Алаш публицистикасы көтерген дін мәселесі және оның шешу жолдары

6638
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына PhD докторант Алма Сайлауқызының ұсынған материялын  жариялап отырмыз.

Түйін сөз: Алаш публицистикасы, Алаш көсемсөзі, дін,  қазақ қоғамы,  бақсылар, шоқындыру, радикализм, діни мәселелер.

photo-alma-saylau-yizyi

Алаш қайраткерлері қоғамды алаңдатқан, оның дамуына кедергі келтірген сан салалы мәселелерді ел назарына шығарып, көсемсөз күшімен талқылап, қоғамдық сананың оң өзгерістерді басынан өткергенін қалады. Жер, тіл, мәдениет, білім, медицина проблемаларымен қоса, рухани түлеу мен жаңғырудың себепшісі – діни таным мәселесі де өзектілер қатарында еді. Алаш көсемсөз шеберлерін дін мәселесі неге алаңдатты? Бүгінгі күндегі журналистердің, қоғам қайраткерлерінің де жиі көтеретін түйіткіліне айналып отырған діни сенім дегеніміз жалпы неден тұрады? Бұл турасында С.И.Ожегов өз сөздігінде: «Құдіретті күшке (әруаққа, құдайға) иланатын қоғамдық түсінік формасының бір түрі» деп түсіндірcе, Оксфорд сөздігінде: «Құдіретті басқару күшіне, құдайға немесе құдайларға деген сенім» делінген. [1] Дін – адамзат тарихының айнымас бір бөлігі, сенім формалары өзгергенімен, мәні бір – илану, сену. Адамзат тарихында діннің алатын орны ерекше, салыстырмалы түрде адамның дінге мойынсұнуы - отты игеру, дөңгелек ойлап табуымен тең үлкен жетістігі деп қарастыруға болады. [2] Алайда Кеңес кезінде дінсіз қоғамды дәріптеген жүйе құдайға деген сезімді күрт тыюға шақырып, имандылықтан ада, қатыгез қоғам туындатса, тәуелсіздік алған соң әлеумет құдайсыздықтан құтылып, ата-баба дінімен қайта қауышқанымен, оның ұзақ жылдар санада болмағанын пайдаланған сыртқы күштер өз қатарына тартуға кірісіп, елдегі діни сенімге қатысты бос кеңістік пен  еркіндікті пайдаланып, түрлі діни ағымдар халықтың ой-санасына ентелей кіріп, ұлттық менталитетті бұрмалап жатқан жайы бар.

«Алаш» партиясының бағдарламасында дінге қатысты саясат қалай көрініс тапқан еді? Бағдарламаның дін ісі деп аталатын төртінші бөлімінде: «Дін ісі мемлекет ісінен айырулы болу. Кіру – шығу жағынан бостандық. Муфтилік қазақта өз алдында болу. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер молдада болу, жесір дауы сотта қаралу» делінген болатын. [3]  Яғни, діни сенімге еркіндік бере отырып, оның қоғамдағы реттеушілік функциясына мемлекеттің құзіретін күшейтіп, сол арқылы зайырлы қоғамға ұмтылу мақсат болған. Тәуелсіздік алған соң, Ата заңымызға осыған ұқсас баптарды жаңғыртып енгіздік.

ХХ ғасырдың басында Қазақ елінің өркендеуі жолында діннің алатын орны туралы Алаш зиялыларының  арасында екі жақты көзқарас қалыптасты. «Айқап» журналында: «Егер қазақ мемлекеті құрылатын болса, ислам дінінің заңдылықтарына, яғни «шариғатқа» негізделу керек» деген пікір басымдық танытса, «Қазақ» газетін шығарушылар қазақ мемлекетін еуропалық  жүйемен басқару керек деген пікірде болды. Сөйте тұра, олар ата дініміз – исламды, салт-дәстүрімізді халықтың маңызды рухани құндылығы ретінде көздің қарашығындай сақтауды ұстанған. [4, 3-б.] Сол замандағы Алаш көсемсөзін, мерзімді баспасөз беттерін парақтап отырсақ, осы екі идея халық арасында қоғамдық пікірді туғызғанын бағамдай аламыз.

konferentsiya

Қазақ елінде мұсылмандықтың өркендеуіне үлес қосқан, сол мақсатта мерзімді баспасөзде тұрақты түрде мақала жазып тұрған азаматтар Алаш қозғалысы қайраткерлерінің арасынан да көптеп табылды. Олардың ішінде Алаш қозғалысының белсенді мүшелерінің бірі, тұңғыш қазақ мүфтиі Ғұмар Қараш, дін тақырыбында өнімді қалам тербеген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпей, Міржақып Дулатұлы, Шаһмардан Әлжанұлы, Жиһанша Сейдалин, аймақтық діни ахуал туралы тұрақты жазып отырған журналист Мұхамедсәлім Кәшімов, Досан Аманшин, сонымен қатар, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ұстанымды ұран етіп, заманмен үндеспейтін шариғат заңдары туралы батыл сөз қозғаған Қараөткелдік Мақыш Қалтайұлы мен Сабыржан Алқормашы, мұғалім Файсілрахман Жиһандарұлы, діни-ағартушылық мақалалар жазған А.Жүсіпұлы, Ержан Құлақбайұлы,  Ғалалдин Мәмікұлы және тағы басқалар бар еді.

Мұсылман құрылтайлары жұмысына қатысқан Алаштықтар «Алаш» партиясының бағдарламасына дін мәселесін жеке тарау ретінде енгізді. Бұлай болуына негізгі себеп, жер мен тіл мәселесі сияқты, дін мәселесі де ұлт бірлігінің символы еді. Ал оны халықтың ауызбірлік құралы ретінде пайдаланбаса, алауыздыққа қызмет етуі ықтимал болатын. Алаш көсемсөзі көрініс тапқан қай баспасөзді парақтап көрсек те, ұлт зиялыларының барлығы да ұлтымыз рухани кемел, иманы берік болуы үшін діннің маңызын терең түсінгенін аңғарамыз. Дінсіз қоғамның алды қараңғы екенін түсінген олардың көбі Әлихан Бөкейханның «Діни фанатизмнің алды – ор» деген  орынды уәжімен де келісетін. Бұл туралы «Алашорда» деректі фильмі сценариінің авторы журналист, Болат Мүрсәлім: «Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың, М.Дулатұлының жазуынша, Әлихан Түркістан халықтарының әсіредін­шіл­дігін, ғылым-білімге ұмтылмайтындығын мысалға келтіріп, «Әлсізбен одақ болу арқылы жас қазақ автономиясын құртып аламыз» деп қауіптенген» деп ой түйеді. [5]  Алаш лидерінің осы бір  алаңдаушылығы бекерден бекер емес еді.  Вольтер айтқандай, «Ең үлкен дау-дамайлардың өзінің діни фанатизмге қарағанда қаупі азырақ», деген тұжырым дәл бүгінгі қоғам мәселесін сипаттайтындай. Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде жарияланған «Бастауыш мектеп» деген мақаласында: «Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң, бастауыш мектеп әуелі, миссонерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек... Қазақ дінге нашар күйде өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу – құр әурешілік», деп түйеді. Ал осы газеттің 1914 жылғы 46-санында жарық көрген «Жер жұмысына дін жұмысын қыстырмалау» атты мақаласында орыс миссонерлерінің арбауымен «құрыққа» іліккен, шоқынған қазақтар жайлы мынадай мәлімет келтіреді: «Алтай һәм қазақ миссионерлерінің  1893 жылғы отчетында айтады: 1893 жылы қазақтан шоқынған еркек-әйелі бар 69 кісі. Христиан дінін оңай қабыл еткіштер –  жарлылар, қалың қазақтың ішінен шығып, қалаларға келіп малайлыққа жалданғандар. Бұлар бірте-бірте орыс тілін біліп, орыстың ғұрпымен, дінімен танысады. Сонан соң христиан дініне икемдеп бұрмалаушы әуел бастан қожалары болады». Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлы халыққа іштен іріткен індетті ашық айтып, сақтық шараларын жасау керек екенін ескертеді. Қазақты шетінен шоқындыруға ниетті империалистік биліктің осыған мүдделі болып отырғанын былайша негіздейді: «Қазақты отырықшы қылғанда христиан дінінің түбінде қабыл етерлік жағы да көзделсін» деген Сенат жиылысы ұнатып, Жер министрі қабылдаған  бір істі өткен нөмірде «Уақыт» газетасынан көшіріп бастық. Онда Сенат мақсұты табылуы үшін әуелі қазақтар мен мұжықтарды біріктіре отырғызу керек. Екінші, қазақ саны орыс санының жартысынан аспасқа керек. Солай етсе, орыстардың қазақтардан саны басым болмақ.  Саны басым болса, орыстардың сөзі де, тіршілік ісі де басым болып,  қазақтар христиан дініне көшпек делінген». [4, 4 -б.] Міне, осы деректердің өзінен-ақ переселендер арқылы жерінен айрылған қазақ көп ұзамай олардың басымдығына мойынсұнып, діні мен тілінен де айрылуға тиіс болғанына көз жеткізе аламыз. Бұл жерде ойымызға Поль Анри Гольбахтың мына сөзі оралады: «Халықтың қай дінді таңдауын сол елдің әміршісі шешеді. Ел басшысы қандай дін ұстанса, оның қарамағындағы халық та сол дінді ұстанады. Шынайы құдай – сол әмірші бағынған құдай. Осылайша, елдің әміршісінің таңдауы құдайдың таңдауы болып шыға келеді». Екіншіден, дінін айырбастауға бейім тұратындар әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар болып келетін үрдіс тарихымызда бұрын кездескен болып тұр.

