Көкшетауда 37 дәрігер жұмыстан шығу туралы арыз жазған

3776
Adyrna.kz Telegram

Көкшетауда қалалық көпбейінді ауруханасының ұжымы емдеу мекемесінің бас дәрігері Ерлан Аяғановтың жұмыстан босатылуына наразылық білдіріп, шу көтерді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "aikyn.kz" басылымына сілтеме жасап.

Мекеме дәрігерлерінің айтуынша, соңғы 2-2,5 ай ішінде ауруханада тексерістер тым жиілеп кеткен. Денсаулық сақтау басқармасының бас дәрігерді жұмыстан шығаруға берілген бұйрығына қарсылық білдірген 37 дәрігер өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш берген.

Аурухана ұжымы дәрігерлерінен кешелі бері маза кеткен. Басшыларының жұмыстан шығарылуына алаңдаған дәрігерлер Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасынан түсініктеме беруін талап еткен. Бірақ басқарма басшылығы ұжымға түсіндірместен басшыны жұмыстан шығаруға бұйрық беріпті.

"Кеше шамамен екілер шамасында бас дәрігеріміз Ерлан Аяғановты Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 10-тармақшасына сәйкес жұмыстан босату туралы бұйрық түсті. Жұмысын тиісті түрде орындамағаны үшін делінген. Негізі, Денсаулық сақтау басқармасы аурухана басшысын жұмыстан тайдыру үшін оның соңынан шам алып түскен сияқты. Өйткені соңғы екі ай бойы бірнеше мәрте, тіпті күнбе-күн тексеріс болып кетті. Олар бір сылтау іздеуге кірісті. Басшымыз осы лауазымға кіргеніне алты ай ғана өтсе де ұжымда тәртіп орнатып, жұмысты бір ізге сала білді. Барлығы оған сенім артып, жұмысқа белсенділік артты. Біз оны жұмыстан босатпауды талап етіп отырмыз", – дейді Көкшетау қалалық ауруханасының дәрігері Наталья Синицкая.

Дәрігерлердің айтуынша, бас дәрігердің бақылауына қалалық аурухана ұжымымен қоса инфекциялық аурухана да қарайды. Ұжымға республикалық бюджеттен бөлінетін қыркүйек айында берілуі тиіс үстемеақылары да түспей қалған. Ал қазан айына әлі жалақы түспеген, сондай-ақ үстемеақысыз қалу қаупі бар.

"Біз қазір бас дәрігер болмаған соң құжаттарымызға да қол қоя алмай отырмыз. Ұжымның бірауыздан шешімімен 37 дәрігер өз еркімен жұмыстан босатуға Денсаулық сақтау басқармасына арыз берді. Қазір оны басқармаға барып бекітеміз. Тағы бір түсініксіз жағдай, кеше кешкісін алтылар шамасында басқармадан келген адамдар бас дәрігерден жұмыстан өз еркімен босату туралы арыз жаздырып алған. Ал онда бас дәрігер 25 қазан күні жұмыстан босату туралы арызданған. Яғни, үш күн бұрын жұмыстан босатылған адам қайта қалай арыз жазады? Бұл жерде оны арыз жазуға мәжбүрлеп қинағаны анық көрініп тұр", – деп толықтырды Наталья Станиславовна.

Ұжым дәрігерлері ауруханада дәрігерлер жұмыстан кеткен жағдайда мекеме дәрігерсіз қалатынын айтады. Өйткені, қазірдің өзінде мекемеде медицина қызметкерлерінің тапшылығы айқын сезіледі. Дәрігерлер 3 тәулік бойы жұмыс істейтін жағдайлар жиі болған. Ал мұндай жұмысқа басшыларына сенгендіктен түскендерін айтады.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта бас дәрігерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

"Қазір Көкшетау қалалық көпбейінді аурухананың лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық кодекстің 201-бабына және 407-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу мәліметтері жариялауға жатпайды. Медициналық ұйымның бірінші басшысымен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 56-бабының 2-тармағына сәйкес (жұмысшының бастамасымен екбек келісімшартын бұзу) еңбек қатынасы 25 қазаннан бастап бұзылды", – дейді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер