жайт өмір бойына өз тыртығын қалдырды. Бұл - 1989 жылдың қазан айы болатын. Біле білсек, бұл менің басымдағы емес, ұлт басындағы өз тілі мен еліне ие бола алмау көрінісі еді. Мен оны жас та болса жүрекшер ретінде қабылдадым.   Бұл - менің өз халқым үшін ұмтылыс жолындағы алғашқы өңменнен итерген жайт болғанмен, қоғамдық күрмеуді шешуге итермелеген бірден бір түрткі болатын.

Келесі күні ертеңгісін «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы басталып, М.Әуезов атындағы драма театр ғимаратына Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған ұлтымыздың жақсылары мен жайсаңдары лық толып еді. Бір қызығы, құрылтайдың алғашқы бірнеше сағаты қоғамды қалай атаймыз деген төңіректегі көкезу айтысқа айналып, шықпай қойды. Оны жүргізіп отырған Компартияның 3-хатшысы марқұм Ө.Жәнібеков те, идеология бөлімінің басшысы М.Жолдасбеков те жалығып кеткендігі көзге көрініп тұрды. Сөйтіп, Құрылтайдың алғашқы күні осылайша нәтижесіз құрғақ сөзбен бітті. Сөйлеушілердің барлығы да атақ-даңқтары  зор зиялы қауым өкілдері болса да, бір тоқтамға келіп, бір-біріне ғана емес, ең болмаса сөзге қонақ берсейші, шіркіндер! Жоқ! Сөзден ешкімге дес бермей, өздерін ғана көрсетіп қалумен өршеленген атақтылардың дым көрмегендей әрекеттері адамның жүрегін айнытты. Мен бұдан  аға буын мен зиялы  қауымның саяси қимыл мен іргелі істерге дайын еместігін түсіндім. Ұлттық мүддеден гөрі көкіректерін өзімшілдік басқандарға айтарымды айтып жөніме кеткім келді.

Солай істеудің сәті де түсті. Қонақ үйге келіп, түнгі екіге дейін екі беттік хат дайындап, ертең Құрылтайдың төралқасына беруге бекіндім. Ертеңіне хатымды залдан төрге жүгіртіп жібердім. Хат әуелі Жәнібековке барды, ол аздап оқи бастады да, қасындағы  Жолдасбековке бере салды. Мырзатай ағамыз хатқа шұқшиды да қалды, соңын ала келе басын шайқап, Өзбекәлі ағаға қайтып берді.  Сөйтіп, сол бойда маған сөз берілді. Бұл - менің халық үшін әрекеттегі алғашқы  жеңісім болатын! Өйткені, ығай мен сығайлардың ортасын қақ айырып, 28 жасар жігітке бұлайша сөз алу мүмкін де емес-тұғын. Әрине, сөздің кәдірін білетін Мырзатай мен Өзбекәлілер болмаса, кім білсін, не боларын.

Сөйтіп, мен өмірімде алғаш рет  ұлы мінбеге шығып, алдын ала жазылып дайындалмаған баяндамасыз  сөйлеп шығуға тура келді. Сөзімнің басты  барысы кешеден болып жатқан нәтижесіз тәжікелесу жақсы істің басы емес екендігі болды. Сөз соңында мұндай қоғамның  нәтижелі іс атқаратынына  күмәнім барлығын жасырмадым. Сөйтіп, сөз берген ағаларға мың алғысымды айтып, шығып кеттім. Сол кезде кездейсоқ  менімен пікірлес бір азаматпен жолыға кеттім, бақсам, суретші-мүсінші тұлғасы келіскен, жақсақалы жарасқан Бақытжан Әділов екен. Ол мына құрылтайдан ештеңе шықпайтындығын айтып, маған кәзір «Невада-Семей» қозғалысының митингісі болып жатқандығын және соған баруға шақырды  - мен құп алдым.

Бастама мен тартыс

Алматыдан оралған соң бұдан әрі не істеу керектігін көп ойландым. Ақыры жас ұрпақ болып тың ұйым  құру қажеттігіне іштей тоқталдым. Содан «Ақтөбе» газетіндегі Идош ағамыз арқылы 1-бетке ««Қазақ тілі» қоғамы жанынан қазақ тіліндегі пікірталас клубы ашылмақ. Соған мүше болушылар шақырылады» деген хабарламаны  басып жібердім. Бұл бір жағынан тәуекелдік шара болатын. Өйткені, мұндай әрекет «Қазақ тілі» қоғамының басшылығымен келісілген шаруа емес және олардың келісім бермейтініне де сенімді едім. Сондықтан да осындай  тәуекел әрекетке бару қажет болды. Оған Идош ағаны пайдаландым. «Қазақ тілі» қоғамының атауы маған  алғашқы адамдарды  жинап алуға ғана керек еді, одан арғысы өзіміздің шаруа болатын. Әрине, әлгі хабарландыруды бастырған Идош ағамыз кішкентай ғана қол ұшын беруі арқылы қандай тарихи ұйымның дүниеге келуіне түрткі болғанын бүгін ғана саралап отырмын.

Сөйтіп, 1990 жылдың 24 қаңтары күні кешкі сағат  18-де сол кездегі басты саясат үйі болып табылатын Облыстық саяси-ағарту үйінің ғимаратына 50-ге тарта  адам жиналды. Оның 30-дайы студенттер мен оқытушылар да, қалғаны тіл жанашырлары мен «Қазақ тілінің» белсенділері болатын. Жиналысты  өзім шақырғасын өзіме ашуға тура келді.  Бұл да менің ең алғашқы көпшілікпен жасаған әрекеттерімнің басы еді. Бұрын комсомолда болып мұндай шараны қолға алмағаныммен, бойға батылдық жинауға тура келді. Шегінерге жер жоқ, арқаңда - намыс! Дегенмен, ойымды, толық та  түсінікті түрде қысқаша етіп жеткізіп, жиналған қауымнан қолдау күттім.

Бірақ қолдау емес, ең әуелі тұқырту басталды. Сол кездегі қалалық «Қазақ тілі» қоғамының басшылығы өре түрегеліп, мені бар кінәмен айыптап, мұндай клубтың түкке керегі жоқтығы айтылды. Ағаларымның өздері тайып тұрғанымен қоймай, жұртшылыққа да тараңдар деген бұйрық тастады. Сол кезде жәутең күйге түскен мен, ең алғашқы рухани қолдауды азаматтан емес, азаматшадан алдым. Ол - Күләш Ибрагимова деген қарапайым ұстаз  апай болатын. Апай сөз алды да, бастан аяқ идеяны мақұлдап, жұртшылықты қолдауға шақырды.  Осылайша, менің ішкі есебім дұрыс болып шықты - түптің түбінде «шөпбүлдіргіштер» емес,   қарапайым көпшілік қолдауға тиіс болатын.

Содан кейін сөз алған Сұлтанбек Ташкенбаев, Айтқали Италиев, Мұхамедияр Аманғалиев, Қаңтарбаева Нұрсұлу, Кемелбаев Болатбек, Дүйсенбина Әсима және бір топ студенттерді ертіп келген Абат Пангереев, Оңдасын Оразалиндер мен жағында қалды да барды. Сөйтіп, отырыстың келесі бөлігі толықтай менің қарауымда болып, көпшілік ұсынысымды  түгелдей қолдап, «Алдаспан» атты пікірталас клубы дүниеге келген еді. Клубтың атауының өзі де оның құрылған күніне дейін іштей ойластырылған шаруа болатын.

Алдаспан - көшпелі бабаларымыздың мифтік, қынсыз қылышы, яғни қандай жағдайға да даяр қаруы болған. Біз оны сол кезде жүріп жатқан «Қайта құру» саясатының қаруы, керітартпалықты қиып түстетін алмас қылышы деп түсіндірдік. Бірақ, ұйымға қарудың атауын алу да сол кездегі түсінік бойынша қабылдана қояр шаруа емес еді. Бір қызығы, клубтың алғашқы күні қаншама қарсылықтар болса да, Алматыда өткен «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайынан анағұрлым нәтижелі болды. Клубтың нағыз жақтаушылары қиын-қыстауда туылды, атауы бекіді, кімнің кім екендігі көзге түсті. Қарсыластар мен қолдамайтындар теріс қарағанмен, әйтеуір өз жөндерімен кетті. Бұл бейүкіметтік ұйым құру кезінде болатын алғашқы саты еді және өз бойымда қоғамдық баскер ретіндегі тұңғыш әлдекім «дүниеге келгені» де сол сәттер болатын. Осылайша бастапқы сатылардан сүрінбей өттік. Ал, табиғи түрде туылған «Алдаспанның» ұстанымы «Қазақ тілінікінен» гөрі барынша айқын және жалтақсыз өмірдің өзінен өзі туындап жатты.

Өрлеуді бетке алғандар - әруақытта қолдау табады

Туылған клубты  одан әрі  дамыту оны құрғаннан да қиын екен. Өйткені, бізді ресми обком қолдаған жоқ, оның қолдағаны -  «Қазақ тілі» болды. Сөйтіп, біздің алдымызда әрбір әрекетке сай тактика құрып іске асырудан басқа амал жоқ еді. Біз әуелі, тұрақты жиналатын орынды шештік. Ол саяси -ағарту үйінің кешкісін бос тұратын үлкен аудиториясы болды; сол кездегі партия үйінің меңгерушісі Нұртаза Абдоллаев ағамыз қанша жиналсақ та бір бөлмені біз үшін даярлап қойды. Бұл сол кездегі кезеңге тән солқылдақтықты пайдаланған шақ еді. Өзі компартия идеологы бола тұра Нұртаза ағамыз ұлты үшін үлкен тәуекелге солай барды. Қазақ осындайда «Жауда да бір үйің болсын» дегенін айтса керек. Үлкен ұрпақ туралы  бір қырын пікіріміз осы жерге келгенде ыңғайсыз болып шықты, өйткені, аға буынның барлығы бірдей бізге қарсы шығып, аяқтан шалған жоқ. Нұртаза, Идош сияқты ағаларымыз қажет деген жерде демеп жіберіп, жігерімізді жанып отырды. Жастарға  содан басқа ештеңенің де керегі болмайтын, қалғанының барлығы өздерінің бойларынан табылуға тиіс екен.

Сөйтіп, басында аптасына бір рет жиналатын біз, бас қосуды жиілеттік, өйткені, облыста ұлт мүддесін ашық қорғауға тиіс, бізден басқа  күш болмағандай сезіндік. Біз болсақ, жастық максималистігімізден болар, ұлттық мүддеге қатысты бар шаруаны өз міндетіміз деп түсініп шапқылай бердік. Бұл шапқылау  құрғақ емес, өз жемісін бере бастады. Бізге  ақтөбелік зиялы қауым мойын бұрып, беделіміз арта берді. Осылайша 1990 жылы түкірігі жерге түспей тұрған КСРО-ның облыстық саяси-ағарту үйінің жанына екі бірдей киіз үйді бір біріне тіркестіре тігіп, 22 наурыз күні қалада алғаш рет ұлттық ірі шара жасап, наурыз көже үлестіріп, жақтастарымызды  молайта түстік. Бұл - біздің қала деңгейіндегі өзімізді ресми органдарға мойындатқан алғашқы қадамымыз болатын. Осылайша «Алдаспан» даңқы Ақтөбені қойып, Алматыға да  жетіп жатты. Астанадағы зиялы қауым мен лауазымды адамдардан туралай сәлемдеме қабылдайтын күйге жеттік. Солардың бірі сол кездегі Білім министрі Шаяхметов пен жазушы Қалтай Мұхаметжанов ағалар еді. Біздің өз күшімізге сенімімізді бұл жайттар нығайта түсті, бағытымызды бекіте берді.

Қоғамдық ықпал мен шешуші сәт

Клуб өз жұмысын пікірталас сипатынан саяси ықпал етуге кеңейте бастады, өйткені басқаша мәселе шешу мүмкін болмады. Мәселен, қазақ ата-аналар бізге балабақ, мектеп ашу мәселесімен көптеп келетінді шығарды. Ал, біз оларды кері қайтаруға тиіс емес едік, өйткені, бірден бір ұлттық мүддені жақтаушы күш ретінде олай істеу бізге жараспайтын. Әрине, ондай адамдарды «Қазақ тілі» қоғамына сілтеп қарап отыруға да болатын. Алайда, біз өзімізді арқа тұтқан адамдардан бас тартуға жүрексіндік, санымыз бен сапамызды молайтқымыз келді. Осындай ұстанымның арқасында қатарымызға Естай Жайлыбаев, Сейілхан Мұстафин, Көшкінбай Ахметов, Оразова Ақжелең, Қуаныш Қарабалаев, Шерәлі Бәйімбетов, Оразбай Жұматов, Кәрімхан Қиқымбаев,  Сәбит Сүлейменов, Сатанова Таңсұлу, Нысанбаева Ғалия, Тілеубаева Ботагөз т.б. қосылып жатты. Біздің ықпалымыздан қаладағы ұлттық мәселелер ресми түрде амалсыз шешілуге жата бастады, тіпті, ондай шараларға бізді кірістіріп, басы-қасында  жүруге шақыру жергілікті басшылық деңгейіндегі дәстүрге айналды.Бізді ұлттық мәселе мен рәсімдер айналып өтпейтін абыройға кенелдік. Мәселен, «Қазақ тілі» қоғамының облыстық құрылтайында алдын ала залдың әр жеріне орналасып алған «алдаспандықтар» Колбиннің кадры болып табылатын сол кездегі Ақтөбе облыстық компартия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Котуновты қыспаққа алып, Ақтөбеде республика бойынша ең тұңғыш қоғамдық «Тілтағдыр» газетін шығаруға келісім алғанбыз.

Сол кезде аталмыш газетті тіркеуге обкомның қиналғаны есімізде, өйткені, ол кезде мұндай қоғамдық газет шығарудың заңдылығы облыста атымен болмаған. Әрине, ол газет обкомның тікелей бақылауында болғанымен, оның басы-қасында бізге ниеттес Қуаныш Тектіғұлов, Раукен Отыншин сияқты азаматтар барын салып жалақысыз еңбек етті. Кейін әлгі қысымға шыдамаған обкомның 3-хатшысы Котунов келген жағына кері қайтты да, оның орнына бізбен ниеттес ағамыз сайланды. Осылайша, Ақтөбе облыстық компартия комитетінің идеология жөніндегі хатшылығы «Алдаспанның» серіктесі болып, арамыз жақындай түсті.

Біздің, әсіресе, намысымызға батқаны, қалада қазақтар тұрғындардың төрттен бірін құраса да, жалғыз 21-орта мектеп пен аралас 6-мектептің болуы еді. Ақыры қазақтілді балабақ пен мектеп ашу мәселесіне білекті сыбанып кірістік. Әсіресе, ата-аналардың өздерін оятып, олардың тізімін жасақтап, қала басшылығына жеткізудің өзі, одан әрі әлгі ата-аналардың үмітін нақты нәтижеге айналдыру қиямет те, қыруар шаруа еді. Біз соның бәрін қызығып жүріп кірістік, өйткені, жастық көңіл содан ғана ләззат тауып, жігерге жігер қоса алды.

Осылайша, пікірталас  сипатынан гөрі әр алуан мәселе қарау әрекетіне ұласқан клуб жұмысы бір күні қаланы шулатқан бір мәселені шешуіне тура келді. Ол - аралас 6-мектеп жайы еді. Мектеп директоры Зура Ықсанғалиқызы апамыз  сырттай біздің клубтың жақтасы болатын және өз мектебін өңкей қазақшаға аударуға құмартты. Бұл жайт облыстағы сол кездегі шовинистік көзқарастағы  білім беру басқармасының бірқатар басшылығына ұнамаса керек, Зура апайды зейнетке шығарып жіберіп, тіпті, әлгі мектепті толықтай орысшаға аудару әңгімесі шыға бастаған. Сөйтіп, Зура апайдың хабарламасы  бойынша, клубтың бір күнгі  отырысын осы мектепке арнауға тура келді. Бұл - 1990 жылдың қыркүйек айының басы еді.