Ол кезеңде әлеуметтік және саяси жағдайды өз пайдасына тиімді пайдаланған отарлық үкімет осылайша бір ұлтты діни сеніміне қарай жіліктегісі келген. Ал қазіргі қоғамдағы  діни жағдаяттың әлеуметтік түбірі қандай? Ол біріктіруші фактордан ажыратушы факторға айналып бара жатқан жоқ па? Осындай заңды сұрақ туындайды. Діни әлеуметтану  саласының пайда болуының алғышарттары француз ағартушылығы дәуірінде (XVIIIғ.) қаланды. Дінтануда дін мен қоғамның арақатынасына баға берудің екі: ажыратушы және біріктіруші тәсілі қалыптасқан. Ажыратушы тәсілдің жақтастары наным-сенімдер жүйесі мен социумның принципті айырмашылықтарын негізге алады. Олар үшін дін бастапқыда әлеуметтік нәрсе емес. Ол трансцендентті (яғни, о дүниелік), сондықтан оны танып білу мүмкін емес. Ал қоғам болса толықтай «осы дүниелік» және осыған орай танылып білінеді. Діннің жекелеген жақтары ғана – діни ұйымдар, мекемелер, қауымдар және т.б. – әлеуметтік болып табылады. Біріктіруші тәсілге келетін болсақ, ол дін мен қоғамның арасына өте алмайтындай бөлу сызығын жүргізбейді. [6]

Алаш публицистикасындағы дінге байланысты мәселелерді сараптай отырып, Алаш қайраткерлері діннің біріктіруші, ұлтты ұйыстырушы қызметін күшейткісі келгенін, ал алауыздық тудыратын себептерден арылу үшін, оның көпшілік назарына ұсына отырып, талқылаудан тайсалмағанын көре аламыз. Діни мәселе бойынша Алаш публицистері негізінен мына тақырыптарды халық назарына  көтерген деуге негіз бар:

  1. Медреседегі молдалардың дүмшелігі

«Молда ұрған ер тозақта күймейді» деген жалған желеумен, жас баланы қажетті-қажетсіз таяқпен ұра-ұра, оны жалтақ, қорқақ, өтірікші етіп жіберетінін ашына жазған мақалалар ел болашағы болып саналған қазақ жастарын дүмше молдалардан арашалағысы келді.  «Оқытқан молдалардың айтқан сөзі: «Бала таяқ жемесе, сабақ білмейді». Біздің мектепте молдалардың қылатұғыны осы», делінген «Түркістан уәлаяты» газетінде. [4,15-б.] Ал «Дала уәлаятына» жарияланған «Қазақтар өздерінің балаларын қалайша оқытатындығы туралы» атты мақалада «Молда жүгініп отырып, қолына таяғын алып айқай салып,  дауыстап оқымаған балаларды дәлдеп тұрып салып қалады. Байғұс балалар қанша азап, қанша қорлық көреді. Бұлар оқымайды, азап тартады», деп  автор үлкен проблемаға оқырманның назарын аудартуға тырысады.

  1. Діни жоралғы жасау тәртіптері

Бұл тақырып аясында қажылыққа бару, cадақа беру  және т.б. діни тәртіп, жөн-жоралғылар туралы ақпараттық-танымдық сипаттағы материалдар жарияланған. Мысалы, «Орыс жұртына қараған мұсылмандарға Меккеге баруға билет беру тақырыбы» атты мақала «Түркістан уәлаяты» газетінде жарияланса, [4, 7-б.] «Айқап» журналында «Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер» деген мақаласында Ержан Құлақбайұлы діни ережелерге тоқталып, оның тұрмыстағы мәніне қатысты халықтың сауаты мен санасын көтергісі келеді.

  1. Кей молдалардың имандылыққа жат әрекеттерін талдап көрсету

Бұл тақырыпты батылы жеткен ғана көтере алған деуге негіз бар. Ал Алаш көсемсөзінің кемеліне жеткен журналист азаматтары оны сынның тезіне алып, уытты тілмен сынай жазбасына амалы болмайды. Мәселен, «Түркістан уәлаяты» газетіне шыққан «Қожа тақырыбы» мақаласы, «Айқап» журналына шыққан «Көкшетауда көргендерім» мақаласы осының дәлелелі. [4, 9-б., 64-б., 83-б.] Мұғалім Сәрсекеев деген автор «Алаштың азаматтарына деген мақалада: «Бізден басқа орнықты елдердің көзі ашық, ғақылы толық, жомарт байлары әр жерге медресе, мектеп салдырып жатқанда, біздің қайыр-садақаларымыз ел аралаған қызылбастардың, өтірік қожалардың, өтірік сейіттердің тамақтарын асырауға жұмсалып жүрді» десе, Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде: «Бейшара, момын қазақ әулиенің атын атап, мың түрлі тіленші қожаларға жем болып тұрған жайы бар. Түркістан қожаларының зиратты түзететін ойы жоқ. Зиратқа келгендерді ерікті-еріксіз талаудан басқа кәсібі жоқ», дейді «Оқшау сөз. Хазірет Сұлтан» атты мақаласында. [4, 97-б.] «Осындай құдай сүйген шын ғалымдарды хақиы ғалым емес деп қара халықты өтірікпенен бұрмалап алдаудың түбінде обалы кімге болар екен? Оның обалы хақиқатты біліп отырып, өзінің нәпсісі үшін жасырып қойған молдекеңдерге болатындығы», делінген «Айқап» журналында жарияланған мақалада. [4, 67-б.]

