ДҮКЕНБАЙ ДОСЖАН: Қазақ прозасындағы авангардизм немесе Қуаныш Жиенбай қалай жазады?

3220
Adyrna.kz Telegram

Әуелі авангардизмнің әдебиеттегі көрінісі туралы бір ауыз сөз. Мұны университеттің филология факультетін бітірген көкірегінің сәулесі бар кісінің баршасы біледі: әдебиеттің авангард атасы – ирландтық жазушы Джеймс Джойс. Оның қаламынан туған «Улисс» романы авангард тәсілінің қара сөздегі озық үлгісі. Бұл дегеніңіз, қазақылап айтсақ, кейіпкер санасына ағындап келген ойдың, сезімнің суреті, яғни ойдың фотографиясы. Адамның басына осы мезетте, дәл осы қазір қандай ой келсе – соның қағазға түскен дәлме-дәл көшірмесі.

Қазақ әдебиеті де авангард үлгісінен ада-күде емес, ол әрдайым әлемнің төрт бұрышында туындаған ауқымды коллизия мен жанрлық фабуланы бойына молынан сіңіріп дамыды. Мұхтар Әуезовтің 20-шы жылдар басында жазған «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімелерінде батыстың таңдай қағып, бас ұрып мінажат еткен осынау әдіс-тәсілінің нышаны айқын сезіледі. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы қазақ бойжеткені Ақбілек пен орыс офицерінің бірін-бірі тілмен емес, ишара, мегзеу, сезім иірімдері арқылы түсінуі – қазақ прозасындағы авангард нышандары. Арада қаншама жыл өтті, нешеме майталман жазушылар шыңдалудың шыңына көтерілді, маңдайалды неше алуан тақырыптарды игерді. Арнасы кең алқапқа жайылып ағатын дария секілді сөз өнерінің бүгінгі бастау бұлағының бір тармағы Қуаныш Жиенбай есімімен тығыз байланысты.
Бұрқырап шығып жатқан өзге кітаптарға ат ізін салмай-ақ, Қуаныш қаламынан туған хикаяттар мен әңгімелерге арнайы тоқталу себебіміз: оның сөз саптасында авангард нышаны, ой ағыны анық көзге ұрып, мен мұндалап тұрады. Жазғыштығында сөз жоқ. Қаламгер қалай жазады?.. Нендей көркем тәсілге жүгінеді, гәп сонда.

Әлгі айтқан авангард тәсілін, біздер көбіне ой ағыны деп жүрміз. Әр нәрсеге салыстыру арқылы көз жеткіземіз. Жоғарыдағы «Дублиндіктер», «Улисс», «Суретшінің балалық шағы» деп аталатын шығармалары үшін Нобель сыйлығын иеленіп, әдебиет төрінен ойып тұрып орын алған Джеймс Джойс өзінің мың беттік «Улисс» романында бір кейіпкердің ертеңгісіннен кешке дейінгі, яғни бір тәулік ішіндегі тіршілігін суреттеп шыққан. Әр сөйлеміне, диалог, шегініс, аллегория, психоаналитикалық қалыбына айтары жоқ көл-көсір мағына сыйғызғаны сонша, кейінгі зайырлы әдебиетшілер әлгі романға дәл сондай көлемде түсініктеме жазған. Ең қиыны – дублиндік қарапайым кейіпкердің атам заманғы Гомердің «Илиада» дастанымен шендесіп келетін ғажайып мегзеу монологы. Ал, Қуаныш Жиенбайдың «Тоқта, өлесің бе» атты хикаятындағы Бөрібайы, оның зайыбы Гүлжәмила кешкен пенденің басына бермесін деп тілейтін жұлынды оқиғалары шығарманың басынан аяғына дейін ой ағыны арқылы өрбіген. Тексте автор бой салып көрінбейді, кейінгі жастар балға үймелеген арадай айналып шықпайтын жастық романтикасы, яки, қатал реалистік сурет, пәлсапашылдық жоққа тән. Кейіпкер қалай ойласа, солай қағазға түскен ойдың суреті. Жадының, қабілеттің фотографиясы.

Бөрібай – жер әлемге әйгілі ғарыш айлағының маңына орын тепкен Төретам тұрғыны, шофер, екі иығын жұлып жеп жүрген бозбала әншейін: әуелі Байқоңырдың маңайына түскен әр жердегі ракета қалдықтарын, маң даланың миындай шашылып жатқан қалайы, жез сынықтарын жинап-теріп, оны керек жеріне өткізіп, қалтасы томпайып қаржыланып үлгереді. Бөрібайды көріп өзге де қолы бос кәсіпкерлер шығады. Әуелі қарынның қамы, одан артылса бала-шаға асырау… әйелінің көңілін табу… одан артылса түнімен отырып карта ойнау… арақ ішу… бас жазу… сенделіп жүріп... сай-саладан сымтемір теру. Сырт көзге оңай кәсіппен-ақ ақшаға, пайдаға гүрп ете түскен кісі боп көрінеді. Әйтседе әлгінің жан-әлемі алай-түлей, ит ұлып, қасқыр жортып жүргендей ғой. Өстіп әлгі дайын асқа тік қасық боп жүрген кәсіпкердің бірі кездейсоқ жарылмай қалған ракета газынан уланып, табанда тырапай асады. Тексеру шығады. Қадалған жерінен қан алатын тергеушінің тырнағына іліккен «Бөрібай, әй, өлген жерім осы болар, пашпыртым біткен шығар» деп жүргенде әйелі шіркін ақыл табады.
Шу қарақұйрық деп бөстегін көтеріп, бір түнде базары құжынаған үлкен қалаға көшеді де кетеді. Тауып көр енді! Тышқаншылап ін қазып, базаршылап нәпақа теріп жан бағып көр пысық болсаң. Автордың ой ағыны осы тұста шындап кәдеге асады, мұндайда авторлық баяндауға түссең – арба сынады, психологизмге бой ұрсаң – өгіз өледі, көке мылжың көкімемен романға қол артуға болар еді... «Бөрібай... Бөрібай болмаса сөйте ме? Әлдекімге неғып беталды үресің деп Бөрібасарды жамбастан оңдырмай ыңқ еткізгені. Алақтап жан-жағына қарайды. Шылым шексе ашуы тарқайтындай. Түбің түскір, аспан төсіндегі жұлдыздардың бүгін өлгенше жарқырауын. Табанынан сыз өткенін сезеді. Бір аяғын екінші аяғының үстіне қойып, ұзақ сонар ойға беріледі. Ой дейтін қайбір ой, дені дұрыс ой қалды ма Бөрібайдың басында. Ойы дұрыс адам кішкентайынан асыраған итін тебе ме. Иттің киесі ұрса қайтеді. Ол көзге көрінбейді, бір оңтайлы сәтті аңдып жүреді де алып ұрады. 594-ші маршруттағы такси құйындатып келе жатады да, алдыңғы дөңгелектің бірі мұрттай ұшады. Амалың қайсы, бір жағына қисайып бара жатып, қарсы кезіккен мәшинені қағып өтесің. Айқай... Жағаға жармасу, төбелес. Өз көзіңе өзің сенбейсің. Неден қателесті? Жаңа ғана ыңылдап әндетіп, өз ауанымен жүріп келе жатқан секілді еді. Ал, ендеше!.. Иә, иә... иненің жасуындай жазығы жоқ Бөрібасарды тепкілеп нең бар еді сормаңдай?!» (Қуаныш Жиенбай, «Қателесесің, қымбаттым...», Алматы, «Жазушы», 2004 жыл, 46-бет). Байқасаңыз, бастың аяқ, аяқтың бас болған былыққан шаруасы, тіршілік кикілжіңі, көңіл-күйі, кейіпкер психологиясы арқылы соны сезіну, түйсіну, көру әрекеті сегіз өрім қамшы өріміндей жымдаса өріліп келеді. Жүріп жатқан әрекеттен, оқиғадан, кейіпкер көңіл-күйінен авторымыз ада-күде, неде болса, «өз басыңмен өзің бол» деген кісіше сырт қалады. Жазушы тек уақыттың тізгінін ұстап отырса болғаны. Желі, коллизия, шендестіру, өзге де әдіс-тәсілдер өз-өзінен құйылып келіп жататындай ғой.

