Қоғам да табиғат сияқты, бәрі өзара тығыз байланыста екендігі анық. Ұлттық тарих жалпы тарихпен байланысты жазылады. Қай тарихтың да қайнар көзі ұрпақтар жалғастығының куәсі – көне мұраларымызда екендігі сөзсіз. Осындай көне жазбаларымыз – әлемдік тарихтың біртұтас бөлшегі ғана емес, шыққан тегіміз бен тіліміздің түп төркінін айқындаушы, рухани қазығымыздың қайнар көздері. Сондықтан да әлі де болса алыс, жақын шетел мұрағаттары мен еліміздегі көне жазбаларымыздың сырын ашу, оны зерттеу, елімізге қатысты құжаттарды түгендеу, табу, қайтару бүгінгі күннің негізгі талаптарының бірі болып саналады. Осындай қажырлы еңбек пен табандылықты қажет ететін ғылымының бұл саласындағы алдыңғы қатарлы нағыз ғалымдарымыздың бірі – Александр Николаевич Гаркавецтің алар орны тым бөлек.
Мұндай құнды жәдігерлер халықтың рухани тұрғыда жаңғырып, санасының оянуына түрткі болатынын түсінетін, еліміздің ғылымына өзіндік үлес қосуға барынша ат салысып жүрген А.Н. Гаркавецтің тіл тарихына және түркітану ғылымының дамуына қосқан үлесі орасан.
Александр Николаевич Гаркавец – украин текті кеңестік және қазақстандық түркітанушы ғалым. Харьков университетін бітірген, «Түркі тілдері» мамандығы бойынша филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері. 1988 жылдан бері Алматы қаласында тұрады. Украинаның еңбек сіңірген журналисі және белді қоғам қайраткері болып табылады. Ғалым ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізген Қазақстандағы түркітанудың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген ғалым. Александр Николаевич, негізінен түркітану, тіл теориясы, тілдердің өзара әрекеттесуі бойынша зерттеулер жасаған, Еуразия тарихы бойынша 28 кітап және 160-тан астам ғылыми мақалалар мен ұжымдық монографиялар жариялаған.
Жақында Түркия Республикасы мемлекеттік деңгейде түрік тілі күні мен 1932 жылы Кемал Ататүрік негізін қалаған Түрік лингвистикалық қоғамының (Türk Dil Kurumu) құрылғанына 79 жыл толуын атап өткен болатын. Осы мереке аясында дәстүр бойынша түрік тілі мен басқа түркі тілдес халықтары тілдерінің дамуына елеулі үлес қосушы ғалымдар, көрнекті өнер, әдебиет қайраткерлеріне ерекше құрмет көрсетіледі. Сондай ерекше құрметтердің біріне Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, көрнекті түркітанушы, көптеген отандық және халықаралық сыйлықтардың лауреаты, ғалым Александр Николаевич Гаркавец ие болды.
2017 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Гүлбану Қосымова Сейілбекқызы «Түрік тіліне қызметі үшін» атты марапатты Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанның қолынан алған еді. 2021 жылы «Түрік тіліне қызметі үшін» атты марапатты Гүлбану Қосымова Сейілбекқызы Александр Николаевич Гаркавецке Türk Dil Kurumu президенті, ф.ғ.докторы, профессор Гүрер Гүлсевинің басқаруымен жүргізілген жиында онлайн режимде өз қолымен табыстады. Жиынның ашылуынан соң, Türk Dil Kurumu президенті, ф.ғ.докторы, профессор Гүрер Гүлсевин А. Н. Гаркавецтің ірі лингвистикалық және тарихи зерттеулері мен іргелі сөздіктері туралы және оның еврей, грек, армян, латын алфавиттері, кириллица және түркі руникалық, қырым татарларының, түркі тілдес гректер-урумдардың, қарайттар мен қазақтардың бірегей диалектілік материалы мен фольклоры, сондай-ақ Қырым татар тілі мен әдебиеті бойынша оқулықтар мен қазақ тілі бойынша аудио құралдар бойынша 130-дан астам қыпшақ жазба ескерткіштері туралы ғылыми жарияланымдары туралы барынша жан-жақты баяндай отырып, түркі халықтарының тарихын терең зерттеулері арқылы көрсетіп жүргені үшін, тың жаңалықтармен бөлісіп, түркі әлемінің ғылымына орасан зор үлесін қосып жүргеніне ерекше алғысын білдірді. Оның ішінде ерекше атап айтқанда А. Н. Гаркавец сөздіктерінің бірі, «Urumca Dictionary» (Urumca Sözlük) түрік нұсқасы түрік лингвистикалық қоғамында 2019 жылы жарық көрді.
Қоғамдастық жақында 1973-1986 жылдары жазылған DVD форматындағы 3250 мәтіндік дыбыстық файлдары бар Урум фольклорының жинағын (Уруми Надазов'я - Aзов Урумлары - Azak Urumları) басып шығаруға дайындықты аяқтады. Урум тілі қазіргі кезде жоғалған тілдер санатына жатады тек А. Н. Гаркавецтің осы басылымы Урумның 12 диалектісі мен фольклорын зерттейтін біртұтас дереккөз ретінде есептеледі.
Онлайн режимдегі кездесуде Александр Николаевич Гаркавецтің кеңесін алған, тәжірибе жинаған, ғалыммен бірлесе жұмыс жасаған, қызындай болып кеткен профессор Хүлиә Чеңел-Қасапоғлұ ғалым туралы қазақ тілінде жүрек жарды жылы лебізі мен пікірін білдірді. Марапаттау рәсімі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ұйымдастырылды. Жиында сөз алған институттың директоры Анар Фазылжан Мұратқызы, Александр Николаевич Гаркавецті беделді марапатпен құттықтай отырып, ұжым атынан зор денсаулық тілей отырып, қазақ тіл білімі мен әлемдік түркітану ғылымын зерттеу жолында жаңа шығармашылық табыстар тіледі.
Өркениетті елдердің үрдісі негізінде мәдени мұраларды жинастыру, дүниежүзілік өркениет жетістіктерін ұлт мүддесіне пайдалану жүйелі түрде екі ғасыр бойы жүргізіліп жатыр, шығыс қолжазбаларын түпнұсқа түрінде сақтап қоймай, оларды өз тілдерінде бастырып шығарды. Орхон-Енисей және Талас жазбаларын зерттеу нәтижесінде ғалымдар VI-VIII ғасырлардағы түрік халықтарының тарихына басқа қырынан қарау арқылы, көптеген сауалдарға жауап алдық. Сол кезеңдерде түрік империясы көптеген халықтар мен мемлекеттердің тағдырында тарихи рөл атқарғандығын білеміз.
Орта кезеңдегі жазуларды да зерделеу арқылы көптеген маңызды мәліметтерді айтуға болады.
Ғалым түркі тілдерін тыңғылықты зерттеп, ауызша сөйлеуді жазып алып, фольклорлық және жазба ескерткіштерді, әсіресе қыпшақ ескерткіштерін жинады және соңғы жылдары қыпшақ деректану бойынша жарық көрген іргелі еңбектердің жарық көруінің арқасында ол қазақ тіліне өлшеусіз үлес қосты. Дүниежүзілік қыпшақтану мен қырым-татар тіл білімінің дамуы, ал үрім тілі мен фольклоры туралы іргелі еңбектер – Солтүстік Азов өлкесінің (Мариуполь облысы) түркі тілдес гректері урумистиканың ғылыми негізін қалаушылардың бірі болып табылады. Оның зерттеулерінің негізгі бағыттары көне және қазіргі қыпшақ тілдері – кун-половец, армян-қыпшақ, ұрым- және қыпшақ жазба ескерткіштері; түркі тілдері, атап айтқанда қазақ тілі және оның басқа тілдермен өзара әрекеттесу жағдайында дамыту; тіл саясаты, тілдік байланыстар, тілдік құрылыс; қазіргі қырымтатар тілінің құрылымы, қырым татар жазуы мен емлесі реформасы, т.б.
Еңбектерін жариялаудағы белсенділігін атап көрсетуге болады. Ол кісінің тікелей жетекшілігімен “Абай елi” (“На земле Абая”, “On the Land of Abai”, 1994), “30 лет электрификации железных дорог Казахстана” (1995), “Дорога дружбы и сотрудничества. Шелковый путь вчера, сегодня, завтра” (1996), “Железнодорожный транспорт независимого Казахстана” (1998) және т.б. кеңінен таралған фотоальбомдар. Ал «Абай. Избранное» атты еңбекті Қазақстан тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың жеке тапсырмасы бойынша Александр Николаевич өзі дайындаған болатын.
Александр Николаевичтің ғылыми және қоғамдық қызметі әрқашан мемлекет тарапынан қолдау мен құрметке ие болды. Ғылым мен білім саласындағы жоғары жетістіктері үшін Александр Николаевич бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталды: Украина КСР білім беру үздігі (1988), А.С.Макаренко медалі (1989), «Білім берудегі 50 жартас» медалі (мемориалдық белгі) Украинаның» (1994). Президенттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты (1997, Қазақстан). Оның ғылым мен қоғамға сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, 2003 жылы «Тәуелсіз Тарлан» сыйлығы, ең жоғары Платина Тарлан сыйлығымен марапатталады. Қазақстан меценаттар клубының 2004 жылғы 16 қаңтардағы шешімінде «Қазақстан меценаттар клубы көрнекті түркітанушының «Платина Тарлан» сыйлығының лауреаты атанғанын хабарлау үлкен құрметке ие екендігі атап өтілді. 2003 жылғы «Білім» номинациясы, оның шығармалары қазақ және басқа түркі халықтарының рухани мәдениетінің бірегей тарихымен және дамуымен жұртшылықты таныстыратын, «Қыпшақ жазба мұрасы» іргелі ғылыми еңбектің авторы.
Александр Николаевич ғылым әлемінде бағаланатын, танымал, үлкен құрметке ие тұлға. Жоғары кәсібилік, ойлау ерекшелігі, зерделілігі айналасындағылардың жанашырлығын оятпауы мүмкін емес. Ол шығармашылық күш пен жігерге толы, қазақ халқының тарихи мұрасын зерттеудің концептуалды негіздерін жаңарту мен жетілдіру үдерісіне орасан зор үлес қосуда. Кемеңгер ғалымның тамаша қасиеттері оны әріптестері мен жұртшылық арасында құрмет пен беделге ие болды. Александр Николаевич үлкен ғылыми жетістіктермен, еліміздің ғылымы мен білімінің игілігі үшін жасампаз еңбегін жалғастырып келе жатқан, өзіндік орны мен өзіндік пікірі бар, түркітану ғылымына әлі де тың жаңалықтар әкелер нағыз ғалымдарымыздың бірі әрі бірегейі.
Ешметова Б.Б,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл Білімі иснтитуты