Клуб өз күн тәртібін аса мұқиятпен бекітіп, ашық та мәдениетті  пікірталас күйінде  талқылау жүргізіп,  ашық дауыс берумен шешетін. Қысқасы, өз ара біршама айтыс-тартыстан соң, сол кездегі облыстық кеңес төрағасы Золотарев мырза атына ультиматум түріндегі ашық хатымызды жөнелтуді шештік. Онда, егер де  6 - мектеп таза қазақ  тіліндегі оқытуға көшпесе, саяси шараға баратынымызды  ескертіп, уақыт бердік. Бұл  шешім бізге оңайлықпен келген жоқ, өз ішімізде  қорқа соқтаған мүшелеріміз де болды және одан қандай нәтиже болмақ деген орынды сауалдар жан жақты талқыға түсті. Бірақ бізде басқаша  қару да, мүмкіндік те  жоқ болатын. Бұл саяси қадам біздің клубты бірден жоғары  деңгейлі саяси сатыға көтерді. Өйткені, «алдаспандықтармен» ойнауға болмайтынын бұған дейінгі әрекеттерімізден түсінген облыс басшылығы бізді аталмыш мәселені шешу жобаларымен таныстырудан ұялған жоқ, ал біз оған мүдделі тарап ретінде өз ұстанымымызды сақтай отырып, бірге шешістік. Сөйтіп, осы  шараның нәтижесі ретінде облыстық білім беру басқармасы бастығының орынтағы қазақ азаматқа тиді. Ол - қазіргі Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов болатын.  Ал, 6-мектеп жайы өзінен өзі шешілді. Зура апай болса, одан кейін  бірнеше жыл  директор болып, «Елім-ай» авторлық бағдарламасын енгізіп, абыройлы зейнетке шықты. Білім беру саласындағы бұл өзгеріс Ақтөбедегі ұлттық білім беру мәселесін шешудегі түбегейлі бетбұрыс болды. Өйткені, бір кезде жалғыз қазақ орта мектебі бар Ақтөбе қаласында кәзір 20 қазақтілді орта білім ошағы болып отыр.

Клубтан бірлестікке

Бұл нәтиже «Алдаспан» клубының  одан әрі мәртебесін  кеңейтуі керектігіне тіреді. Сөйтіп, 1990 жылғы 21 қазанда республика көлемінде  қонақтар шақырып, «Алдаспан» қоғамдық рухани-мәдени бірлестігінің құрылтайын ұйымдастырдық. Бұл шара - аталмыш клубтың ұйымдық деңгейге көтерілгендігі ғана емес, жаңа сатыдағы  жауапкершілік болатын. Аталмыш жауапкершілік біздің  Ақтөбе қалалық атқару  комитетінде  ресми тіркелуден өтуге тиіс екенімізді алға жайды. Осылайша, өмірімізде алғаш рет  заңды негіздегі  бірлестіктің жарғысын жасап, оны тіркеуге бет алдық. «Бірлестіктің  бір-ақ төрағасы болсын, Серік, өзің  бола салсайшы»- деген жігіттердің қолқасына қарамастан,  бір емес 3 төрағаластың болуы керектігін өзімше дәлелдеп, Естай Жайлыбаев пен Сұлтанбек Ташкенбаевтарды ұсынып, теңтөраға ретінде сайландық. Мұның себептері көп болатын: біріншіден, қабілетті жігіттердің барлығы да баскер болып қалыптасуы керек болды; тағы бір себеп - сырт көзге  бір ғана баскердің барын көрсету емес, бірнеше тұлғаның барын таныту ұйымның беделін арттырып, ұжымдық мақтаныш орната түсетіндігін түсіндік. Оның үстіне, Естай екі тілде жақсы сауатты ағамыз болды да, сол кездегі обком, горкомға кіргенде еркін сөйлесетін тұлғасын танытты. Сондықтан оның бұл қасиетін билікпен қарым-қатынасқа қоюға таптырмас әлеует еді. Ал, Сұлтанбек шаруашылық жағын керемет ұйымдастыратын қабілеті бар азамат болып шықты. Сөйтіп, ұйымның стратегиялық болашағын бір адамның атына байлау арқылы емес, бірнеше тұлғаларды өсіру арқылы, оның ішкі даму мүмкіндігін  әшкере ете отырып, сырт көзге бірінен бірі өтетін азаматтарды танытумен ұйым абыройын асқақтатуға тырысқанбыз.

«Алдаспанның» әрекеті барысында жазылмаған болса да, үрдіске айналған  нәрселер көп болатын-ды. Мысалы, бірлестіктің  тең төрағалары мен белсенділерінің өздеріне тән атқаратын саласы болды. Өзім жалпы стратегиялық басшылықты, Естай сыртқы ортамен байланысты алып, Сұлтанбек  ұйымның ішкі мәселелерімен айналысса, ал Көшкінбай  ұйымның материалдық жағдайына жауапкер, Айтқали жалпы мүшелермен жұмысты қолға алды. Бұл ұйымның ішкі қайшылықтарға ұрынбауынан сақтайтын жүйелілік еді.

Серік ЕРҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер