Кабинетім Жаратушының арқасында аман қалды – Ақтөбе әкімі

5502
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысы әкімінің кабинеті ата-бабасы аруағының арқасында аман қалған. Жаппай тәртіпсіздік кезінде Оңдасын Оразалиннің жұмыс орнына ешкім тимеген. Тіпті бүлікшілер табалдырығынан да аттамапты. Мұны басшы тылсым күшке балап отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

«Біріншіден, менің ойымша, құдай сақтады ма, ата-бабаның әруағы ма, иә, іштей білетін адамдар сескенді ме, бірақ табалдырығынан атаған жоқ. Әкімнің кабинеті қандай да бір Жаратушының арқасында аман қалды. Қанша дегенмен, билік киелі дүние ғой»,– дейді ол.

Митинг басталғалы жұрт көзіне көрінбей кеткен Оңдасын Оразалин екі сағаттық баспасөз мәслихатын берді. Бүлінбеген кабинетінен бөлек, көтерілістің қантөгіссіз аяқталғанына шүкір етіп отыр. Осы уақытқа дейін қаладан тыс шықпай жұмыс орнында тапжылмай отырғанын айтады. Аймақта жарияланған төтенше жағдайды тоқтату үшін Мемлекет басшысына өтініш жолдаған. Енді бірер күнде облыс әкімдігі ғимаратындағы қоршау алынып, қазына ақшасына қайта жөнделеді. Ал митинг кезінде наразы топпен кездесуге құлқы болмаған. Есесіне Оразалин қала әкімі Асхат Шахаровты шеруге шыққандармен жүздесуге жұмсадым деп отыр.

Ақтөбе облысының басшысы осы қызметке тағайындалған үш жыл ішінде өтініш айта келген наразы топтың бірде-бірін қабылдамаған екен.

«Мен үш жылдан бері, осы жерге келгеннен бері, өздерің көрген шығарсыңдар, бірде-бір осындай заңсыз әрекетке барып, шыққан да жоқпын. Түсініктеме берген де жоқпын. Бұл менің ұстанған қағидатым дедім ғой. Мына заңсыз әрекетке жиналған, заңсыз талап қойғандармен бәрі де заңға қайшы келді. Талаптары мемлекеттік құлату болды. Сонда мен сол жерге шығып, уәде беруім керек пе?»– деп сөзін толықтырды әкім.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер