Жуырда бір балалардың әлеуметтік үйінде (жартылай жетім немесе әке-шешісінің әлеуметтік жағдайы төмен, ішімдікке салынған отбасы балалары тұрады) болудың сәті түсті (Алматы). Жас әншілермен бірге ұлттық музыканы насихаттамақ ойымыз әдірем қалды (оларды шақырып, уақыттарын алғаным үшін кешірім сұраймын). Өйткені, сарт-сұрт әндердің әдеттегіше мысы басып кетті.
Бір мезгілде сол жерге барған әлдебір ауқатты компания мен алматылық университеттің студенттері жеңіл-желпі дүниелермен балақайларды "қуантып-ақ" тастады. Сатұр-сұтырға бір еліткен соң ұлттық өнердің қадірі қашарын ұққан біздің өнерпаздар кейін қарай шегіне берді. Кішіпейілдік танытамыз деп тізгінді қолдан беріп алғанымызды кеш ұқтым... Енді тек қоштасып кері қайту ғана қалды.
***
Айтпақшы, арасында балалар ән салып, тақпақ айтып өнерлерін көрсетті. Өте әсерлі. Сосын діни әндер де айтты. Әңгіме дін дегеннен шығады... Тәрбиешілермен, аспазшылармен әңгімелестік. Олар балаларды дін арқылы тәрбиелейтіндіктерін алға тартты. Ондағы әйел біткеннің барлығы да һиджап киіп, орамалмен тұмшаланған. Мемлекеттік мекеме саналатын мұндай орындарда діни насихат жасалуы қаншалықты заңды? Жалпы баланы дінмен тәрбиелеу қаншалықты дұрыс? Оның өмірлік қағидалары, таным-түсінігі қалыптаспай жатып дінмен "басын қатыру" ертеңгі шынайы білімнен, зайырлы қоғаммен "араз" дүмше молдаларды тудырмай ма? Ата бабамыз баланы ежелден ұлттық құндылықтармен тәрбиелеген болатын. Бесік жырынан бастап, батырлар жырына дейінгі аралықта қаншама қазыналы халық мұралары бар екенін балалар үйіндегілер біле бермейтін тәрізді.
Ұл балаларға арнап арнайы демеушілер қос қабатты жатақхана салып беріпті. Іші салтанатты сарайдай (қыздар неге тыс қалды екен?). Бұл батпан құйрықтың артында кімдер тұр деген сауал санамызда сайрап шыға келді. Бәлкім, біз қателесіп те тұрған шығармыз. Бірақ, ішкі түйсік әлдененің дұрыс бағытта емес екенін сездірді. Бір кездері діни ағымдар абақты-түрмелерге кіріп, қылмыскерлерді өз идеяларына бағындырып еді. Оның ақыры Ақтаудағы түрме ішіндегі атыс-шабыспен бітті. Содан кейін ғана түрме ішінде жаппай салынған мешіттер жабылды. Университет пен колледж жатақханаларына теріс ағымдар құрбан айт, ораза мерекелерінде дастархан жасап, ауылдан ауыздарын ашып келген ашқұрсақ жастардың санасын улап жүргені бұрыннан белгілі жайт. Діни ағым жетекшілерімен үлкен аудиторияларда кездесулер ұйымдастыратын жағдайларын да естіп-біліп жүрміз. Жастарға ағымдар туралы түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Әсіресе, спорт саласында жүрген жастар діни секталардың құрығына тез түсіп жатқандығын аңғару қиын емес. Қылмыскерлер мен спортшылардың «жұмақпен», «қор қызымен» бастарын айналдырып, «робат-машина», қанішер әскер ретінде қолдануды көздейтін тәрізді. Сонымен қатар, елімізде жекеменшік діни балабақшалар баршылық екені көпшілікке аян... Ал енді ағымдар балалар үйі мен жетімханаларға ауыз салған сияқты. Неге десеңіз, ата-ана мейірімін сезінбеген жетім балалар "шаш ал десе, бас алатын" нағыз қажетті құрал емес пе? Оның үстіне, өмірге өкпелі балалар жан әлеміне қажетті жылылықты ағымдардан алып отырған соң олар үшін "от кешіп", "жанпидаға" бару сөз болып па? Қара басымыздың қамын емес, ертеңгі балаларымыздың болашағын ойласақ, жетімдер мен балалар үйлерін діни ағымдардан сақтауымыз керек. Оған тиісті мемлекеттік органдар жұмылуы керек деп есептеймін. Барлық жетімдер мен балалар үйі діни тұрғыдан қадағалануы қажет. Бұл бір жағынан балаларды зиянды ақпараттардан қорғау болып табылады.
Кеңес үкіметі тұсында біздің ұлттық құндылықтарымыз тағдыр тәлкегіне ұшырады. Ата-баба дәстүрін ұстаған қазыналы қарттар көзден бұлбұл ұша бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары діни ағымдар елдің рухани сусап отырғандығын пайдаланып, осынау рухани сұранысты дінмен толтыруға тырысты. Секталар өз идеяларын түрлі қылмыстар, ішімдік, нашақорлыққа қарсы күрес ретінде насихаттады. Соның салдарынан бір оттан қашқан жастар екінші бір отқа түсіп, өздерінің төл тарихи санасы мен дүниетанымынан айрылып қалып жатты. Ұлтты жою үшін әуелі оның ұлттық ерекшеліктерін құрту керек екенін білетін ағымдар мыңжылдықтар бойы сүзгіден өткен халық мұрасына ауыз салды. Салт-дәстүрлеріміз біздің жеріміздің ерекше табиғатына, ұлтымыздың табиғи болмысына сай сұрыпталып, рухани ілім-білім ретінде әбден орныққан. Осынау терең ілім-білімнің философиялық сырын осы күнге дейін ашып көрсете алмай, өзіміз тани алмай келеміз. Бар байлығымызды бағаламай ағымдардың догмаларына алданып, өз тамырымызға өзіміз балта шауып жатқандығымызды түсіне бермейміз.
Бір кездері "Ұлттық мәдениет" пәнін білім бағдарламаларына енгізу мәселесін көтерген едік. Жаһандану, түрлі идеологиялық қақтығыстар уақытында қазақты ұлт ретінде сақтайтын, тек исламдық қана емес, түрлі-түрлі жаһандық діни ағымдарға қарсы қорғаныш болатын салт-дәстүрлеріміз екенін ұмытпасақ екен.
Арман ӘУБӘКІР