  1. Жағдайы нашар отбасылар мен жетім балаларды шоқындыру мәселесі

 «Оқыту хақында Шариғат не айтады?» атты мақалада А. Жүсіпұлы: «Ең әуелі балаларға жақсы етіп өз дінін танытарға керек. Сонан соң орысша оқуға беруден қайшасқа керек» десе,  [4, 80-б.] «Қазақ түркілерінде үйлену» мақаласында:  [4, 82-б.] «Қазақ кедей болса, орысқа малай болады, орысқа малай болса, шоқынады, деп уайымдайды, һәм кедей болмас үшін жалғыз шара көшпелі мал бағу деседі». Екі  мақала да «Айқапта» 1914 жылы жарық көрген.

  1. Діни терминдерге еліктеп, тіл бұзып жатқандарға тіл жанашырларының уәжі

«Мазкөр ларни фил жұмла білсек, өзімізге һәм халқымызға да пайда тигізуге мына себепті болармыз. Болыснай ол билік не атақтан санасақ, ғадатлі. Фһимменен пәкір айтып қарағанда,  білімді, ғылымды болғанымыз бек керек», делінген «Дала уәлаятында» жарияланған  «Тұрмыс жайында болған хабарлар» мақаласында. [4, 19-б.] Байқап отырғанымыздай, сөйлемнің көп сөзін, тиісінше мағынасын түсіну тым ауыр. Осыған қатысты сол замандарда қызу талқылаулар жүріп, діни терминдермен туған тілді лайлай беруге болмайтынын Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышбай бастаған тіл жанашырлары өз мақалаларына арқау етіп ұстанады. Бұл өкінішке қарай, бүгінгі әсіредіншілдердің де проблемасы болып тұр, арабтың сөздерін сол күйі айтып, қазақша баламасын қолданудан тартыншақтауы жалаң еліктеушіліктің бір көрінісі болса керек.

  1. Қазақ қыздарының құқы

Алаш көсемсөзінде ең өткір қозғалған тақырыптардың бірі қазақ қыздарының құқы тақырыбы болды. Өйткені шариғатты жамылып, жас қыздардың құқын таптау, білім бермей, өзінен тым үлкен шалдарға тұрмысқа беру сол заманның өзекті мәселесі болып тұрған еді.  Соның мысалы ретінде «Айқап» журналында жарық көрген «Қазақтың құдалығындағы кемшіліктер» атты мақаласында Шаһмардан Әлжанұлы:  «Яки бірді-жарым 13-14- ке келгенше берілмей отырған қызы болса, сол кезде бейшараның маңдайының сорына қарай, бір байшыкештеу шалдың қатыны өліп қалса, кедей мәз-мәйрам болып қуанып, әлгі бейбақ шалға малға сатып, жаңа піскен алмасын итке жегізіп, өсіп жетіліп келе жатқан бәйшешегіне зар қойып, солдыртып суалтады, –  деп күйіне келе, – хат танытып,  кәмелетке келтіріп, балиғатқа толтырып, оң мен солын, алды мен артын байқаған  соң, өздерінің ықтияры  бойынша дұғагөй ата-аналары құда болып, сонан соң осы күнгі көр-жер, оны-мұны ғұрыптарын істеп, қызықтарын көре берсе, игіліктің ерте-кеші болмайды» деп ұсынысын білдіреді. Ал «Қазақ қыздарының аталарына» атты мақалада қазақ журналист қыздарының көшбасшыларының бірі Сақыпжамал Тілеубайқызы барша замандас құрбыларының атынан қазақ қауымына былайша үндеу тастайды: «Қымбатты аталар! Біз дағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Олар сияқты біздер де білімді, үлгілі болып,  надан болмай, тәрбиелі болсақ, сіздерге абыройлы болмас па едік? Ер баланы артық көріп тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп, тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма?» дей келе қазақ тұрмысқа ықтиярымен шығу, білім алу сынды құқығын сөзіне арқау етеді.

  1. Медресе ашу мен оның негізгі міндеттері хақындағы мақалалар

Алаш қайраткерлері заман талабына лайық, халықты сауаттандыруға көмектесетін, қарапайым халыққа қолжетімді медреселер керек деп санады. Көрші татар, ноғайда мыңдап саналған олардың қазақ жерінде аса көп емесе екеніне, бар болғанның өзінде шынайы ұстаз бен екіжүзді молдасымақтарды ажырата алмаушылық, баланы медресеге біл деп беретін көкірегі ояу ата-ананың көп болуы керек екендігін тілге тиек етеді.  «Жаман тағылымымызды тастасақ, біріміздің айтқанымыздан біріміз шықсақ, орынсыз жерге құтымызды сарп қылмасақ, халық пайдасын ойлап, ортаға мешіт медресе салдырып, балаларды ұсыл тағылым жөнімен оқыттырсақ, кітаптар, газеттер, журналдар шығарсақ, мағаріптің бірінші баспалдағын басқан болар едік» деп, «Айқапқа» шыққан «Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер. Қазақ халқына бірер сөз» атты мақаласында Ержан Құлақбайұлы өз арманын білдіреді. [4, 78-б.] Алайда, бәрі де біз ойлағандай оңай емес еді, Патшалы Ресейдің бұған қатысты өз ұстанымы болды. «Бүкіл ұлысқа бір мешіт, бір мектеп қана ашу низамын (ережесін) халық ұнатпады. Осы низам арқылы  қазақтардың көбірек жерінде астыртын мешіт медреселер салынуының әлегінен жұрт пенен хүкімет арасында жанжалдар шыққандығын түсіндірді» дейді, Қаратаев мырза өз сөзінде. [4, 56-б.] Яғни, ол алмағайып заманда медресе ашуға да тыйым салған үкім шығады. Соған қарамастан, мүмкіндік болған жерде оның санын көбейтуге үндегендер аз болмады. Мәселен, «Дала уәлаяты» газетінде жарық көрген «Қазақтың медресе ашқандары» және «Қазақтар өздерінің балаларын қалайша оқытатұғындарының баяны» атты мақалалары да осы тақырыпты арқау етіп: «Егер де медресе салсаңдар, бұл медресе сіздерге көп пайда келтірер. Медреселер адамға білім берер. Қалайша жақсы тұрмақ жайынан, дүние турасынан һәм шаруа турасынан» деп ойын қорытады. [4, 31-б.] Осылайша олар қазақ баласын әрі сауатты, әрі білімді етіп, әрі өзге дінге кіріп кетуден сақтағысы келген еді.

  1. Қазақ жеріндегі дін тарихына байланысты танымдық мақалалар

Дін тарихына, дәстүрлі дінге байланысты танымдық мақалалар да қазақ руханияты үшін керек еді. Алаш көсемсөз шеберлері бұл кеңістікті де бос қалдырмады. Мәселен, Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде «Оқшау сөз. Хазірет Сұлтан» атты мақаласын жариялап, Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің тарихына тоқталса, Мұхаметжан Тынышбайұлы қазақтың тарихынан, соның ішінде ғасырлар бойы ұстанған  діни де танымынан да хабар берер очерктер циклін жариялаған. Ал «Оқыту хақында Шариғат не айтады?» мақалада А.Жүсіпұлы дінді түсіндіре отырып, «Дүние, ақирет істеріміз ғылым, білімге барып тірелгендігін білімді болуға, надан қалмасқа бұйырған», деп ғылым-білімге шақырады. [4, 79-б.]

  1. Ұлттық діни еркіндік мәселесі

Жоғары аталған дінге, ділге қатысты тақырыптардың барлығы түптеп келгенде  қазақтың діни еркіндігі мәселесінен туындап жатқаны анық. Сенім еркіндігі болмайынша, құлдық сананың бекуіне себеп көбейе беретінін Алаш зиялылары тереңнен түсінді. Діни еркіндікті шектеу, ата-баба дінінен аластату күн тәртібіндегі өзекті проблемалардың біріне айналды. «Қазақтар хүкіметке неғұрлым тура, неғұрлым  достана болса да, хүкімет оларға соғұрлым нашар істер қылады... 1905 жылға дейін қазақ балаларын орта, һәм жоғары мектептерге кіруге қызықтыратын еді. Осы жолмен олардың ұлттық тұрмыстарын сөндіруге,  һәм ептеп ептеп өзге дінге салу жағын қарастырды. Енді қазіргі кезде одан да нашарлады, бір жағынан, оларға өз діндерімен тұруға ерік бермеді, екінші жағынан олардың хүкімет мектептерінде  ғылым-білім, өнер алуларына жол ашық емес...» делінеді «Айқапта» жарияланған «Кеңес жиылысы» атты мақалада. Ал Досан Аманшин болса: «...Россияның ішінде жиырма миллион мұсылманға сезіктену басталды» деп күйініп, діни еркіндіктің шектеліп жатқанына қынжылыс білдіріп, бұл ойын былайша негіздейді: «Степное положениенің 136-статьясында қазақ жүрген жерде бөтен  патшаның адамы, һәм христиан дінінде болмаған адам жер сатып алмасын деген» деп, өз елі мен өз жерінде діни алалаушылықтың ең сорақы түрін көріп отырған қазақтың жайын баяндай келіп, келесі қауіпті баяндайды: «18 июньде төртінші Думада закон болып шықты. Самарқанд облысында қазына су шығарып, арық тартқан, бұрын  шөл, енді егін егіп,  мақта салатын  жақсы жер христиан дініндегі адамға ғана берілсін деп». [4, 63-б.]  Көріп отырғанымыздай, қазақты дінінен айыру үшін тіршілігіне қажет қарапайым дүниелердің өзіне шектеу қойып тастаған кездер болған.

  1. Діни фанатизм мен формализмге бой ұруды сынау

«Шынында да бұрынғылар дінді сыртқы формаға қарап өлшегендіктен, орысша оқығандарға салқын қарайтын еді». Бұл «Айқап» журналына шыққан  «Үлкен кісілерімізде кішкене мінез» атты мақаладан үзінді. Қазіргі формалистер сияқты, сырт киімге қарап, оның имандылық дәрежесін өлшеп-пішетіндер ол заманда да табылған екен. [4, 85-б.]  «Қазақ қарындастарыма» атты мақалада Файсәлірахман Жиһандаров шариғатпен харам деп отырмай, газет-журнал оқып,  қоғам өміріне араласуға шақырады: «Бұл заманда халықтың ғылым, өнер дәрежесі, һәм кітаптардың көптігі-аздығымен байқалады. Бағызы бір молдалар газет-журнал шариғатта жоқ, оны оқуға болмайды деп атайды.  Бұлар бұрын газет көрмегендіктен, оны не екенін біле алмай қапаланып айтады. Болмаса газет шариғат қосуы бойынша  пайдалы саналады» деп жастардың санасына саңылау түсіргісі келеді. [4, 76-б.] Байқасақ, бүгінгі кейбір әсіредіншілдер де теледидар көруді харам деп, тіпті далаға лақтырып  тастап жүргендерге де, бүгінгінің адасқан «молдалары» оны харам, шариғатта жоқ деп ұғындырғанынан екені айдан анық дүние.

Байқап қарасақ, бір ғана дін тақырыбына қатысты ондаған мәселелер қазақ жұртшылығын алаңдатқан екен. Ал енді Алаш көсемсөз шеберлері осы  діни мәселелерді қалай шешпек болды деген сұрақтың жауабына келсек. Мерзімді баспасөзде жарық көрген мақалаларға жүгінсек, Алашорда үкіметі мен ұлт лидерлері бұл мәселеде қол қусырып, қарап қалмаған, түйіткілдерді бірнеше жол арқылы шешпекші болған. Мәселені шешу барысы зайырлылық пен демократиялық принциптерге арқа сүйеп, ұлттың ауызбірлігіне үміттене отырып, бірнеше тарапта қатар жүрген.

Публицистика күшімен мынадай дүниелерге шешім ізделді:

  • Отаршы елдің империялық саясатының бір тармағы болған шоқындыру саясатының құйтұрқы жолдары мен оның алдын алу шараларынан хабардар ету;
  • Қу, өз құлқынын ойлап, дінді бұрмалап жеткізушілерді баспасөз арқылы әшкерелеу;
  • Діни-ағартушылық мақалаларын жариялау;
  • Заман талабына келмейтін ескі әдеттерден арылуға үндеу.

Бұл публицистикалық дүниенің барлығы дерлік өткір тіл, нақты дерек, шын жанашырлықпен жазылған мақалалар еді. Дін проблемасын әлеуметтік, экономикалық мәселеге тікелей жол ашқан жер мәселесінен, отарлау саясатынан бөле-жара талдау және түсіну мүмкін емес. Мысалы, «Қазақ түркілерінде үйлену» мақаласында бұрынғы замандағыдай қалың мал төлейтін жер кең, су мол болмағандықтан, жағдайы нашар жігіттер қырық-елуге дейін жалданып жұмыс жасап, қалыңды төлеуге мәжбүр екенін айта келіп, оның жаман салдарына былай тоқаталады: «Жетісу облысында, Алматы төңірегінде Есік есімді станцияда  бір жыл ішінде он бес, он алты жан дін тастады. (Осылайша) Хақолда  жалшы болып жүріп, қатын ала алмаған жігіттер енді бір амал тапты. Біреудің қатынан азғырып,  ертіп алады да, келіп шоқынады», деп Сабыржан Алқормашы атты автор күйініп қалам тербейді. [4, 82-б.]   

Ал заманға ілескісі келмеген кертартпа ескі әдеттер, дәуірі өткен діни сенімдер хақында да ащы шындықтар баспасөз бетін көрген. Мәселен, сарттың басын айналдырған қу молдалар мен қазақтың басын айналдырған бақсылар туралы «Түркістан уәлаяты» газетінде Жазушы Байсалбай атты журналист былай деп жазған: «Сарттың қатыны молдаға жүгірсе, біздің қазақтың қатыны бақсы көрсе, жейтін асын тастап жүгіреді... Өзі келерде анадай жерден қолына  ұзын таяғын ұстап,  боз атқа мініп, басына ақ сәлде салып, айғайлап, жұрттың құтын алып, ауылды үш жола айналып, шауып жүріп жүріп, онан соң ауылға келіп түседі. Әне, онан соң біздің қазақтың жас келіншегі үйді шыр көбелек айналып отырып алып, тапқан, жасырғанын бақсының алдына әкеліп салып, бақсыны сөйлете бастайды. Бақсы аузына келгенін оттап-оттап, ауылда бір-екі күн тоқтап, олжасын көбейтіп алады». [4, 13-б.]  Тура осы мәселеге «Дала уәлаятында» жарияланған «Бақсылар, дуаналар» мақаласын жатқызуға болады. Онда бақсылардың қоғамдағы сұранысының себептеріне тоқталып, кейбірі тұқым қуалағандықтан бақсылықпен айналысса, кей адамдардың жағдайы нашар болған соң, күн көру үшін бақсы болатынын айтып қана қоймай, қоғамның ой-санасының біртіндеп өсіп жатқанын мына сөзбен дәлелдейді: «Осы уақытта бақсылар азайып бара жатыр. Қазақтар бұларға көп иланбайды. Бұрын бақсы деген атақты жақсы көрер еді, қазірде мұндай атақты ұят көреді. Мысалы, жеңіл мінезді көп сөйлейтұғын тантық адамды әдіпсіздігін көрсетпек үшін «бақсы» деп атайды». [4, 22-б., 24-б.] Яғни көсемсөз шеберлері дуана мен бақсыны сынап қана қоймайды, олардың қоғамдағы рөлінің бірте-бірте қадірсізденіп, пір тұтатын емес, қайта ұялатын образға айналып бара жатқанына назар аудартып, сондықтан да олардан аулақ болуға үндейді. Бірте-бірте ондай дүмшелердің құйтұрқы әрекеттеріннің ара-жігін қалың бұқара ажырата бастайды. «Жас азамат» газетінің 1918 жылдың үшінші санында: «Қаратаудың қожасына сиыну аңқау қазақтың табиғаты болушы еді. Бірақ, земство ондай сиынуды көтермейді. Аңқау елге арамза молда болудың заманы өткен» деуі сондықтан. [7]

Ал саяси белсенділік күшімен дінге қатысты мәселелерді  Алаш қайраткерлері келесідей жолдармен шешпекші болды деп жүйелей аламыз:

  • Қазақтың төл мүфтиятын құру (Нәтижесінде Алаш белсендісі Ғұмар Қараш алғашқы қазақ мүфтиі болады);
  • Діни құқық туралы кеңестер өткізу;
  • Мұсылмандар мүддесін қорғар саяси ұйымдар құру;
  • Елдің даму бағытына сай діннің идеологиялық рөлін анықтау.

Осылайша  ұлттың діни тұтастығы елдің жарқын болашағының кепілі екенін терең түсініп, осыған қатысты мәлелерді шешуде аянбай тер төгіп, ұлтшылдарымыз өздерінің қайтпас қайсарлығы мен табандылығын көрсетті. Діни құқық туралы кеңестердің нәтижелері де баспасөзде жарияланып тұрды. Мәселен, «Айқапқа» шыққан «Қазақтардың діні, құқық һәм жер хақындағы өзара кеңестерінің қорытындысы» туралы мақала осыған дәлел.

Мұстафа Шоқай Түркістан мұсылмандары (яғни орыс емес халықтары) құрылтайын өткізуді қолға алған екі саяси ұйымның бірі “Шора-и-исламияны” (“Мұсылмандық кеңесі”) басқарды. (“Улема жамияты” – “Ғұламалар одағының” жетекшісі Серәлі Лапин еді). Құрылтай сайлаған Түркістан мұсылмандарының кеңесі “Милли мәркәзи” (“Ұлттық орталық”) құрамына кірді, оның төрағалығына сайланды. Төртінші Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясында ұйымдастыру бюросының хатшысы болып істеді. [8]

Соңғы мәселе, яғни елдің даму бағытына сай діннің идеологиялық рөлін анықтау жайы оңай шаруа болмады. Өйткені, ол кездегі діни сенімнің ала-құлалығы осылай деуге негіз болады. Оқыған бір зиялының шариғатты қоғам өмірінен біте қайнатып көргісі келсе, екінші бір топ еуропалық даму жолына түсу үшін қазақ қоғамы зайырлылық пен өркениеттілік құндылықтарына жақындап, кертартпа, ақыл-ой тұсаушысы болған кейбір діни догмалардан барынша аулақ даму керек екенін түсінді. Сұлтанмахмұт Торайғырұлы «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласында Әлиханның: «Түркістанмен бірге автономия алу – қойны-қонышыңа тас толтырып, Ертіске сүңгумен бір есеп. Ташкент городской упра­ва­сында  сарттың гласныйлары, «обаға қарсы ем қылу Құдайдың құдіретіне қар­сылық күнә болады, ем керегі жоқ» деп жасаған қаулылары автономия арбасына есек пен түйе жегіліп, оңбайтындықты көр­се­теді» деп баяндама жасағанын жазады. [5] Алайда, бұны қате түсініп, шариғаттан алыстаған қоғам құруға хақымыз жоқ деп ұрандатушылар да табылған. Мәселен, «Айқапта» жарияланған «Қазақтардың діні, құқық һәм жер хақындағы өзара кеңестерінің қорытындысы  атты мақалада «Бұл турадағы Әлихан Бөкейхановтың қазақ үшін қазақтың әдет-ғұрпын сақтау керек» деген пікірін кеңес мәжілісі теріс деп тапты. Оның соттардан әлдеқашан  жоғалған әдетті қорғаштауы ақырында барып қазақтарды басқа мұсылмандардан ажыратып, діндерінен айырып, орыстандыру политикасына мунафық болып шығады», дейді. [4, 68-б., 69-б.] Яғни ол топ шариғат жолынан іргені алыстау салуды Патшалы Ресейдің шоқындыру саясатына құлаш ұрумен тең деп түсінгенін көре аламыз. Әлихан Бөкейханның бұл ұстанымына Еуропаның даму жолын жан-жақты зерттеуі, оның ішінде 1871 жылы Париж коммунасы декретінің бірінші тармағында шіркеу мен мемлекетті бөліп тастауы қосымша туралы дерек себеп болды деп ойлаймыз.

Зайырлылық жолына түстік деп жүргенде, әлемдегі діни жағдайдың күрделенуімен, діни фанатизм мәселесі  бүгінгі таңда қайта күн тәртібіне шығып тұр. «Қазақ қоғамындағы ислам факторы туралы сөз қозғағанда, біздің елде ол  бұрын ешқашан экстремизм мен фанатизм сипатын алмағанын ескеру керекпіз» дейді дінтанушы профессор А.М.Дайырова өзінің «Қазақстанның саяси үрдісіндегі исламдық фактор» атты кітабында. [9, 114-б.] Алаштанушы ғалым Қайрат Сақтың пікірінше: «Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар». Осы терең де, нәзік байланысты пайдаланып, өзінің жымысқы әрекеттерімен ел ішінде бүлік шығарып, қарапайым халықтың берекесін қашырып жүргендер өкінішке қарай, жыл өткен сайын көбейіп келеді. Олар өзге елдің идеологиясына қызмет етіп жатқанын түсінгісі келмейді.

Әлемдегі кез келген елдің дінге қатысты мемлекеттік саясатында оның тарихи-мәдени-рухани дамуының ерекшеліктері, қоғам мен діннің ішкі құрылымдық өзгешеліктері міндетті түрде ескеріледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек». Осылайша ол ішіне іріткі салудың бір жолы, «сырттан ықпал етудің бір тәсілі: ол жат діни ілімдерді бізге тарату» екендігін ескертті. Дінтану институтының профессоры Бақытжан Сатершиновтің пікірінше, ұлттық дәстүр мен мәдениетті, мемлекеттің зайырлы қағидаттарын теріске шығаратын, өнер мен әдебиетті мойындамайтын, ғылым мен философияны тұтастай «адасушылық» деп есептейтін, таным барысында ақылдың рөлін мейлінше төмендетіп, тек буквализм мен догматизмге сүйенетін, тақуалығын тәкаппарлықпен дәріптеп, басқа пікір мен өмір тәртібін ұстанатындарды күпірлік деп санап, жүрегіндегі ізгілікті қатыгездікке айырбастап үлгерген әсіредіншілдер арамызда жүр. [10] «Әсіре қызыл тез оңар» деген қазақ мақалына сай, олардың жасанды, адамзат санасы мен ұлт дамуына қайшы қасаң қағидаларының алды ор екені белгілі, бірақ сол «орға» өздерімен бірге қаншама көзі ашық, көкірегі ояу, бірақ тәжірибесі аз жастарымызды ала кететіні беймәлім болып тұр. Сондықтан, Алаштықтар алаңдаған, бүгінгі қазақ қоғамы уайым жеген бұл өзекті мәселенің тек қана зайырлы біліммен  шеше алатынымыз анық. Қоғам алға дамуы үшін ескі қателікті қайталауына жол жоқ болса керек. Алаш арыстарының да өсиеті де сол болатын.


Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің PhD докторанты


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. https://en.oxforddictionaries.com/definition/religion
  2. http://akikat.kazgazeta.kz/?p=6555 Ғалимұрат Жүкел. Дін. Дінтану. Дінтанушы.
  3. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88_%D0%BF%D0%B0%D1%80%D1%82%D0%B8%D1%8F%D1%81%D1%8B%D0%BD%D1%8B%D2%A3_%D0%B1%D0%B0%D2%93%D0%B4%D0%B0%D1%80%D0%BB%D0%B0%D0%BC%D0%B0%D1%81%D1%8B
  4. Алаш көсемсөзі: Дін мәселесі. Көптомдық. 3-том. Ғылыми жоба жетекшісі: Сақ Қ.Ө., Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014 ж.
  5. https://baq.kz/kk/news/sayasat/alti-alashtin-ardagi-neden-zhaza-basti-2421
  6. (http://ikaz.info/zamanaui-dini-ahual/)
  7. http://abai.kz/post/17671
  8. http://netref.ru/tarih-tafilimi.html Тарих тағлымы
  9. А.М.Дайырова, Исламский фактор в полтических процессах Казахстана», Москва, Научная книга, 2005 ж.
Пікірлер