Мінекей, мінезі де мінез емес, құйысқаны кері кеткен Бөрібай қалаға келгелі өзіне сор боп жабысқан ит мінезден ептеп арыла бастайды, бейне күн қыза сырт қабығын тастаған жылан секілді. Гүлжәмила да мінез метаморфозасына түскендей ме, пейілі кеңейіп, бала-шағаны қуырмай, тіршілік көшіне басы салбырап ілесе бермей, күресуге, тырмысуға жарап қалған. Құр кеуде емес, күйіну, сүйсінудің ащы-тұщы дәмін тата бастағандай. Қала шетінен қызыл қыш үй бой көтереді, әуелі жай салады, көзге баттиып көріне бермейтін құбатөбел, қоңторғай тіршілік ақырында бір жобаға келіп, «тағдыр» атты ұлы көпір беки түскендей болады. Сырттай қарасаң қарапайым тіршілік иелерінің күнкөріс қамы, күйбеңі, түкке тұрғысыз ырың-жырыңы секілді осынау шығарма ішіне дендеп енген сайын мына ағысы қатты асау өмірдің тайфун дүлейінен көрініс береді. Үлкен әріппен жазылатын Пенде, Болмыс деген бар ғой, сол болмыстың терең ағысына үңіле білсек, біз көрмеген сұмдық, біз білмеген шындық жатыр деген пәлсапаға табан тірейді автор.

Әлгінде айтқан ой ағысы тәсілінің қазіргі реалистік баяндау, суреттеу, сөз саптау әдісінен айырым-белгісі мол, әрине. Мына Қуаныш Жиенбай прозасынан сол әдістің үш түрлі нышанын сездік. Біріншісі, әу дегеннен асаудың жалына жармасқан атбегі секілді ситуацияның ішіне енеді, ситуациядан әрекет туады, әрекеттен оқиға өріледі, оқиғадан мінез қыры көрініс табады. Мысалы, Бөрібай командасы айдаланы кезіп, темір-терсек жинап жүрген кезде бір ауылдасы улы газ жұтып о дүниелік болып еді ғой. Арты келіп тексеруден тексеруге ұласады. Бөрібай ойы төмендегіше өрбиді. «Мойынға қиып салар айғақ жоқ. Сорыңды ұрайын тергеуші дегендерің де аузыңнан шыққан әр сөзді тізе береді екен ғой ерігіп отырып» (сонда, 15-бет). Бөрібайдың тергеушіге деген ойы: «сорыңды ұрайын, яғни «өзге шаруасы құрып қалғандай, тергеуші деген ылғи ерігіп жүреді». Мұнда әрі Бөрібайдың ойы, әрі көзқарасы қосыла жымдасқан. Бір оқпен екі қоянды атып алды деуші ме еді мұндайды. Екінші, үшінші жақтағы ситуацияны үшінші кейіпкер ойымен беру тәсілі. Мысалы, оқиға Бөрібайдың күйеу баласы туралы. «Сірә, шектен шығып бара жатқанын біреулер жоғарғы жаққа зың еткізсе керек. Сырттай тексереді. Болжам дұрыс. Ұшу алаңындағы жағдайды кез келген төретамдық ертеңіне-ақ айна-қатесіз біліп отырады. Көзін құрту керек. Және кешіктірмей. Аспанға адам ұшыруға бастары жеткен бастықтарға бұл не тәйірі. Еңбекақысын қолына ұстатып, темір қоршаудың ар жағына тектен-тек жібере салуға және болмайды. Сол құпия отырыстың нәтижесі әлгідей. Екі-үш айдан кейін ауруханаға түсті, белі шойырылып» (сонда, 28-бет). Күйеу баланың пашпырты бітті сөйтіп. Бұл оқиғаны ой ағынысыз, былайша баяндап шықсаң, екі-үш бетке созылар еді. Ой ағынының ұрымтал тұсы осы. Үшінші ерекшелік, барша оқиға, ой ағыны арқылы өрбиді, яғни, адам ойынан ұшқыр, үйіріп әкетер икемді ештеме жоқ. Оқиғаны ойдың бір оралымына сыйғызу оңай. Ал енді, керісінше, сол мезеттік ойға сыйған оқиғаны түсініп, асықпай, тұщынып оқыған ләзім.

Мұндайда оқиға қуып, ілеспе аударма жасағандай көз жүгіртіп, асығыс-үсігіс парақтап шықсаңыз, шығарманың ішкі пернелерін баса алмайсыз. Жүгіртіп қана оқысаңыз-ақ көп жәйтті үстірт шолып, әлгі ситуация кімнің басында екенін, кімнің ойымен беріліп жатқанын білмей текке шаршайсыз. Ой ағынымен жазылған шығарманы ойланып оқысаңыз ғана тереңіне көз жеткізе аласыз.
Кітаптағы «Теңіздегі бір тамшы», «Қайғының құны қанша тұрады?», «Ескі кітаптың екі есе бағасы», «Үрей» әңгімелері інжу-маржан секілді өзіндік салмағы, пәлсапасы, өз шындығы табылған тұшымды дүниелер. Әңгімені әркім-ақ жазды, әйтсе де кейіпкердің көкейіндегі шындықты табу қиынның қиыны. Шынына үңілсек, осы күні жазары таусылған жазушылар көп. Өсек-аяңмен уақыт өлтіріп, шетел басылымындағы аузы дуалы айтқыштың түймедейін түйедей ғып, үстінен өтектеп, өз жанынан шығарғандай құлпыртып, қазақша баяндауға шеберленіп алған жазғыштар қарымы тегі мол. Баяғы Толстой шошыған «басқаның ойымен өмір сүріп, өзін өзгенің орнына қоя алмайтын» кісәпір мінездер жиынтығы көбейді. Мұның бәрі айдың-күннің аманында төбемізден топ ете түскен рынок-капитализм жағдайының бойымызға жамағаны, бәлкім. Бәлкім, мына біздер – қазақ қаламгерлері тым оңғақ, тым тақуа, тым әсірешіл, таяқтың екі басында жүретін әпенділерміз. Бұл ретте Қуаныш Жиенбайдың әдебиетке салған өз сүрлеуі, өз шындығы, өз жосығы бар, сонысымен қуантады деп ауыз толтырып айта аламыз.
Кеудесінде дарыны бар әр қаламгер өзін сол жанрдың генералы, я маршалы санайды. Мына кітабы арқылы автор прозаның генералы боламын деген сөзді шаппай бер айтып отыр.

Сөзіміз құрғақ болмасын. «Кешіріңіздер...» атты әңгімесіндегі оқиға елге келе жатқан жазушыны күтіп алудың етіміз үйренген қарбалас тіршілігі туралы. «Күтіп алыңдар», – деп жоғарыдан әкім тапсырған. Әкімнің сөзі – алланың пәрмені. Вагоннан түсе қалған жазушының ойы: «Ұят-ай, әне бір естияр жігіттің жазушы дүйім жұрттың арасымен вокзалдың шығыс бетіне аңдаусыз өтіп кетіп жүрмесін деп, арбаңдай жүгіргенін қойшы; жергілікті радиодан мұның есіміне жыршының терме төгілдіргенін қойшы; күзде гүлдесте іздегенін қойшы; бәрінен де мына бүлдіршіндерді ас жоқ, су жоқ, қарадай қаңтарып, дірдектеткендері масқара емес пе!» (сонда, 131-бет). Жазушымыз жерге кірердей боп «өмірді өз көзінен өткеріп» жүрсе, әкім: «халқым, жұртым, елбасымыз аман болсын!» – деп қарадай сөзбен семіріп, тост көтерумен әуре. Әр кәллада бір қиял, әркімнің өз шындығы өз басына жетіп артылады.

Әр нәрсенің мінсіз, кемшіліксіз болмайтыны секілді, өрісі тарлау ой ағынына түсем деп автордың кәкір-шүкірді тізбелеп жүріп алатын тұстары да жоқ емес. Мысалға, жоғарыдағы Бөрібай мен Гүлжәмиланың іштей бітіспес тәжікесі "үйлеспесе неге үйлі-жайлы болып, ұрпақ өсіріп отыр екен" деген сауалды көлденеңдетіп алға тартады. «Қателесесің, қымбаттым» әңгімесіндегі Жиделітоғай жындыханасындағы клиенттердің ой-оралымы, сөз саптасы, уәж тәжікесіне құрылған мінездер де соншалық дараланбаған. Мидай батысқан, табаны қара жерден ажыраған әпенділер өңшең. Чехов, Достоевский қаламынан туған «6-палата», «Нақұрыста» жындану әрекетін физиологиялық процесс, метаморфоза дейді; адами қасиеттердің майдалану жайы кезең-кезеңімен беріледі, бытыстырып, үйіп-төгіп емес. Үйіп-төге берсең көкіме мылжыңдыққа тұмсық тірейсің. Көкіме мылжың мен жалған пәлсапашылдықтың арасы бір-ақ тұтам. Оқырманды жерінту, мезі ету, міне, осындайдан келіп шығады.

Әр жазушы өз шындығын иманшарт тұтады, өзінің шыққан шошағын тау көреді. Оқырман қауым осы күндері өңкей «мықтылардан» кімнің кім екенін айыра алмай әбден шатасып бітті. Кітап шығарғанның бәрі жазушымын деп кеудесін сабалайды. Абайлап, өмірге тура қарасаңыз, шындық олай емес қой. Әуелі тірі сөздің, өлі сөздің ара жігін айырар қабілет, аура қажет. Өмірді бояумен, тірі сөзбен көре білудің өзі өнер. Ондайларды табиғатына, талағына берген, жаратқан ие назары түскен дейміз. Енді келіп сол сөзбен салған суретіңнен адам, жазмыш тағдыр сөйлейді. Сөйлете білсең ғана жазушысың. Прозашы осы баспалдақпен біртіндеп көтеріліп, енді сол суреткерлік әлемнен өз бояуын, өз шындығын, өз стилін тауып үлгерген. Шығармасын бастан-аяқ ой ағынымен жазатын жазушының бірен-сараны, бірі болса – өзі.

Қуаныш Жиенбай – әдебиет ауылындағы жас, жаңа есім емес. Мақтасаң да, даттасаң да көтере білетін қабырғалы қаламгер. Қазақ прозасындағы авангард үлгісіндегі әдіс-тәсілі қалыптаса бастағаны риза етті. Қуаныш шын қуантты. Алдағы кезде әлгі әдемі әмбебап стилді ауыл арасының әжік-күжігіне сала бермей, ірі, кезеңді оқиғаларға, мінездер қақтығысына, жазмыш пен тағдырлар тайталасына еркін тізгін босатқан салымшыдай саңлақ дүниелерге қалам сілтесе!.. Уақыт – асаудың жалына жармаса жүрсе!.. Іске сәт, қаруласым, доданы жарып, мәреге кеуделеп келуіңді тосайық, мына біздер – оқырман қауым!

«Қазақ әдебиеті», 5 тамыз, 2005 жыл.

Пікірлер